Адамның бір қызығы бала деген...
Қайырлы күн! Кеше баламның туған күні болды. Анам айтатын еді, баланың туған күнінде анасын құттықтау керек деп. Ол да дұрыс шығар. Өйткені, ол күн тек менің есімде. Ұмытылмас бір күнім еді. Негізі қазақ тек мүшел жасын атайды екен бұрын. Қазір заман бөлек, жолдас- жоралар келген соң, өзімізше атап өттік. Бала- шағаның арасында ырду- дырдумен өтті.
Бұл бала негізінен атасының баласы. Туғанда әкесі жолдасының атын қойып еді. Әлі күнге дейін басқа да жолдастарымыз сол үшін, қалжыңдап болса да, өкпелі. Бір жыл атасы мен апасының қолында болды. Сондағы менің сағынғанымды көрсеңіз... Аналар ғана мені түсінетін шығар. Сол бір сағынышта туған, ұлыма арнап жазған батамды ұсынам сіздерге.
Бата
Атың –Мырза, затың оған сай болсын,
Мінгенің асау тай болсын.
Қосағың сұлу ай болсын,
Ұрпағың түгел бай болсын!
Пейілің ашық кең болсын,
Терезең елмен тең болсын.
Қолдаушың қалың ел болсын,
Ішкенің шипа ем болсын.
Алланың көзі оң болсын,
Жортқанда лайым жол болсын.
Өнер- білім мол болсын,
Шешеңнен бата сол болсын!
04.2011ж
