Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Адамзаттың негізі – Әйел

Сергектік пен шабытқа толы көктемнің алғашқы айының сегізінші жұлдызында келетін,барлық нәзік жандарды ардақтап,құрметтейтін,нәзіктік пен сезімге толы керемет күнде келіп жетті. Табиғаттың жаңаруы мен нәзік жандылар мерекесінің қатар келуінде бір заңдылық бар сияқты.Оған қоса, байыпты да байсалды ер жігіт атаулылардың барлығы жылы шуақ шашатын күн нұрларына айналған күнді өз басым асыға күтемін.Бұл керемет,жайма-шуақ күн-“Халықаралық әйелдер мерекесі!” деп аталады.

Мерекенің пайда болу тарихына үңілсек: ең алғаш Нью-Йоркте әйелдер өз құқығы үшін күресу жолында тарих сахнасына шығады.Мүмкін,біз бүгінгі күні сол ержүрек,қайсар әйелдердің батырлығының арқасында тең құқыққа ие шығармыз.Неде болса отбасы үшін ішкен асын жерге қоятын,өз жағдайын ойлаудан бұрын басқаны ойлайтын, бір қолымен бесікті тербетіп,бір қолымен әлемді тербетуге үлгеретін әйел затының алдында барша адамзат басын иіп,құрмет көрсетеді.

Осындай орайлы мерекеде барлығымыз бірінші кезекте аналарымызды құттықтауға асығамыз.Себебі небәрі үш ақ әріптен тұратын бұл сөзде қаншама мейірім мен махаббат,нәзіктік пен жылулық,қамқорлық пен таусылмас сезім жатыр.Түн ұйқысын төрт бөліп,қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқтырмай,әрдайым баласы үшін шып-пыр болып жүретін аналарымыздың жұмақ иісі аңқыған,балдай тәтті ақ сүтінің алдында біз шексіз қарыздармыз.”Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да,ақ сүтіңді ақтай алмайсың” деген халық даналығы осы сөзімнің айғағы болмақ. Сондықтан да осындай шаттыққа толы мерекеде барлықтарымыз аналарымызды ерекше қуантқымыз келеді.Әсіресе ”а” деген әріптің өзімен енді ғана таныса бастаған кішкентай бүлдіршіндердің аналарына деген ыстық ықыластары мен сезімдерін көргенде жүрегім ерекше бір сезімге бөлініп,жылына түседі.Әттең,кейбір отбасылы ағаларымыз бен тәтелерімізде бүлдіршін кездерін ұмытпай,аналарының қал-жағдайын болсын сұрап тұруды ұмытпаса екен.

Шіркін, ақындық қасиетім жоқ... Әйтпесе ең ізгі жырларымның бәрін анама арнаушы едім.Дегенмен қазіргі кезде қолымнан келері:сабағымды жақсы оқып,үй шаруасының барлығын істеп,анама деген сезімімді қағаз бетіне түсіру.

Қорыта келе, әулеттің ұйытқысы,жастардың тәрбиешісі әрі ақылгөйі,бар білгенін бізге үйрете жүретін асыл әжелерімізді, сүріне қалсақ лезде жанымыздан табылып,көз жасымыз төгілсе біз үшін жаны ауыратын, қуанышқа бөленсек жаны жай табатын ардақты аналарымызды, сыңғыр күлкілерімен әлемді нұрландыратын,гүлдей жайнап жүретін кербез аруларымызды мейрамдарымен құттықтағым келеді!Әрбір жанның кішкентай ғана жүрегін елжірететін,көздеріне күн нұрындай сәуле төгіп,езуіне жиылмас күлкі сыйлайтын мына сіздер екенін біліп жүргейсіздер!Әйелдер-ерекше,еңбекші жұрт.Олар дүниеге өмір таратады,қоғам игілігіне еңбегімен үлес қосады,отбасына бақыт пен жылулық әкеледі.Әйел барда – тіршілік бар. Нәзік жандыларды бағалай білейік,ағайын,олардың жүрегіне қаяу түсірмеуге тырысайық. Әлемнің жарты бөлігінің көбісін құрайтын нәзік жандыларды құрметтеу керек екенін жылына бір рет қана емес , 365 күн бойы жадымызда сақтайық!

0
0
463

Осы тақырып бойынша