Адам болам десеңіз
Адам болу – адамгершілік қасиеттің баршылығында. Адам бойына дарыған жақсы қасиеттерді, жағымды қылықтарды, ойының алғырлығын кез-келген пенде үлгі тұтады. Дегенмен, қоғам мен адам байланысы біркелкі тәрбиелі бола бермейді. Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелік мәні терең қолданыс пен құбылыста тәрбиелеуіміз керек.
«Әңгіме айтатын адамның бет әлпетінің кейіпі, оның денесінің тұрқы мен мүшелерінің қалпы сол адамның қылығы болып табылады» - деген данышпан Әл-Фарабинің нақылын біле жүргеніміз жөн болар. Рухани адамгершілік тәрбие – бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайды. Мақал-мәтелдер, ұлағатты сөздер мен өлеңдер адамгершілік тәрбиенің арқауы болып табылады.
Тылсым өмірде нағыз азамат, адам атты адам болу – оңай емес. Заманның үнемі құбылмалы, өзгеріс айналымында жүретініне қарамастан, ең бағалы адамгершілік қасиетті мәңгілік тұтуымыз керек. Мәселен, қазіргі жастардың өзіндік өмірлік ұстанымы бар. Біреулері мемлекеттің мәселелеріне назар аударып, дамуына үлес қосса, өзгелері жеке басын ойлап, шетелдің мәдениетін өздігінен артық көреді. Бірлікте көптеген белестерді бағындырамыз демекші, қоғам мәселесін қозғай отырып, ортақ шешім қабылдауымыз керек. Шынымен, қазіргі таңда шет елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып жүрміз, бірақ өзге елдің тарихымен таныспас бұрын, туған елдің қадір-қасиетін түсінуде қиыншылықтар бар екені сөзсіз. Қазақ жастарының мәдениеттілігін таразыға салсақ, екеуінің бірі басым деп айтуға тура келеді. Ұлтымызға сай, кеңпейіл, қарапайым қазақи мінезді жадымызда сақтап, мақтан еткеніміз абзал. Соңғы кезде, заманауи талаптың сұранысы бойынша, техника әлемінің құлдарына айналдық. Адам баласының ой-өрісі, сөздік қоры, сенімділік қасиеттері жылдан-жылға кеміп барады десек, қателеспіз. Кез-келген адамның жұртшылықпен байланысы, пікір алмасушымен ой бөлісу, әңгіменің анық та, тартымды болуына негізделеді. Сондай-ақ, адамзат табиғатынан көркем сөз бен өнерге құштар болып келеді, шынайылыққа тікелей қарайтын болсақ, осындай құштарлық бүгінгі күні көпшіліктің назарынан тыс, керісінше техника төңірегінде тіршілік етіп, жансыз дүниеге құмармыз.
Оқу мәдениеттілігіне келетін болсақ, тағы бір мәселенің туындап жатқанын байқаймыз. Ұшқыр ой мен дүние талабының маңызы мен байлығын кітап арқылы ұғынатынымыз баршамызға мәлім. Адам болам десеңіз, алдымен әдеп пен тәртіп ұғымдарын сана-сезімімізге қалыптастыра отырып, сүйкімсіз әдеттерден арылу ең басты сілтемелердің бірі деп білейік. Тәуелсіз еліміз біртіндеп дамып келе жатқанына орай, біздің жан-жақты болуымызды талап етеді.
Отанымыз тыныш, халқымыз аман, ойымыз анық, тіліміз мақтан болсын десеңіз, «адам» бола білу парызымыз деп бойымызға тағып, ойымызға тоқып жүрелік.
