АДБ Қазақстанға «жасыл экономиканы» енгізуге жәрдемдеседі
BNews.kz Азия даму банкі Қазақстанға «жасыл экономика» қағидаттарын және ресурс үнемдеу технологияларын енгізу кезінде жәрдемдеседі, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ЭБЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан мен АДБ арасындағы 2012-2016 жылдарға арналған әріптестік стратегиясында көрсетілгендей, қазіргіу уақытта Банк Қарағанды қаласының орталықтандырылған жылу желілерін оңалтуға қатысты дайындық жұмыстарына техникалық көмек көрсетуде», – делінген хабарламада.
Аталған жоба «Қазақстан Республикасының энергия тиімділігін арттырудың 2012-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындауға септігін тигізеді, «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасымен» үндеседі, сондай-ақ, ҚР Үкіметінің энергия тұтынуды және отын ресурстарын тиімсіз пайдалануды төмендету мақсатына жетуге мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты – SCADA жүйесін енгізу, бақылау және есепке алу жүйесін жаңалау, транзиттік, жер асты, жер үсті желілерін қосқанда 127 шақырымдық құбырларды ауыстыру, 7 сорғы станциясын жаңарту, сондай-ақ, қаржылық менеджмент, сатып алу, әлеуметтік қорғау, қаржыландыруға қол жеткізу сынды басқа да шаралар бойынша кәсібилікті арттыру болып табылады.
Сондықтан, АДБ-нің бұл жобаға қатысуы кездейсоқтық емес. Табиғи ресурстардың азаюы, қоршаған ортаның ластануы, энергия тиімділігінің төмендігі тікелей сапаға әсер ететінін ескерсек, Банктің стратегиялық мақсаты – кедейлікті азайтып, өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, АДБ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қалалық инфрақұрылымдар мен табиғи монополия саласына қатысты жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибе жинақтаған.
Осы бай тәжірибені Қазақстанның аталған салаға жеке инвестиция тарту үшін пайдалану мүмкіндігі зор.
Тағы бір атап өтерлігі, экологиялық таза технология, ресурс үнемдеу АДБ қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы жолда Банк көптеген елдерде түрлі жобаларды қаржыландырып қана қоймай, «жасыл экономика» технологиясы арқылы жарқын үлгі көрсетуде. Мысалы, 2-5 мамырда Астанада жоспарланып отырған АДБ Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы мәжілісінде «жасыл экономика» қағидаттары қолданылады. Бұл дегеніміз экологиялық таза өнімдер пайдалану, «жасыл шаралар» өткізу, түрлі ресурстарды пайдалануды азайту. Мәселен, мәжіліс өтетін Тәуелсіздік Сарайында қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жәшіктер орнатылып, форумға қатысушылар экологиялық таза сөмкелермен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, біздің еліміздің отандық өнімдері мен инвестициялық мүмкіндігіне және қазақ өнері мен мәдениетіне арналған көрме ұйымдастыру жоспарлануда.
Ал, Мәжіліс қарсаңында Азия Даму Банкі Президенті Такахико Накао мен Бюджеттік жоспарлау және экономика министрі Ерболат Досаев 47-ші мәжілістің құрметіне 47 ағаш отырғызу шарасына қатысады.
