Ағылшын мәтелдерінің дені Інжілден, қазақтікі қандай?

Орысша-ағылшынша ауызша аударма курстарына менімен бірге қатысқан танысым бірде сабаққа өзімен бірге қызын ертіп келді. Қыз артқы партадан біздің орысша айтылған сөз тіркестерін ағылшын тіліне аударудан түрлі жаттығуларды орындағанымызды тыныш бақылап отырды.
Жаттығудың кезекті күні аяқталғаннан кейін әкесі қызын оқытушымен таныстырды. Қыз оқытушыға жаттығулардың ішінде Інжілден алынған біраз мысалды байқағанын айтты.
Сырттан келген адамның көзіне түскен осы бір жайтты мен сол кезде аңғармаппын. Қыздың байқағаны түбінде рас болып шықты. Бұған аудармашыларға арналған көптеген жинақтар (мысалы, John Bartlett. Familiar Quotations), сөздіктер мен оқулықтар дәлел бола алады.
Ағылшын тіліндегі жалпыға танымал әрі жиі қолданылатын мәтелдер мен қанатты сөздердің басым көпшілігі Інжіл мен Шекспирдің шығармаларынан алынған екен.
Көптеген тұрақты теңеулердің тағы бір негізгі дереккөзіне ежелгі грек мифтерін де жатқызуға болады (мысалы, Achilles heel/Ахиллестің өкшесі – біреудің жанды/осал жері, labour of Sisyphus/Сизифтің еңбегі – босқа азаптану және т.б.).
Алайда, мысалдар (фразеологизмдер) саны жағынан Інжіл мен Шекспир туындыларына тең келетін деректер жоқ шығар:
Библеизмдер
Man shall not live by bread alone – Адамға керегі тән азығы ғана емес.
A fly in the ointment – Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді.
Шекспиризмдер
All that glisters is not gold – Жылтырағанның бәрі алтын емес.
Wear one's heart upon one's sleeve – Кең қолтық/Аузын ашса жүрегі көрнеді.
Былтыр белгілі қазақстандық жазушы Қанат Тасыбековтың «Ситуативный казахский» атты танымал кітабының үшінші томы жарық көрді. Сөздік деп аталатын бұл кітапта орыс тіліндегі кең таралған тұрақты сөз орамдары, қанатты сөздер мен мәтелдердің қазақша баламалары жиналған.
Кітапты оқып отырып, орыс-қазақ мәтелдеріне сай келетін ағылшын фразеологизмдерін (идиомаларын) тауып, жазып отырдым.
Мысалдардың бір тілдегі нұсқасының басқа тілдегісіне қарағанда көңіліме әлдеқайда жақсы қонатынын байқадым.
Алайда, үш тілде бірдей әсер қалдырып, есте жақсы сақталатын мысалдар да болды:
Орысша: Когда рак на горе свистнет / После дождичка в четверг.
Қазақша: Тезек гүлдегенде / Ешкінің құйрығы аспанға жеткенде.
Ағылшынша: When hell freezes over [сөзбе-сөз: тозақта аяз болғанда] / When pigs fly [шошқалар аспанға ұшқанда].
Орысша: Делать из мухи слона.
Қазақша: Түймедейді түйедей ету.
Ағылшынша: Make a mountain out of a molehill [көртышқанның інін тау деу].
Сол бір кезде қазақ фразеологизмдерінің шығу төркінін және оларға тән ерекшеліктерін анықтап көрсе не болады деген сұрақ туындады.
Арнайы әдебиеттерді қарап-талдаудан бұрын, өзімде жиналған мысалдар негізінде қазақ фразеологизмдерін жасауда «жан-жануарлар тақырыбы» (үй және жабайы жануарларды адам болмысымен салыстыру, олардың тұрқын, қылығын және т.б. сөз ететін идиомалар) жақсы дамыған деген болжам қалыптасты. Мысалы:
Evil communications corrupt good manners/ С кем поведешься, от того и наберешься – Арам малдың арты азап.
No fool like an old fool/ Седина в бороду, бес в ребро – Атан түйе ойнақтаса, жұт болар.
No garden is without its weeds/ В семье не без урода – Бір биеден ала да туады, құла да туады.
Осы болжамды тексеріп көрейін деп, аталған «Ситуативный казахский» кітабымен бірге арнайы сөздіктерді (Қожахметова Х.Қ. және басқалары. Орысша-қазақша фразеологиялық сөздік. Алма-Ата, 1988 және Ү.Кеңесбаева. Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік) қарап шықтым.
Қазақ мәтелдерінің о баста қандай жазба деректерде қолданылғанын анықтай алмадым. Бұл бір жеке мұқият зерттеуді қажет ететін тақырып сияқты. Бір байқағаным, Орысша-қазақша фразеологиялық сөздікте мәтелдердің қолданылу мысалдары көбінесе Мұхтар Әуезов пен Ғабиден Мұстафиннің шығармаларынан алынған екен.
Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздікте қазақшаға аударылған мәтелдердің дереккөздері көрсетілмеген (басылымда ағылшын идиомаларын қазақшаға аударудың түрлі тәсілдеріне көп көңіл бөлінген), ал ағылшын тіліндегі фразеологизмдердің қолданылу мысалдарының басым көпшілігі Сомерсет Моэмның туындыларынан алынған (!).
Соған қарамастан, менің бастапқы болжамым расталды: санап, жазып алған мәтелдердің ішінде құрамында жан-жануарлардың атауы бар фразеологизмдер (зооморфизмдер) бірінші орында.
Зооморфизмдер ағылшын тілінде де, орыс тілінде де өте көп. Мұндағы менің назар аударғаным – ағылшын/орыс тілдерінде жиі қолданылатын әрі құрамында жануарлардың атауы жоқ мәтелдердің қазақ тіліндегі баламаларында жан-жануарлар атауының көптеп кездесуі. Қалай болғанда да, аталған қазақ мәтелдерінің өз алдына бір бөлек санат екендігі сөзсіз. Мысалдар:
Not to show up (show one’s face)/ Не казать глаз (носа) – Ат ізін салмау.
In the middle of nowhere/ У черта на куличках – Ит өлген жерде.
Bare as a bone/ Хоть шаром покати – Жылан жалағандай.
Like two peas in a pod/ Как две капли воды – Егіз қозыдай.
Much ado about nothing (storm in a teacup)/ Живем не пышно, а далеко слышно – Айдағаны екі ешкі, ысқырығы жер жарады.
The mills of Gods grind slowly, but they grind exceedingly small/ Сколько веревочке не виться, а конец будет – Өгізге туған күн бұзауға да туады.
Lavish feast/ Пир горой – Ақ түйенің қарны жарылу.
Қазақ фразеологизмдерінің екінші үлкен санаты сүт өнімдерімен байланысты (сүт/сүт қышқылды өнімдердің атаулары, оларды жасау, сақтау, пайдалану). Мысалдар:
In perfect harmony/ Душа в душу – Сүттей ұю.
Music to someone’s ears/ Бальзам на душу – Құлағына майдай жағу.
Shame (disgrace) oneself/ Опозориться (осрамиться) – Абыройы айрандай төгілу.
True angel/ Ангел во плоти – Сүттен ақ, судан таза.
In pristine condition/ В первозданном (нетронутом) виде – Қаймағы бұзылмаған күйде.
Аспан шырақтары (Күн, Ай, жұлдыздар және т.б.) мен отбасы/туыстық қатынастар деп шартты түрде белгіленген мәтелдерді өзім жасаған тізімде үшінші-төртінші орындарға қоятын едім. Мысалы:
As clear as day/ Яснее ясного – Айдай анық.
Someone’s luck held/ Счастье привалило – Айдан іздегені алдынан табылу.
Smiles of fortune/ Фортуна улыбнулась – Жұлдызы оңынан туды.
Cut from a same cloth (birds of a feather)/ Два сапога пара – Ағама жеңгем сай, апама жездем сай.
What am I – chopped liver?/ А мы что, лысые что ли? – Біз не, тоқалдан тудық па?
Be beside oneself with joy/ Страшно обрадоваться – Әйелі ұл тапқандай қуану.
Осылай. Кездескенше күн жақсы!
