Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

АҚПАРАТТЫҚ ДӘУІРДЕ ОҚУЛЫҚ БАҒДАР ІСПЕТТІ: ОРЫС ТІЛІ ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТАЛАС-ТАРТЫСҚА САРАПШЫЛАРДЫҢ ЖАУАБЫ. 2-бөлім

7-сыныпқа арналған орыс тілі оқулығына қатысты дау-дамайға орай сарапшылар комиссиясы мүшелерінің жауабын жариялауды жалғастырамыз (бірінші бөлімі келесі сілтемеде https://yvision.kz/post/777291 ). Иә, расында да бұл оқулықтың құрылымы өзгеше, оның үстіне электронды қосымшасы бар.

ЖЕКЕ ТҰЛҒАҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚУ ҚҰРАЛЫ

Оқулықтың мазмұны бүгінгі күннің талабына сай құрылғанын естен шығармаған жөн. Әрі төрт жылдан кейін оқу құралының қайта басылып шығатынын да есепке алу керек. Республикалық “Оқулық” ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбіткүл Каримова мұндай тәжірибе дамыған елдердің бәрінде бар екенін айтады. Мәселен, Австрияда оқулықтар жыл сайын қайта басылады екен. Ал төрт жылдан кейін бұл оқулық, қай жағынан алып қарағанда да, ескіреді.

Бейбіткүл Сәрсенханқызы оқу құралдарын жасау жұмысы қалай жүретіні туралы да айтып берді. Ал бұл оқулықты баспа ұсынған авторлар ұжымы жасаған. Негізгі автор Зинаида Сәбитова бұған дейін де орыс тілі оқулықтарының авторы болған. Ал бұл жолы оқу құралын мектеп бағдарламасының жаңартылған мазмұнына сай даярлаған. 2020 жылға дейін мектеп оқулықтары түгелдей жаңартылған мазмұнға көшетіні белгілі. Б.Каримованың айтуынша, олардың барлығына қойылатын ортақ талап – оқу құралдары түгелдей жеке тұлғаға бағыттала жасалуы тиіс.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

“Оқулық авторлары барлық пәнді қамтығысы келген секілді, тіпті, информатиканы да”. – Әлеуметтік желіде балаларын мұндай желіден аулақ ұстағысы келетіндер пікірлерін осылай мысқылмен де білдіріп жатыр. Сарапшылар грамматика, орфография және тыныс белгілері орыс тілін оқыту бағдарламасының негізі болып қалып отырғанын айтады. Тек оқыту тәсілдері өзгергені анық. Брифингке қатысушылардың пікірінше, оқу құралына енген мәтіндер сөздік қорды байытып, сөйлеу қабілетін дамытады. Онда этика және отбасы құндылығы туралы тақырыптар бар, айналада болып жатқан жағдайлар, мамандықтар туралы да айтылады.

Философия ғылымдарының докторы, орыс тілі бойынша оқу бағдарламасын жасаушылардың бірі Құралай Оразаеваның айтуынша, жаңа мектеп бағдарламасын жасау – өте күрделі үдеріс, ол қоғамда міндетті түрде дүмпу тудырады. Алайда, жаңа технологиялар оқу процесін ұйымдастырудан бастап, ондағы мұғалімнің және оқушының рөліне дейінгінің бәрін өзгертуді талап етеді. Мәселен, балаларды жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен оқыту үшін мұғалімнің өзі оқытудың кембридждік технологиясы бойынша арнайы оқу курсынан өтуі керек. Сабақ барысында үнемі әрекетті ауыстырып отыру, топпен өзара жұмыс істеу, іргелі білімге баса назар аудару балалардың жеке тұлға ретінде дамуына ықпал етеді.

БАЛАЛАРДЫҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰНДЫ ИГЕРУІНЕ КӨМЕКТЕСУ КЕРЕК

Заманауи оқулық – ақпарат көзі емес, бағыт-бағдар беруші. Бейбіткүл Каримованың түсіндіруінше, оқулық та мұғалім сияқты: бағыт-бағдар береді, қажетті қабілеттердің қалыптасуына көмектеседі, ақпарат іздеуді үйретеді. “Көшіріп жаз”, “көпнүктенің орнына тиісті әріпті жаз” деген секілді тапсырмалар біртіндеп өткен күннің еншісінде қалады. Жаңа бағдарлама іргелі білімге, аналитикалық тәжірибеге негізделген.

Сондай-ақ, көптеген оқу құралдары әлі бекітілмегендіктен, кез келген адамның оларды өзгертуге ықпал ете алатынын да айрықша атап өткен жөн. Бейбіткүл Сәрсенханқызы “Оқулық” орталығының сайтына кіріп, болашақта жарық көретін оқу құралдарын қарап, сын-ескертпелер мен ұсыныстарды қалдыруға болатынын, олардың міндетті түрде ескерілетінін де айтты.

 

0
0
715

Осы тақырып бойынша

АҚПАРАТТЫҚ ДӘУІРДЕ ОҚУЛЫҚ БАҒДАР ІСПЕТТІ: ОРЫС ТІЛІ ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТАЛАС-ТАРТЫСҚА САРАПШЫЛАРДЫҢ ЖАУАБЫ. 2-бөлім - Yvision.kz