Ақтөбеде олимпиаданың алтын жүлдегері Андрей Ақтауовқа пәтер кілті табысталды
Oблыс әкімі Архимед Мұхамбетов 17-ші жазғы Азия ойындарына қатысқан ақтөбелік спортшылармен кездесті.
Кездесу барысында әкім бір бөлмелі пәтер кілтін спортшы Андрей Ақтауовқа табыстады. Ол олимпиададан алтын жүлдемен оралды. 500 мың теңге сыйақымен облыстың екінші жүлдегері, каратэ-додан 2-орын алған Ринат Сағындықов марапатталды.
«Біздің спортшылар осы Азия ойындарында өте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Мемлекет басшысының саясаты арқасында бүгінде қазақстандықтардың көбі спортқа тартылуда, спорт нысандары қол жетімді болып келеді. Біздің облыста да спорт нысандарының желісін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Таяу арада Ақтөбеде жекпе-жек өткізетін халықаралық жарыстарды өткізуге қолайлы болатын заманауи сарай салу жоспары бар», — деп атап өтті әкім.
Сонымен бірге Архимед Мұхамбетов бір жаңалықпен бөлісті. Осы жылдан бастап облыс мәслихаты облыстық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарына, үздік спортшыларға арнайы сыйақы тағайындалды.
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат

