Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Ақжайық» көш басындағы команданы 2:0 есебімен ұтты

Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда көш басында келе жатқан Семейдің «Спартагын» қабылдады.

Алма-кезек шабуылмен басталған кездесуде қонақтардың да, алаң иелерінің де доп соғатындай мүмкіндіктері болды. Сондай сәттердің бірінде Иван Антиповтың пасынан кейін оң қапталдан «Спартактың» айып алаңына енген Эльдар Абдрахмановты Тимур Байжанов шалып жықты. Сөйтіп ол екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Семейліктердің қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добын «Ақжайықтың» мерген ойыншыларының бірі Алексей Мальцев дәл орындап, есеп ашты.

Екінші таймда қарымта шабуыл кезінде сол қапталдан  суырылып шыққан Николай Забродиннің пасына Олег Хромцов үлгермесе де, допқа бірінші жеткен Иван Антипов қақпаға сүңгіте салды. Бұдан кейін «Спартактан» Алексей Малышев «Ақжайық» қақпасының тура алдында жалғыз қалса да, допты асырып жіберді. Сөйтіп екі команда үшін аса маңызды матчта батысқазақстандықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, бұл ойынға «Ақжайық» бас бапкерсіз шықты. Осының алдында Сергей Волгин өз міндетін атқарудан босатылған болатын. Соған қарамастан, Марат Еслямов пен Артур Авакянц сынды мамандар команданы жеңіске бастай білді. Бұл турдан кейін 19 ұпай жинаған «Ақжайық» Теміртаудың «Болатымен» бірге турнир кестесінде 4-5-інші орындарды бөлісуде. «Спартак» 22 ұпаймен көш басында қалса, қоржындарында 20 ұпайдан бар Петропавлдың «Қызылжары» мен Өскеменнің «Востогы» алғашқы үштіктің қатарында келеді. 27 маусым күні өтетін келесі турда оралдықтар Қаратауда жергілікті «Лашынмен» күш сынасады.

 
0
0
276

Осы тақырып бойынша

«Ақжайық» көш басындағы команданы 2:0 есебімен ұтты - Yvision.kz