Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Абыл АЯШ: «Әкем қайда барса да мені інім деп таныстыратын»


Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың ұлы Аяш Абыл Табылдыұлы қазіргі таңда Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Эстрадалық вокал» бөлімінің 3-курс студенті.

-Абыл, өнер жолын таңдауыңызға әкеңіз себепкер болды ма?

- Иә, бұл бағытты таңдауға себеп болған әкем және әкемнің өнері. Өйткені әкем еш уақытта музыкалық білім алмаған адам. Мамандығы журналист болды. Әкемнің өлеңдерін таза профессионалды түрде нотаға түсіріп, болашақта кәсіби шеберлікпен орындау үшін осы музыка мамандығын таңдадым.

- Қазір әкеңіздің әндерін өзі сияқты жоғарғы деңгейде орындап жүрсіз. Сонда сізді әкеңіз кішкентайыңыздан өнерге баулығаны ма?

- Жоқ, әкем көзі тірісінде мені өнерге немесе музыкаға мүлдем баулыған емес. Ол кісінің көзінше «әу» деп көргенім жоқ. Бала күнімде түрлі үйірмелерге қатыстыруын қа­тыстырды-ау. Бірақ мен қайда жаздырса да бір күннен артық бармайтынмын. Кө­ңілім қаламайтын, зауқым соқпайтын. «Басым ауырып тұр, шаршадым» деген сияқты түрлі сылтаулар айтып, әйтеуір қалып қоятынмын. Арада кішкене уақыт өткеннен кейін гитараға өзім құмарта бастадым. Әкем алдына алып, «мына әнді былай орындайсың» деп отырмайтын. Өкінішке қарай, қайтыс болғаннан кейін барып, менде бір талпыныс ояна бас­тады.

- Отбасыңызда сізден басқа өнер жолына жақын бауырларыңыз бар ма?

-  Әпкем Ақбаян басында өлең жазып жүр еді, неге екенін қайдам, кейіннен қойды. Мұғалімдерге әзіл өлеңдер арнап, жазғандары мектеп қабырғасында ілініп тұратын. Айнамкөз бен Әйгерімнің бойынан әзірге аса ештеңе байқай қоймадық. Өкінішке орай, музыка саласында әзірге тек мен. Бауырларым әр түрлі мамандық иелері.

- Қазір өзіңіз немен айналысып жүрсіз? Алға қойған мақсатыңыз қандай?

- Бұйырса, үлкен сахналарға шығу ойымда бар. Өнерге адал қызмет етсем деймін. Қазір өзімді іштей дайындап, тәрбиелеп, үлкен сахнаға шығар алдындағы әзірлігімді жасап жүрмін.  Шамам келгенше, әкемнің атына кір келтірмеймін. Иманғали Тасмағамбетов ағамыз сыйлаған гитарасын өзім ұстап жүрмін. Мұндағы басты арманым - әкемнің әндерін насихаттау. Алдағы мақсатым әкемнің әндерін болашаққа алып шығу.

- Әкеңіздің орындалмай кеткен армандарының бірін айтсаңыз?

- Әкем бір үлкен концерт өткізсем, шығармашылық есеп берсем деп қатты армандады және соған дайындалды. Концерт қоймаса да бағдарламасын жасап, сценарийін жазып, сахнаның безендіруіне дейін өз қолымен салып қойып еді. «Қыр баласы қол созады аспанға» деп атап, гитараның суретін салып, ілмегін адамның аспанға созып тұрған қолы іспеттес бейнелеп, бүге-шүгесіне дейін ойластырып қойған. Кезінде Атырау қаласында өткізбек болып, облыс әкіміне хат жазған. Бірақ олар «мемлекеттік қызметкер» екендігін есіне салыпты. «Заң бойынша рұқсат берілмейді» деген жауап келді. Өзі де «қолындағы билікті пайдаланып жатыр» деп айтпасын деп, ауданда да қолға алмады. Ақыры арманына жете алмай кетті.

- Табылды Досымов қандай әке болды? Әкеңізге айтқаныңызды орындатушы ма едіңіз?

- Әкем әр қазақ отбасындағыдай әке болды. Тәрбиеге қатты, адам болуға, адал болуға тәрбиеледі. «Ең бастысы еліңнің дұрыс азаматы болыңдар» деп айтушы еді. Бір қызығы, әкем мені қайда барса да інім деп таныстыратын. Көп кісілер «Табыл, сенің осындай інің бар ма?» деп сенер-сенбестерін білмей қалатын. Сондайда «Кемпір-шалдың баласы, сосын інім деймін» деп түсіндіріп жататын. Анамды «жеңгей деп ата» деп күлетін. Өздері «інім, қайным» деп тұрған соң, екеуімен де қалжыңдасып, ойнай беретінмін. Қайда бармасын, қасынан бір елі ажыраған емеспін. Достарына «Абыл екеуміз тек қызға бірге барған жоқпыз, басқасына бірге бардық» дейтін. «Өзім қалыңдық таңдап беремін» деп әзілдейтін. Мен соны шын көретінмін. «Менімен бірге қызға қалай барасың сонда?» деп сұрайтынмын.

Қазір ойланып отырсам, қатты талап қойып, шектен тыс еркелемесем де, әкем қалағанымды әперіп отырыпты. Нені ұнатсам, соны өзі біліп, іштей сезіп, әкеліп береді екен. Тіпті 13 жасымда көлікке дейін әперді. Сол кезден көлік рөліне отырдым. Өзі толық болғаннан кейін рөл жаққа сия қоймайтын. Қайда барса да, әрісі Атырау, Оралға дейін өзім апарып-әкеліп, жанындағы атқосшысы, қолғанаты болдым. Әкем барда бірдеңеден мұқтаждық көрдім деп ойламаймын.

- Абыл, әкенің орнын ештеңе толтыра алмайды ғой. Отбасында жалғыз ұл болу қиын ба?

- Қатарластарым ойын ойнап жүргенде, мен ерте есейдім, үлкен істерге араласа бастадым. Соның арқасы шығар, әкем қайтқаннан кейін абдырап қалмай, бірден ес жиып, отбасыма тірек болуға тырыстым. Егер жалғыз бала ғой деп қарап, еркелетіп жүре берсе, бүгінгі күнімнің қандай боларын Құдай біледі. Жалғыз ұлы болғаннан кейін әрине, қиындау. Егер арқа сүйер ағаларым, артымда тірек болар інілерім болса, мүмкін қиналмас па едім. Бір-бірімізге сүйеу болып, қиындықты бірге бөлісер ме едік. Ендігі жерде анам мен қыздардың қамқоршысы, панасы өзім екенін жақсы түсінемін.

 

Сұхбаттасқан Динара СЛАМБЕКОВА,

Орал қаласы

 
0
0
3037

Осы тақырып бойынша

Абыл АЯШ: «Әкем қайда барса да мені інім деп таныстыратын» - Yvision.kz