Ақтөбеде облыстың үздік «барыстарын» анықтады
Ақтөбеде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің облыстық кезеңі өтті. Оған наурыз және сәуір айларында жарыстың қалалық және аудандық кезеңдерінде жеңіп шыққан 26 палуан қатысты.
Палуандар арасында 5 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл сайыстың биылғы додасы ең әсерлі әрі ауқымдысы болды. Ұйымдастырушылар оны ұлттық спорт түрінің нағыз мерекесіне айналдыра білді.
Жарыстың қорытындысы бойынша «Ақтөбе барысы» атағын қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы, өткен жылдары «Қазақстан барысы» республикалық жарысының қатысушысы, ақтөбелік Бақтыбай Қисықов иеленді. Ақтық кезеңде ол Шыңғыс Шоқпытовты жеңіп, жарыстың басты жүлдесі — «Лада-Гранта» көлігіне ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жоғары шеберлік көрсеткен Шыңғыс Шоқпытов та тура сондай көлікпен марапатталатынын атап өтті. Жарыстың үшінші жүлдегері — Әйтеке би ауданынан келген Саят Жетібаев болды.
Осылайша, шілде айында Астана қаласында өтетін ақтық жарыста Ақтөбе облысының намысын Бақтыбай Қисықов пен Шыңғыс Шоқпытов қорғамақ.
Басты сөздер: Ақтөбе облысы , Спорт
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат

