Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Адами капиталды дамыту – ұлт болашағының кепілі

Әрбір мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын сақтауда ұлттық байлықтың тигізер әсері зор. Өйткені, қоры жоқ елдің – соры бес елі болмақ. Біз әдетте ұлттық байлық дегенді терең түсіне бермейміз. Кейбіреулер мұны мұнай мен газ, жер асты кен байлықтары деп түсінеді. Бұл – қате түсінік. Ұлттық байлық дегеніміз – қоғамның өндірістік әрекеті негізінде жинақталған қаржылай түрдегі елдің экономикалық жағдайының маңызды көрсеткіші. Ал кең түрде алып қарастырар болсақ, бұл байлыққа бейматериалдық игіліктер де, яғни қоғамның руханы құндылықтары да жатады. Ұлттық байлықтың талас тудырмайтын үш көзі бар: жер, еңбек және капитал. Бұларды жинақтап айтсақ, табиғи, өндірістік және адам капиталы деуге болады. Осы капиталдың үш түрі және оның дамуы Ішкі жалпы өнім болып табылады. Енді ғаламдық және ұлттық байлықтың көрсеткіштеріне негізделген Қазақстандағы адам дамуының индексі мен оның бүгінгі ахуалы жөнінде ой қозғап көрсек.

БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі демографтар мен әлеуметтанушылардың, экономистер мен экологтардың және өзге де мамандық иегерлерінің ұсыныстарын жүйелей, сараптай келе, адамзат дамуының алдағы стратегиясы жөнінде маңызды құжат әзірледі. Бұл құжатта демографтардың тұжырымдамалық ұстанымдарына басым көңіл бөлінген. Десе де, оның басты міндеттерінің бірі – ғаламдық экономикалық даму бағытындағы адам факторының мәні мен рөлін ескеру болып табылады.

ХХІ ғасыр басталғалы бері адам капиталын бағалау мәселесі күн тәртібіне шықты. Алайда, кешендік көрсеткіштерді есептеудің бірыңғай принциптері әлі де жасалған жоқ. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі бүгінде ұлттық байлықты анықтаудың маңызды принциптерін бір ізге түсіруді қолға алды. Оған мыналар енеді:

-қазіргі бір буынның өмір сүру ұзақтығы;

-белсенді еңбек кезеңі;

-жұмыс күшінің таза балансы;

-жанұя өмірінің циклі және т.б.

Адами капиталды есептеуде тұлғалық факторлардың да маңызы зор. Бұл тұрғыда мынадай жағдаяттар қарастырылады:

-         адамды тәрбиелеуге кеткен шығынды есептеу;

-         оқуға кеткен қаржыны есептеу;

-         жаңа мамандар даярлау және оның біліктілігін арттыру;

-         сырқат адамға кеткен шығын;

-         өлім-жітім және т.б.

Адам факторының қайта өндірісі кезінде кететін шығын туралы ақпарат алу барысындағы қиындық, негізінен, статистикада олардың қаржылық жиынтығы емес, ағымдағы тұтынысын білуге ғана мүмкіндік бар. Бұл орайда «капитал жиынтығы» ұғымының маңызды қағидаттарын ескерген жөн. Бұл көрсеткіш негізінен кең ауқымдағы экономикалық категориялар жиынтығынан құралады. Адам капиталын бағалауда осыдан 10 жыл бұрын жарық көрген «Әлем дамуының көрсеткіші» атты арнайы анықтамалыққа көз жүгірткенімізде, онда «шынайы жинақ» деген ұғымды кездестірдік. Бұл көрсеткіш 110 мемлекеттің Ішкі жалпы өнімдерінің тұтынған және жинақталған мөлшерін анықтайтын экономикалық өлшем бірлік болып саналады. Осыған сәйкес, инвестиция көлемінің жартысы негізінен ұлттық байлықты құрайды.

Адами капитал – адамдардың өндіріс процесіне қатысу кезіндегі қабілеті мен білімі, еңбек ету дәрежесі. Адам капиталының инвестициясына – денсаулық сақтауға, оқуға, техникалық білім алуға кеткен шығынды айтуға болады. Қазіргі уақыттағы тәжірибе көрсеткендей, экономикалық жетістік жаңа білім мен технологиялық үрдістерді қамтамасыз етуден басталады. Бүгінде табысқа жету үшін адам капиталының ресурстарын арттырудың орны ерекше. Сонда ғана экономикада әлеуетті инновация дамиды. Өйткені, инновацияның өзі бәсекеге қабілетті адам ресурстарына негізделеді. Жаңа ақпараттық, өндірістік, ғылыми және өзге де технологияларды жасап, жедел дамыта алған ел әлемдік нарықты көшбасшылар қатарынан орын ала алады. Адам капиталының жиынтығы әлемдік экономикада адам дамуының индексі (АДИ) деп аталады. Бұл көрсеткіш орташа есептегі білім деңгейін, кіріс пен халықтың өмір сүру ұзақтығын анықтайды. Қазақстанда 1990-1995 жылдар аралығында адам дамуының индексі 50 пунктке дейін төмендеді. Бұны адамдардың өмір сүру жасының 4,6 жылға кемуі мен Ішкі жалпы өнім өндірісінің кісі басына шаққандағы көлемінің 1776 АҚШ долларына дейін азаюымен түсіндіруге болады. Әлемдегі ең төменгі өмір сүру жас ұзақтығының төмендігі 1995 жылы байқалды. Сол жылы оны мөлшері 63,5 жасты құраған. 2003 жылға арналған Әлемдік адамзат дамуы жөніндегі БҰҰ-ның 2001 жылғы есебінде адам дамуының индексі 0,765-тік деңгейде болды. Бұл көрсеткіш Румынияда – 0,773, Сауд Арабиясында – 0,769 деңгейінде тұрақтады. Сол есептеуде Қазақстан әлемдегі 175 елдің ішінен 76-шы орынға табан тіреген. Есептеулер мен сараптаулар көрсеткендей, адам дамуы индексінің өсімі ІЖӨ деңгейінің 5,8 пайызына 1 пайыздан келеді. Халықтың өмір сүру жасын ұзарту үшін 0,680-нен – 0,833-ке дейінгі кірістен тұратын Ішкі жалпы өнім мөлшерін 2 есеге ұлғайту керек. Ал 100 пайыздық сауаттылыққа қол жеткізу үшін 6-24 жастағы адамдардың білім деңгейін 50 пайызға арттыру қажет. Білім деңгейіне негізделген адам дамуының индексі бойынша Барбадос пен Сингапур 27-28 орынды иеленсе, Италия, Израил мен Португалия 21-23 орындарға тұрақтаған. Қазіргі таңда дамыған шет мемлекеттерде өмір бойы оқу жүйесі кеңінен етек алуда. Бұл Ресейде үздіксіз оқу үрдісі бойынша жүргізілуде. Қазақстанда да үздіксіз білім беру жүйесі жолға қойылуда. Еліміз батыстық білім беру моделіне көшті. Бұл дегеніміз – жоғары білімнің үш сатыдан: бакалавриат – магистратура – докторантурадан (Ph.D) тұратындығын білдіреді.

Біліктілігі төмен жұмысшыларды қайта даярлауды ғылыми-техникалық прогресс пен ғылымның шапшаң дамуы қатаң талап етіп отыр. Осыған сәйкес ұлттық байлықты анықтау ғалымдар үшін қиынға соғуда. Зерттеулердің көбісі азаматтардың білім деңгейін халықтың әр түрлі топтарын жаппай ұдайы тексеру арқылы есептеуді жөн деп санауда. Қалай десек те, біздің елімізде білімді мамандарға деген сұраныс артып келеді. Мұның өзі Елбасы Н. Назарбаев айтқандай, болашақтың білімді жастардың қолында екендігін аңғартады.

Ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезовтің осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім» деген сөзінің өшпес қағида болып қалатындығын бүгінгі қоғам айғақтап отыр.

Айдос Садуақасов

 

0
0
10198

Осы тақырып бойынша

Адами капиталды дамыту – ұлт болашағының кепілі - Yvision.kz