Ақтөбедегі теракт кімге керек болды?
Бейбіт мемлекетімнің тыныштығын бұзған Ақтөбе оқиғасы. 05.06.16 еліміз үшін қаралы күн. Ресми түрде 09.06.16 қаралы күн деп жарияланды. Әлі де қорқыныш сейілмек емес. Дәл осы қиын кезеңдерде халқымыздың нақ ынтымақтастығы мен достастығының рухы көрінгендей. Қазақстанда 130-дан аса ұлт емес, дәп бір, тек қана бір қазақстандықтар тұратынын дәйекті мысалымен көрсетіп, бір жұдырықтай жұмыла жан айқайын елден қымтырылмай жеткізіп жатқан жасөспірім балалардың өлеңдерінен-ақ ұқтым. Халық үшін мына тәуелсіз елде жалтақсыз желбіреген көк туымның қадірін осы күндері айқын байқадық. Біздің мемлекетіміздің бейбіт өмірі біреуге кедергі етті ме? Өзгелердің қызғанышын туғызғаны ма? Атомдық қару-жарақтан бас тартқанымызбен, бүгінгі күннің қаруы одан асып түспек. Ең сұмдық қару ел ішіне іріткі салу емес пе? Бұл бірінші рет болған дүние емес. Дана халқымыз “іштен шыққан жау жаман” деп, өз жауларын достарынан жақын тартқаны баршамызға мәлім. Тек мұнда іштегі тату бауырымызды жау есебіне қосылуға, өз халқын қырғынға ұшыратып, қан қақсататындай не көрінді? Ата-анасын күндізгі күлкі мен түнгі ұйқысынан айырып, өз ішінен шыққан ұлдары үшін бүкіл халықтан кешірім сұрап, ұяттан жерге кірердей дәрежеге жеткізендей қандай себеп болуы мүмкін? “Қандай тәрбие берген едік? Қай жерде ағаттық еттік, мұндай жауыз болсын деп дүниеге әкелген бе едік?” - деп зар жылаған ата-анасын енді қайтіп жұбатпақ? Адамдардың қара ниетіңнен жүзеге асуы осы. Өз ішіміздегі бауырымыз жауымызға айналды. Өзгенің жемтігі, жендеті болған секілді. Бұның басында тұрған адамдардың мұншалық қаскөйлік көрсететіндей нендей күн туғызып едік? Кімнің ала жібін аттап, кімнің жолын торуылдаған едік? Кімнің бізде кегі кетті? Өз ниетімен халқын қыруға қиды деуге аузым бармайды. Өзгені кінәлап, өзгеден айып таппақпын. Менікі тек өз халқымның жауыз ұлдарын ақтап алмақ ниет.... Басқа-басқа дәл қасиетті Рамазан айында мұндай оқиғаның болғаны өте өкінішті. Жыл бойы айлар сұлтанын күтіп, халық ораза ұстап, ауыз бекіткен шақта осы оқиғаға тап болдық. Тек сол күнмен бітсе мейлі ғой. Келесі күндері де атыс пен шабуыл жалғаса берді. Отанын қорғауға ант берген жауынгерлеріміз жасына қарамастан аянбай қарсылық көрсетіп, о дүниеге де елі үшін аттанды. Олардың қажырлы еңбектері мен батырлығының арқасында ол топ тез ұсталды. Халық тыныштығы сенімді қолда екенін көрген ел уайымға түскен жоқ. Қандай дайындықпен, жоспармен жұмыс жасап жатқанын көргендіктен сенді. Олар сенімді ақтады. Бұл оқиға санамыздан өшпек емес. Бұл қорқыныш ендігі ұйқымызды бұзбасын, ынтымағы жарасқан елімнің шаңырағы шайқалмасын!
