Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Аэроұтқыр әскерлерінің офицерлері көрсетілімдік роталық-тактикалық оқу-жаттығуларына қатысты

«Шошқалы» оқу орталығының базасында көрсетілімдік роталық-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Жиынның мақсаты кіші буындағы офицерлердің қызметін жандандыру, олардың дербес жауынгерлік бірлік ретіндегі бөлімшелердегі рөлін арттыру болып табылады.

Жиынға Аэроұтқыр әскерлеріне қарасты құрамалар мен бөлімдерден жетпістен астам офицерлер мен сержанттар қатысты. Көрсетілімдік роталық-тактикалық оқу-жаттығуларына «Қазбриг» бітімгерлік бөлімінің қолбасшылығы жетекшілік жасады.

Полигонда 12 оқу нүктесі жасақталып, әскери және техникалық мүлік  үлгілері қойылды. Бұл оқып үйренушілер үшін көрнекі құрал ретінде қызмет етсе, жетекшілерге оқу тақырыбын тиімді үлгіде түсіндіруге мүмкіндік берді.
Рота, взвод командирлері жаттығудың әртүрлі кезеңінде өздерінің қызметтік міндеттері туралы нұсқаулықтарды тыңдап, жауынгерлік қимылдардың жаңа тәсілдері және жеке құраммен жұмыс істеу әдістері туралы ақпарат алды.
– Жиынды өткізу барысында біз өзара іс-қимылды ұйымдастыру, жеке құрамның дайындығы, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану мәселелерін пысықтауға барынша мән бердік, – деп атап өтті «Қазбригтің» командирі подполковник Қаныш Аубакиров. – Кіші буындағы командирлер жауынгерлік өкімді алған сәттен бастап, іс-қимыл алгоритмін дұрыс түсінуі қажет.
Көрсетілімдік роталық-тактикалық оқу-жаттығуларды өткізу жас офицерлерге аға буынның бай тәжірибесін қабылдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, олар теориялық білімдерін жетілдіріп, қызметтік міндеттерін сапалы орындауға қажетті пайдалы ақпарат ала алды.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
248

Осы тақырып бойынша

Аэроұтқыр әскерлерінің офицерлері көрсетілімдік роталық-тактикалық оқу-жаттығуларына қатысты - Yvision.kz