Қарапайым тілмен айтсақ, агломерация - инвестициялық күштерді топтастыру ғана. Түсініктірек болуы үшін ақиқаттан бір-екі мысал келтірейік. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс тұсында оған қатысушы екі мемлекеттің әскерін басқарған бас штаб әуелі стратегиялық маңызды тұстарды белгілеп алып, сонан соң бар күшті сонда жұмылдырып, қарсыласына соққы беретін болған. Майданның қалған шебі сол стратегиялық маңызды деген тұсқа көмекші қызмет атқарған. Егер бұл мысалымызда агломерацияның ақиқатын қарапайым халықтың көз алдына елестете алмаса, онда бүгінгі өмірден тағы бір мысалды алға тартайық. Қазіргі Қазақстанның түпкір-түкпірінде жүйткіп жүрген «Мерседес» автокөлігін шығару үшін 50 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік қызмет етеді екен. Ал бар «абырой» ең соңғы буында, яғни «Мерседес» автокөлігін құрастырып тұтынушысына жөнелтетін зауытта. Біздің баршамыз тек «Мерседес» автокөлігін құрастыратын зауыттарды ғана білеміз, қалғандары жайлы мүлде хабарсызбыз. Мінеки, ақиқат осы.
АҚШ - агломерация ұғымы туындаған отан. Мұндағы өндіріс негізінен санаулы қалалардың туындыларын шығарады. Ал қалғандары сол қалаларға «қызмет етушілер». Айталық, Нью-Йорк нағыз агломерацияның өзі. Бұл тек АҚШ мемлекетін ғана емес, тұтастай дүниежүзін қаржымен қамтамасыз етуші орталық. Әлемнің бүкіл қызметі Нью-Йорк «жүрегінің соғуына» бағышталған. Егер Нью-Йорк «жүрегінің соғуы» әлсіресе, онда бүкіләлемдік дағдарыс орын алды дей беріңіз. 2007 жылы солай болған.
Мінеки, агломерацияның қандай маңызға ие екенін қарапайым оқырманға осылайша түсіндіруге болады. Ал экономика ғылымынан сауатты тұлғалар үшін бұл термин мүлде жаңалық емес. Ондай сауатты тұлғалар Үкімет нақтылаған отандық бес агломерацияның енді қалай дамитынын және олардың дамуы тұтастай елге қалай әсер ететінін өз беттерінше сараптап жатыр. Сондықтан да біз бұл мақаламызды отандық бес агломерацияның бүгіні мен болашағына сараптама жасау үшін жазып отырғанымызды оқырман қауым түсінер деп ойлаймыз.
1. «Үлкен бестік» жайлы
Астана. Егеменді еліміздің жүрегі ғана емес қарқынды дамуымен отандастар түгілі шетелдіктердің өзін таңғалдырып, тамсантып келе жатқан қала. Қала тұрғындарының саны егемендік жылдарында үш еседей өсті. Мұндай өсімді қаланың бас жоспарын жасаушылар да «ескермедік» дегенді айтып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатыр. Егер ақиқатқа тура қарар болсақ, Астана даму үшін басты қажеттіліктердің дәл ортасына орналасқандықтан оның болашағы айрықша зор. Біріншіден, Астана энергетикалық өндіріс көзіне жақын орналасқан қала. Екіншіден, ол «тоғыз жолдың торабындағы» кешен. Үшіншіден, өндіріс құруға қажетті шикізаттар бұл қалаға мейлінше жақын жерде. Төртіншіден, болашақ дамуымыздың қайнар көзі Назарбаев университеті болатындықтан да бұл жерде өндіріс құру жеңілірек. Ақыр аяғында азық-түлік өндірісі деп аталатын тіршілік үшін басты қажеттіліктің қақ ортасы саналатын өңірдегі қала. Осынау артықшылықтар Астананы «жүйе түзуші» қалаға айналдыру қажет деген ұстанымның дұрыстығын айғақтап тұр.
Алматы. Отандық қаржы жүйесі шоғырланған қала. Сондай-ақ Алматының бүгінге дейінгі өндірістік қуаты тұтастай Қырғыз Республикасымен тең келетіні де жұртшылықты қызықтыра түсетін күш. Күні бүгінге дейін Алматы ел бюджетінің басты доноры болып тұр. Осыларға қоса бұл қалада күні бүгінге дейінгі Қазақстан ғылымы деп аталатын өмірлік маңызды буынның басты-басты кешендері орналасқан. Турасын айтсақ, Алматы қазіргі қазақ ғылымының туған және тұрақтаған жері. Олардың бәріне қоса Алматының жанға жайлы ауа-райы әркімді-ақ қызықтырады. Әсем Алатау да келушілердің аңсарын аудырып тұратын бір ғажайып. Сондықтан оны жүйе түзуші агломерация деңгейінде дамыту жөніндегі Үкімет шешімі орынды деуге болады.
Шымкент. Халқының саны жағынан елдегі «алып үштіктің» бірі. Шымкент елдегі халық ең тығыз орналасқан облыс орталығы. Сондықтан мұнда даму үшін қажеттіліктің бәрі бар деуге болады. Халықтың демографиялық өсімі де оны агломерация деп аталатын маңызды кешеннің құрамдасы болуына бастағандай. Бұл аймақ ауызсуға ең бай өлке. Сондықтан су пайдалану жүйесін уақыт талабына сай басқара алсақ, аймақты Қазақстанды көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз етуші басты өңір жасауға болады. Күн энергиясы ұзақ және мол болатын өңірде баламалы энергия көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, арзан да құнарлы азық-түлік және бұлардың салалас буыны саналатын жеңіл өнеркәсіпті дамытудың ең қолайлы жері осы өңір.
Ақтөбе. Мұнай-газ қоры жеткілікті аймақ қана емес, сонымен бірге жер қойнауы басқа да табиғи байлықтарға толы бұл облыстың орталығы тоғыз жолдың торабында орналасуымен де агломерация болуға сұранып тұр. Ең алып базарымыз Ресейге шығатын қақпалардың бірі де осы. Ақтөбе арқылы оңтүстік және орталық аймақтағылар Каспий теңізіне шыға алады. Демек бұл қаланың жүйе түзуші кешендер-дің бірі ретінде дамытылуы таби-ғи заңдылық. Ақтөбенің болашағы әрі-беріден соң Астанамызбен бірдей десек қателеспеспіз. Әрине, Астананың аты - Астана. Осы артықшылық қана бас қаламыздың айрықша жедел қарқынмен дамуына жол ашып тұр. Қалған табиғи мүмкіндіктер жағынан алғанда Ақтөбенің дамуы айрықша үмітті.
Ақтау. Жас та болса қарқынды дамуымен көзге түскен бұл қала тіпті таяу болашақтың өзінде Қазақстанның «інжу-маржаны» болып шығары сөзсіз. Бір жағынан бұл Қазақстанның Таяу Шығысқа жол ашатын дарбазасы. Теңіздің демалыс орны болуға лайықты жерлері мол болғандықтан да бұл қала төңірегінде демалыс орындары көптеп салынып, оның туристер аңсарын аударары ақиқат мекен болары сөзсіз. Біз күні бүгінге дейін Ақтауды теңіз айлағы ретінде ғана біліп келдік. Енді қала агломерация құрамында дамытылса, бұл әлемдегі ең алып айлақтардың бірі болары сөзсіз. Өйткені, біріншіден, таяу болашақта өндіріс көлемі екі есе ұлғаятын қара алтынымыздың шамамен 10-15 пайызын осы айлақ арқылы Азия базарына шығару жоспарланған. Сондай-ақ Азия және Таяу Шығыс базарына астық шығаруда да айлаққа үлкен үміт жүктелген. Айтқандай, шетелдерден әкелініп жатқан цитрустар теңіз жолы-мен тасымалданса ол әлдеқайда арзанырақ болар еді. Демек қаланың айлақтық қуаты таяу болашақта еселенген мөлшерде өседі дей аламыз. Қысқасы, елдің дамуында ерекше маңызға ие бұл қаланың келешегі айрықша зор, сондықтан оған агломерациялық «мазмұн» беру өте орынды болды дей аламыз.
2. Қалған аймақтардың дамуы
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, агломерациялар «май шелпекке» кенеліп, қалған аймақтар «жетім баланың» жағдайында қалмайды. Иә, негізгі құрылыстар мен өндірістік инфрақұрылым-дық басты кешендер біз санап шыққан бес қалада орналасады. Дегенмен, бұл қалған аймақтардың «еншісі» солардың олжасына айналады деген сөз емес. Өйткені агломерациялар қалған аймақтарға негізгі «тапсырыс беруші» жақ ретінде дамитындықтан бұлар бүкіл Қазақстан экономикасын өрге сүйреуші «колхоздың қара өгізі» қызметін атқарады. Кәдімгі біз жоғарыда айтып кеткен «Мерседес» автокөлігін құрастырушы кешендер ретінде дамитын агломерациялар әлгі брэндтің қажетті бөлшектерін шығарушыларға тапсырыс береді емес пе? Дәл сол сияқты даму басталады. Негізгі инвестициялық қуат бес қалаға топтастырылса да қалған аймақтарға бөлінетін «сыбаға» азаймайды. Сөйтіп, нағыз қазақстандық брэндтер пайда болатын кезеңге жақындай түсеміз. Бұл индустрия мен инновацияның дамуына қозғаушы күштей әсер етері сөз-сіз шешім.
3. Ескеретін тұстар
Иә, агломерациялық тәртіппен дамуымызды басқару дұрыс шешім. Бірақ осы тұста билік басындағылардың міндетті түрде назардан шығармайтын жерлері де баршылық. Енді соларға тоқталайық.
Әлқисса Астананың «агломерация» қоржынынан көп үлесті иемденері сөзсіз. Десек те біз Ақтауға бөлінетін көңіл мен қаражат одан кем болмауы қажет дер едік. Өйткені нарық жағдайында ең бірінші өндіріс емес өндірілген өнімді сіңіріп кететін базар бірінші кезекке шығады. Яғни өндіріс көлемі молайтудан болашақ өнімімізді тұтынатын базарға баратын жолды дұрыстап алуымыз керек. Ал сол жолдың қызметін атқаратын қала Ақтау. Ақтау айлағын қарқынды дамыту басты қажеттілік. Сондай-ақ бұл аймақта туристік кешенді тұрғызу мәселесін жеделдету де пайдалы іс. Осыны естен шығармаса екен.
Екіншіден, агломерациялар энергиямен қамтылу және шикізат қорына жақын орналасуына сай келетін өндірістік кешен болса ең дұрысы сол. Айталық, Астана ауыр индустрияға сұранып тұрған қала. Ал Ақтөбе мұнай-газ химиясы деп аталатын кешен құруға лайық жер. Шымкент тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласы мамандандырылса дұрыс болар еді.
Үшінші ескеретін тұс - қауіпсіздік. Алатау жер бетіндегі ең жас тау. Сондықтан бұл тау төңірегінде бұған дейін болмаған талай табиғи кеселдер алда ақиқатқа айналары заңдылық. Тіпті, таяу болашақта ештеңе орын алмайтынын нақты айта алмай жүрген синоптиктеріміз бұл өңірде енді жүз немесе екі жүз жылдан кейін не боларын шамалай да алмайды. Ал олар жас таулардан талай «мінезді» күтуге болатынын теріске шығармайды. Демек агломерацияға енген Алматы және Шымкент қалаларына көп шоғырлануды жоспарлау дұрыс па деп бүгін ойласпасақ, 100 немесе 200 жылдан кейінгі ұрпақ өмірін қатерге байлаған болып шығамыз. Қысқасы, табиғат «мінезімен» санасу керек.
Иә, дамуымыздың жаңа жолы салынғандай. Одан үрейленудің қажеті жоқ. Ең бастысы, агломерацияларды дамытуда біз ескерткен және айта алмай қалған тұстар лауазымды тұлғалардың назарында болса екен демекпіз.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ