Ақтау қалалық сотының төрағасы тағайындалды
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 3 қарашадағы № 368 Жарлығымен тағайындалған Ақтау қалалық сотының төрағасы Кенжалиев Мәлік Сәбитұлын ұжымға салтанатты түрде таныстырды.
Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ж.Аланов, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, кеңсе қызметкерлері, сондай-ақ өңірдің құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Қалалық соттың жаңа төрағасын ұжымға таныстыру барысында Ж. Аланов: «Мәлік Сәбитұлы – кәсіби судья, тәжірибелі басшы. Осы уақытқа дейін ол Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарды. Сот жүйесіндегі қызметтік өтілі 11 жылдан асады», -деп атап өтті.
Өз ісінің кәсіби маманы Мәлік Сәбитұлы еліміздің сот жүйесінің беделін арттыруға үлес қосып келеді. «Алдағы уақытта да әділдіктің ақ жолында аянбай еңбек ете беремін», - деді жаңа жұмысына кіріскен М.Кенжалиев.
Облыстық сот төрағасы Елбасының осы жарлығымен Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып тағайындалған Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гаухар Метеркулованы, Жаңаөзен қалалық сотының судьясы болып тағайындалған Ақтау қаласы №2 сотының судьясы Алтынгүл Қарабекованы салтанатты түрде ұжымдарымен таныстырды.
Ал Мұнайлы аудандық сотының судьясы Ержан Ілиясов Шу аудандық сотының судьясы болып ауысуына байланысты оған сәттілік тілеп, шығарып салды.
http://sud.gov.kz/kaz/news/aktau-kalalyk-sotynyn-toragasy-tagayyndaldy

