Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Абыройдың ақысы қанша?

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, заманмен бірге өсіп-өркендеп, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Осы жағдай біздің елімізде де өте өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жыл сайын түрлі елдердің мемлекеттік секторындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін зерттеп жариялайтын Халықаралық «Transparency International» ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстан коррупция деңгейі жөнінен 175 елдің арасында 126-орынды иеленіп тұр. «Коррупция – төзімділік индексі» деп аталатын бұл кестеде 50-орыннан төмен орналасқан елдердегі сыбайлас жемқорлық алаңдатарлық жағдайда деген сөз. Дәл осы индекс бойынша, Израиль «ең таза» деген елдердің алғашқы отыздығына енеді екен. Израиль мемлекеті коррупцияның минимумына да жетпейді. Осы арқылы ол Италия, Чехия, Венгрия, Тайвань, Словакия, Греция, Литва,  Латвия сынды елдерден алға озып тұр. Бұл елде коррупция ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде қабылданады. Тіпті, өз еркімен «Биліктің тазалығы мен әлеуметтік әділеттік азаматтары» атты бірлестіктер белсенді түрде қызмет жасайды. Коррупциялық қылмыстардың тергелуіне зор мән беріледі.

Атап айтатын болсақ, соңғы үш жылда елімізде 3 мың лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікке тартылып, 400-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Осы орайда «соншама жемқорды қызметке тағайындаған кім? Бұл адамдарды осындай дәрежеге дейін өсірген кім? Және ұлтымызға мұлдем жат жемқорлық елімізге қайдан келді?» деген сұрақтар мазалайды.

Осы сан түрлі сауалдарға жауап ретінде әлеуметтанушы Дина Имамбаева «Қазіргі қазақ еліндегі сыбайлас жемқорлықтың тарихи-әлеуметтік себептерінің бір ұшы – патшалық Ресейдің әкімшілік жүйесінде жатыр. 19 ғасырдың орта тұсынан бастап патша реформасы арқылы қазақ ішіндегі саяси-әлеуметтік қатынас бірте-бірте жойылды. Жаңа әкімшілік басқару жүйесі қазаққа өзімен бірге парақорлықты, әділетсіздікті ала келді. Шек-шекпен таратып, үлкенді-кішілі сайлау құру – қазақ халқын жікке бөлді. Ресей патшалығы тұсында парақорлық барлық дәрежедегі шенеуніктердің жасырын табыс көзіне айналып, мемлекеттік лауазымға ие болу – жеке адамның байлыққа қол жеткізуінің бірден-бір жолы деген көзқарас орнады. Міне, осындай паразит сословиенің өмір салты жүздеген жылдар өтсе де, аса өзгере қойған жоқ. Ал бүгінгі лауазым иелерінің билікті белден басуына себеп – қарапайым тұрғындардың немқұрайлылығы, енжарлығы, білімсіздігі. Ал бұл немқұрайлылық қайдан, неге туады? Еліміздегі халықтың басым көпшілігі, әсіресе, ауыл тұрғындарының кедейшілікте өмір сүріп жатқандығы жасырын емес. Азды-көпті малын керегіне жаратып, тапқаны күнкөрістен артылмаған адамның күнұзақ тірлігі күйбеңмен өтеді. Жағдайларының өзгеретініне сенімі азайған, үмітінен айырылған жанның бойын немқұрайлылық, немкеттілік жайлайды. Күресуге дәрмені жоқ. Одан да пара беріп, тыныш жүре берген дұрыс деген ой қалыптасып кеткен. Қазір адамдар кез-келген проблеманы заңды айналып өтіп, ақшамен шешуге болады дегенді әбден саналарына сіңіріп алған. Бұл билік пен халық арасындағы жіктің тереңдей түсуін тездетеді. Осылайша, жемқорлық салдарынан бір халықтың, бір ұлттың ұрпақтары бірнеше жікке бөлініп, пара берушілер мен пара алушыларға айналды. Орыс отаршылдығы алып келген моральдық апаттың салдары осындай» деп нақты айтқан болатын.

Сыбайлас жемқорлық әр кезеңде болған. Ендігі мәселе – еліміздің болашағы жастарды жемқорлықтан аулақ ұстау болып отыр. Кез-келген нәрсені бойына тез сіңіріп  алатын жастар қауымы да көргендерін жалғастырулары мүмкін. Жалғастырған жағдайда қоғамымыздың түзелуі екіталай. Бір ғана жемқорлық – бұл бүтін бір қоғам үшін үлкен бақытсыздық дер едім. Мысалы, дәрігер немесе мұғалім мамандығының дипломын сатып алып, жұмысқа кіргендер көп. Дәрігердің сауатсыздығы қаншама өмірді қиды? Бұл туралы күн сайын естіп жатамыз. Ал мұғалімнің білімсіздігінен білімсіз ұрпақ өседі. Шындығында, дәл осы екі мамандық ең маңызды әрі нағыз бас иетін мамандықтар ғой. Ал бір орам көк қағаз бұл кәсіптердің абыройын бірақ төгіп отыр.

Қолында билігі бар жоғарыдағыларымыз да мәселені жақсылап шешіп береді. Жұмысқа тұру, оқуға түсіру, дәреже көтеру, біреудің аузына қақпақ салу, жеңіске жету, сотты жеңу – осының барлығының құны бар. Ақшаң болса, өз ортаңа, қоғамға абыройлы боласың.

Әрине, сыбайлас жемқорлық – тамырын тереңге жайған қауіпті кесел. Десе де, біз бұған қарсы тұруымыз қажет. Яғни, бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолда билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.

ЖҰМАҒАЛИ Аида

0
0
360

Осы тақырып бойынша

Абыройдың ақысы қанша? - Yvision.kz