Академия Президенті ұстаздар қауымына алғысын білдірді
Қазақстанда 1 – наурыз алғыс айту күні. Мейірімділік және ізгілікті дәріптейтін мерекенің қазақ елі үшін үлкен мәні бар.
Сонау замандардан бері қонағын тәңіріндей сыйлап, айналасындағы ұлыстар мен ұлттарға бейбіт сүруіне ықпал ете білді. Қонақжайлылық, кеңпейілділік, бауырмалдылық аксиомасы – талайлы тарихымызда қазақты дара ететін де, дана ететін де ұлы қасиеттер. Жүз жиырмадан аса ұлт өкілдері бейне бір алып бәйтеректің саясына мың түрлі құстар саялағандай, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Елдік пен тұтастықты сақтаған алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі болды деп айтуға толық негіз бар.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев еліміздің барша ұстаздар қауымын Алғыс айту күнімен құттықтады. «Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ордасына 100 жылдығы, ұлт ұстазы Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жылдығы мерейтойлары аясында Академия қайта жаңғырып, қайта жаңғыру үстінде. Алғыс айту күнінде ел болашағын ойлайтын болсақ, ең алдымен мұғалімді білімді және рухани бай тұлға етіп мәртебесін көтеруіміз керек. Қазақ білімінің киелі шаңырағы Ы. Алтынсарин атындағы Академияның да асыл мұраты − ұлт болмысына біткен осынау дара қасиеттерімізді педагогикамен ұштастырып, ұрпақ бойына сіңіру. Сол тарихымыздың табын сақтап, сынамалы сан қилы жолдан абыроймен өтіп, озық білім мен тәрбиеге қызмет етіп келе жатқан барша ұстаздар қауымына, Отандық білімнің көкжиегін кеңейтем деп жүрген барша азаматтарға өз алғысымды білдіремін!», – деді өзінің құттықтауында.
