А.Винокуров: «Астана» велокомандасындағы легионерлер қазақ спортшыларының қарыштауына сеп бередi
«Команда «Тур де Франста» өз жұмысын 100 пайызға атқарып шықты. Бiздiң бас демеушiмiз «Самұрық Қазына» қорына үлкен алғысымызды айтамыз. Мәдениет және спорт министрлiгiмiздiң қолдауы да тоқтаған емес. Сонымен қатар «Астана» кәсiби президенттiк спорт клубының президентi болып тағайындалған Владимир Смирновты құттықтаймын. Ол спорт менеджментiнде үлкен тәжiрибеге ие және оның келуiмен көптеген iстер жасалады деп сенемiн. Бiз өз кезегiнде Қазақстан намысын халықаралық аренада көтере беретiн боламыз», — деп атап өттi ол.
Сонымен бiрге А.Винокуров шетел легионерлерi мен қазақстандық жас спортшылардың араласа қызмет етуi қазақстандық велоспорттың даму деңгейiне тiкелей әсер бередi деп отыр.
«Командада 10 шақты қазақстандық велошабандоздар бар. Олар Камышев, Луценко, Фоминых және басқалары. Олардың әлеуетi жоғары. Олар Винченцо Нибали мен Фабиу Ару сынды әлемдiк деңгейдегi спортшылармен қатар жұмыс iстеуде. Бұл олардың және жалпы отандық велоспорттың дамуына ықпал етедi. Мен де кезiнде жас болғанымда T-Mobile командасында Ян Ульрихтың жанында жүрiп шыңдалдым», — дедi А.Винокуров.


