Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ақтауда жолақы қымбаттауы мүмкін

Қазір Ақтау қаласы әкімдігінде қоғамдық көліктің жолақысын көтеру жобасы қаралып жатыр. Соған сәйкес, автобустың бағасы 25 теңгеден 35 теңгеге өсуі мүмкін.

Жергілікті баспасөз құралдарында алдын-ала хабарландыру жарияланып, тұрғындардың бұл өзгеріске келісімі немесе қарсылығы, ұсыныс-пікірі жиналып жатыр екен.

Қала тұрғыны ретінде өзімнің пікірімді айтып, берілген телефондарға қоңырау шалдым. Қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Азамат Ержанов тарифтің 2006 жылдан бері көтерілмегенін айтты. Ол тарифті көтеру төмендегі шығындарды есептеу арқылы белгіленген дейді:

1. Осы алты жыл ішінде көліктің жанармайы 200 пайызға қымбаттаған. Қазір жанармайға 53 млн теңге жұмсалады екен.

2. Майлау (смазочный) материалдарының да бағасы өскен. Бір автобусқа 0,7 литр майлау материалы жұмсалады.

3.Техникалық қызмет көрсетудің бағасы да 2006-2011 аралығында 25 пайызға артқан.

4. Көлікті пайдалану шығыны (эксплуатационный расход автомашин) есептелген. Базар бағасымен көліктің бір дөңгелегі 28 500 теңге тұрады деседі. (көлігі барлар білетін шығар нақтысын)

5. Амортизация.(Менің түсінігімше, машинаның пайдалануына, тозуына қарай құнын өтеу үшін ауық-ауық ұсталатын жарна)

6. Айлық жалақы. Жүргізушіге 70 мың, кондукторға 35 мың теңге көлемінде.

Осындай шығындарды есептей келе, жалпы шығыны 125 млн теңгені құраған (шатаспасам, бір айға есептегенде ғой деймін).

Сөйтіп, тарифтің орташа көрсеткіші 34,98 теңге болып анықталған. Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы сарапшылар (независимая государственная научная антикоррупционная экспертиза) тарифті көтеру туралы Жобаның коррупциногендік факторы жоқ деген қорытынды берген. Кәсіпкерлік бөлімінің айтуынша, егер жолақы өсетін болса, тасымалдаушыларға 3 жылдың ішінде автобустарын жаңа автобусқа ауыстыру туралы талап қойылмақ.

Менің жеке көлігім жоқ, сондықтан көліктің шығыны қандай, қаншалықты болатынын білмеймін. Алайда кәсіпкерлерді түсінемін. Олардың шығындарының аз емесін көріп отырмын. Бірақ қарапайым қоғамдық көлікпен жүрген адам ретінде тарифтің көтерілуін қаламаймын. Өйткені республика бойынша 25 теңге аз шығар. Басқа қалаларда 50-60 теңге болғанымен, сол ірі қалаларды Ақтаумен салыстыруға келмейді. Өйткені қала шағын, бірақ жолаушы көп. Әр адам күніге 4 рет (кем дегенде) автобуспен жүреді. Оған қоса, теміржол билетінің бағасы да көтеріледі дегенді құлағым шалды. Әрине, жолақы құны көтерілсе де, жолаушы саны азайып кетпейді. Өйткені адамдар бұрынғыша автобуспен жүре береді. Бірақ біз тапқан-таянғанымызды жолақыға жұмсай береміз бе?

0
1
367

Осы тақырып бойынша

Ақтауда жолақы қымбаттауы мүмкін - Yvision.kz