Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Абыройдың» абыройсыз әрекеттері немесе ұлттық мүдде қайда?

Соңғы кезде «тәуелсіз» делінетін газеттерді қарасаң бірінші беттен бастап кілең қырғын, қылмыс, апат, ойдағы-қырдағы теракт, одан қалса жұлдыздар туралы өсек... Деңгей сонша түсіп кетпесе нетті...

Деңгей демекші, оппозиционер десе, бәрі таңдана қарап, бір халық батырын көргендей болатын деңгейге жеттік. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» дегендей, егер сол «батырлар» ұлт мүддесін көздеп жүрсе, ауыздарынан «бізге майдан керек!» деген сөз шығар ма еді?.. Осыған ішім қан жылайды. Елге жандары ашыса, ашық соғысқа шақырар ма еді?.. Сондықтан ел кімге ілескенін білуі керек! Назар салып қарасаңыз – халықты көтеріліске үндеп жүргендер: бұрын сотталып енді еш жерге қызметке орналаса алмай, елдің назарына түскісі кеп жүргендер (ішінде бұрынғы мемқызметкерлер де бар), коммунизмді көксейтіндер (сол партияның адамдары), сектанттар (олардың басты мақсаты елді құрту болғандықтан оп-оңай осы топтан табылады)... Қойшы әйтеуір, ішінде қазаққа жанып ашып жүрген, ұлттық мүдде, елдің, өсіп келе жатқан ұрпақтың келешегін ойлайтындар көрінбейді-ау, көрінбейді... Айқайлап алаңға шығу көбейді. Баяғы осы топ. Бір қорқыныштысы осыған халық кәдімгідей үйреніп келе жатыр. Айқайлап керегі не? Заңды түрде, дамыған жолдармен де жеткізуге болады кез келген өтінішті.  Қарапайым халықты орға жығатын жалаң жалынды сөз, жалған намыс не керек! Олай деуімнің себебі – әлемде болып жатқан саяси дау-дамайды, толқынды қараңыздар. Елді соңына ерткен серкелердің бірі де зардап шеккен емес, бәрі де қашып-пысып жеме-жемге келгенде сытылып кетеді. Баяғы қырылатын халық! Осыны халық ұғынса етті. Әрине, сөз бостандығы керек. Мән-жай ашық айтылу керек. Бірақ арандаушыларға еріп емес... Осындайда ақсақалдардың, ел ағаларының жоқтығына, бар болса да үнсіз бұғып қалатынына налисың! Ұрпақ тәрбиесімен айналысып, дүйім жұртты аузына қаратып отыратын жастағы қарттар әкімдік жағалап, жағынып-жалпайып, жиындарда мақтау сөзден әріге аса алмай, жеке басының қамын күйттеп әкім-қаралардың табалдырығын тоздыруда. Ұлт пен елдің болашағы қызықтырмайтын сияқты, кәрі қойдың жасындай қалған ғұмыры өзіне ұнаса бопты...

Ия... Шынымен де Орал қаласында да алаңға шығу жиілеп барады. Тіпті дұрыс мақсат, нағыз елдік мұратпен, қоғамдағы ең өзекті мәселемен шығып жатса, қане?! Үнемі осындай қызу ортада жүретін – «Абырой» қоғамдық бірлестігі. Қазақтың осынау қасиетті сөзінен садағаң кеткірлер...

Бұл қоғамдық бірлестік о баста экология, соның ішінде әскери сынақ полигондарының зардаптарына қарсы күрес мақсатында құрылып еді. Бастапқы бағыттарынан адасқандай ма, қалай өзі?.. Себебі күні кеше Оралдағы Ресей консулдығының алдында үстеріне Украинаның мемлекеттік туын жамылып, наразылық акциясын ұйымдастырып жүр. Өз елінде жүріп өзге елдің рәмізін жамылатындай соншалықты бастарына не күн туды?! Баяғы сол «қой терісін жамылған қасқырлардың» намыссыз әрекеттері... Бір кездері «Уральская неделья» газеті облысымыздың полигон сынақтарының аумағындағы аудан-ауылдарды аралап, мәселе көтеріп жүрді. Тек қана негативті көретін аталған газет тілшілерінің мұндай мақалаларын елге жаны ашығандық деп те қабылдап қалуға болатын еді. Бірақ анда-санда жазылатын сондай өзекті мақалаларын өсек-аяң, елді билікке қарсы қойып, бағытталған, арандатушы мақалалары шайып жібереді. Бұл газетті айтып отырған себебіміз, абыройлықтардың бір белсендісі – газет редакторы Лұқпан Ахмедьяров. Бір-екі жыл турасында әлемді арандатушылық әрекеттерімен бүлдіріп отырған АҚШ-тан арнайы сыйлық-марапат алып келген адам. Былайша Оралдың қалалық деңгейіндегі мәселелерінен әрі аса алмайтын тілшінің қай еңбегі АҚШ-ты қызықтырады дейсіз... Сол баяғы арандатушылық қой деп топшылаймыз да қоямыз.

«Абырой» деп қазақ үшін үлкен атты алып жүрген бұл ұйымдағылар – кілең түрі қазаққа келгенмен, қазақша сөйлей алмайтын қазақ та емес, орыс та емес бір аралық адамдар, әйтеуір... Әйтпесе кешегі 16 желтоқсан күні алаңға шамшырақ (свечи) алып шығулары қай сасқаны? Нағыз ұлтжанды қазақтар болса хрестиандықтың әдет-ғұрпын орындағандары не?

Бір кездері Оралдағы казактардың елдің тұтастығына қалай қауіп тудырғанын білесіздер. Күні кеше қазақстандық казактар Қырым үшін күрескілері келетінін, Украинаға аттануға дайын отырғандарын ашық айтты(!). Жыл сайын қылыштарын жалаңдатып сахнадан түспейтін Оралдағы казактар былтыр Орал қаласының 400 жылдығын тойлады. Қаладан көне шаһардың орны, тағы бір Алтын адам табылғанын, шын жасы одан әріде екенін біле тұра, әдейі «өздерінше» тойлап отыр. Баяғы «Уральская недельяға» Л.Ахмедьяров майын тамыза жазды, суреттерімен шығарып қойды. Ұлттық мүдде қайда? Әсіре батыл осы тілшінің мақаласын оқыған момын қазекем тағы да үндемеді. Тіпті сол кезде көліктерге жапсырылған «Уральску-400 лет» деген жапсырмалары әлі де түскен жоқ, зырғып жүр. Үндемейміз. Оралда мемлекеттік нөмірі қазақстандық, бірақ Ресейдің мемлекеттік туын тағып алған көліктер өте көп. Көреді, халық та, жолпол да, үндемейді. Ал өз билігімізге солар қарсы шықса, қосыла кетеміз...  Жоғарыда айтылған, түрі, ұлты қазақ болғанмен, тілі өзге, іші де қазақы еместер де тап осындайлардың қатарында. Байқаймыз, үндемейміз. Сондықтан, ұлтына қарамастан Қазақстанды елім деп емірене сүйетін, елдік мұраты бар адамдарды пасық ниеттілерден ажырату онша қиын да емес.

Сөз бостандығы керек. Ұлттың келешегіне, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты үн қату – әр ұлтжанды азаматтың парызы. Алайда абыройсыз әрекеттермен емес. Қазаққа қазақты қарсы қойып, ішкі іріткі тудырғаны үшін бір жерлерден ақша алып, кезек-кезек плакат ұстап алаңға шығып, сол суреттерін интернетке салып, сол бір жерлерге жарыса есеп беретін жалған ұлтшылдардың әрекеттеріне есті ел ілеспесе керек. Алдымен олардың кім екенін біліп алған абзал. Қашанғы адасамыз... Ата-баба аңсаған бейбіт заманға жетіп, ұрпақ өрбітіп отырмыз. Жағдай түзеліп келеді. Шүкір. Енді осыны уыстан шығарып алмаққа ұмтылу керек. Айналаға бажайлап қарау керек, кім қазаққа дос («қазақстандық» демей-ақ, аз ұлт пен ұлысты ортақ айтып отырмыз), ал кімге біздің елде көтеріліс, қантөгіс, азаматтық соғыс болғаны керек екенін... 1937 жылы сүзгіден өтіп, қаймағымыздан айырылсақ та, одан бергі 1 ғасыр бойында ұлттық мүддені жүрегімен түсінетін ұрпақ туып, ұлт қалпына келмей ме сонда? Ұлттық мүдде алдыңғы кезекке шықпай, ештеңеде оқсамайды, ағайын...

 

Осы тақырып бойынша

«Абыройдың» абыройсыз әрекеттері немесе ұлттық мүдде қайда? - Yvision.kz