Адам туралы бір фильм
Фильм: «Дүние жарық»
Киностудия: «Қазақфильм», 2006 ж.
Жанры: Драма
Рөльдерде: Нұржұман Ықтымбаев, Алдаш Шалбаев, Назгүл Қарабалина
Режиссері: Жанабек Жетіруов
Режиссер Жанабек Жетіруовтың осы фильміне берілетін бағалар өте қызық. Міне кейбір пікірлер: "адам мен машинаның күресі туралы ғой"(?!), "бейшара шал туралы, әлгі соқыр ма еді өзі", "зейнеткер теміржолшы туралы". Көріп отырғаныңыздай, бір көрермен "Терминаторға" бергісіз қылып сипаттаса, біреулер өмірбаяндық кино деп ұғады. Әрине, көрерменнің талғамына дау жоқ.
Бірақ, осынша түрлі пікірлерден бұрын, киноның қазақи желісі қызық. Жоқ, шытырман атыс-шабысқа уәде бере алмаймыз, жоғарыдағы пікіршіден: "неге адам мен машинаның тайталасы деп ойладың?" деп сұрағанымда, "енді, шал компьютерден қате кеткенін аяғымен басып жүріп-ақ айтып береді ғой" деген. Рас, ондай жері бар, бірақ киноның идеясы түзілген іргетас идея бұдан тіпті алшақ.
Соғыстан кейінгі жоқшылықтан мойымай өтіп, бейбіт уақытта елге қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар болады. Бәлкім ел деген өзі, түрлі төсбелгілер мен басқа да шекпендерді осындайларды ұлықтау үшін ойлап табатын болар. Бірақ біздің Нұржұман Ықтымбаев сомдаған кейіпкеріміз ондай мәртебелерді тіпті ойламаған жанға ұқсайды. Өмірлік құндылықтары - адал еңбекпен жанұясын жеткізген ардақты әке болу ғана болған сияқты. Жазылуы оңай, іске асуы қиын іс. Зағип шалдың мұратына қаншалықты жеткенін режиссер шебер жеткізе білген қарым-қатынастардан анық көресіз. Сүйсінуіңіз де мүмкін. Ымды түсіне алсаңыз әрине.
Ал енді әлгі бір пікіршімізге "машиналар мен адамдардың текетіресі" болып көрінген тұсы - зағип шалдың ақауды заманауи жабдықталған қондырғыдан да дәл табатын жері. Бұл жерінен тәжірибені ешқашан ештеңе алмастыра алмайтыны туралы тәмсіл аласыз. Әдеттегі шолушылардай, "көрсеңіз - осынау еңбек адамдарына деген құрметіңіз арта түседі" деген даңғаза нәтижеге уәде бермей-ақ қояйын. Бар болғаны, жүрегіңізде осындай абзал жандарға деген жылу пайда болады. Купе терезесінен жонынан бір-ақ мезетке көрініп қалатын жандардың ізгілігінен қаншама дүние тәуелді екенін кәдімгідей түсінесің.
Көрерменнің патша көңіліне жағады-ау деп дәмеленіп отырған бұл фильм 18 тамыз күні сағат 00:40-та "Қазақстан" арнасынан көрсетіледі.
