Ақырзаман болмады
2012 жылдың 21 желтоқсанында «ақырзаман келеді» деп дүрліккен жұртшылық сабасына түскендей. Сәуегейлер тіршіліктің ақыры бүгін (Астана уақытымен сағат 12-нің шамасында) жетеді-міс деп дүрліктірген еді әлем халқын.
Қауесеттің басы майя тайпасынан қалыпты делінген жазбалар төңірегінен өрбіген. Көне тайпаның күнтізбесі 2012 жылдың 21 желтоқсанымен біткен көрінеді. Әлемнің балшы, құшынаш, сәуегейлері осы жазбаларды сан-саққа жүгіртіп, жұртты үйрейлендіретін болжамдарды жарыса жариялап жатты. Ғалымдар болса бұл мәлімдемелердің еш ғылыми негізі жоқ қауесет екеніне жұртты сендіре алмай әлек болған.
Зерттеушілер майя күнтізбесінің бұл уақытпен аяқталуы олардың жыл санауындағы белгілі бір кезеңнің аяқтауы мен жаңа кезеңнің басталуымен байланысты екенін түсіндіруге тырысқан еді. Сонымен қатар ғалымдар Күн жүйесіндегі барлық ғаламшардың бір желіге тізілуінен болады-мыс делінген апаттар туралы қауесетті де жоққа шығарды. Жердің белгісіз ғаламшар – Нибирумен соғылатыны жөніндегі дәлелдерді де негізсіз деп мәлімдеді.
Алайда, жұртшылықтың көңіліндегі қорқыныш толықтай сейілді деп айтуға болмас. Бұған себеп болғаны тағы сол бақсы-балгерлер, қала берді осы мәселеден пайда тауып қалуға мүдделлілер еді.
Әлемде 2012-нің 21 желтоқсаны туралы бірнеше фильм түсіріліп, ол туындылардың авторлары миллиондаған доллар табыс тапты. «Ақырзаманнан» ең көп пайда табушылар – сіріңке мен майшам, азық-түлік өндірушілер болғандай.
«Заманақырдың» алдын алу үшін кейбір мемлекеттердің түрлі шараларды қолға алуына тура келді. Қытайда ақырзаман туралы қауесет таратқаны үшін жүздеген адамды тұтқындады. Америка мектептерінде зорлық-зомбылықтың, күш қолданудың алдын алу мақсатында бірқатар мектептер оқушыларды демалысқа ертерек жіберді.
Америка ұлттық аэроғарыш агенттігінің (NASA) өкілдері өз сайттарында "Тіршіліктің неліктен 2012 жылы аяқталмайтынын" түсіндіруге арналған ақпараттық парақша ашты.
Дегенмен ғалымдар Жер ғаламшарына төніп тұрған табиғи апаттарды жоққа шығармайды. Ғаламдық жылыну, қоршаған ортаның ластануы т.б. процестер зор өзгерістерге, апаттарға бастауы мүмкін дейді. Пенденің ғұмырымен өлшегенде оған дейін мыңдаған жылдар бар дегенмен, зерттеушілер қауіптің алдын алуға қазірден бастап кіріскен жөн дейді.
Қ.Ахметов
