Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та бақыт та қонбайды
Жер жаһанда бізді қоршаған құбылыстың бәрі де өзінің даралығымен ерекшеленеді.Түр әлпет, кескін келбетімен, қимыл-әрекетімен, қасиет-ұжданымен ортада өзін қалыптастырады,қоғам алдындағы бейнесін қалайды. Қаншама адам болса соншама көп мінез-құлықтың барын есте сақтап, өзім деп өз ойын беталды айтудан аулақ болу көпшілік алдындағы мәртебемізді биіктетеді. Бұл ретте толерантты болу ең дұрысы. Ақылды адамның адымынан аңғарармыз. Көптің ойын тыңдай біле отырып, өзіндік пікіріңнің болуы өте маңызды. Онсыз сен көптің бірі, көштің адамы боларың анық.
Расында,бақтың тұрақтылығы мінезге байланысты.Сырт келбет танысқанда ғана керек, қанша жерден паң сұлу,керім-кербез болғанымен жан дүниесі соншалықты сұрықсыз болса ондай жанның қайыры жоқ.Тілдескенде әдемілігінен әп сәтте айырылып, адамгершілігінен жұрдай болатын адамдардың көпшілік алдындағы беделі төмен,берері жоқ.Өмірге бір ақ рет келгесін оны лайықты етіп сүру керек.
Мінез – құлық – әр адамның жан дүниесінің айнасы. Адамның мінезіне қарай ішкі дүниесінің қандай екенін бірден ажыратуға болады. Мінезің жаман болса, сол мінезің арқылы айналаңдағы адамдарды өзіңнен бездіресің. Ал мінезің жақсы болса, қандай адаммен болсын тіл табыса аласың.Ал, адамзат баласының әуел бастан жаратылысы сондай-тілдесусіз тіршілік ете алмайды.
Өмірдегі ең қиын нәрсе - адамның тілін табу. Адамның тілін табу үшін, оның мінезін білу керек. Адамның бойындағы екі мұқтаждықты, екі құмарлықты тудыратын екі қуат бар. Ол жан мен тән деп аталады. Оларды нақты өз аттарымен атасақ жан – ол рух. Тән - нәпсі. «Рух пен нәпсінің мұқтаждықтары мен құмарларының ара қатынасынан келіп адамның қалыптасқан мінезі шығады». Пейіліңе байланысты пешенемізге жазылғанын көреміз ғой бәріміз де, ниетіміз түзу, әрекет-амалымыз келісті болғанда ғана жаныңның тыныштығын тауып, бақытқа кенелеріміз анық.Әрбір істің алдыңа келетінін жадымыздан шығармасақ, жамандық атаулыға жоламайтын да едік қой..
