Оқулық шын мәнінде өзгеше: мұнда әдеттегідей грамматика жоқ, тапсырмалар да қалыптан тыс. Есесіне, бұл пән үшін тың тақырыптар бар: “Климат пен оның өзгерісі”, “Генетикалық модификацияланған өнімдер”, “Дәстүр”, “Әлеуметтік желілер”.
КІТАПТЫҢ НОБАЙЫМЕН КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ ТАНЫСА АЛАДЫ
Мамандардың пікірінше, журналистер мен блогерлердің жалынды жазбалары жаңа әдістеменің мәнін түсінбеуден туындап отыр. Республикалық “Оқулық” ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Бейбіткүл Каримованың айтуынша, “оқу құралын пән комиссиясы мақұлдаған, ал оның құрамына білім беру саласы бойынша біліктілігі жоғары 130 маман кіреді. Олар ғалымдар, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер, депутаттар, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен қоғам өкілдері”. Осыдан кейін барып оқулық республикалық комиссияның отырысында бекітілген. Сайтта 5000-ға жуық ұсыныс пен ескертпе болған. Оқулықтың соңғы нұсқасында олардың барлығы дерлік ескерілген.
Сонымен қатар, кітаптың нобайы “Оқулық” орталығының ресми сайтына өткен жылдың қараша айынан бастап салынғанын атап өткен жөн. Оның мазмұнымен кез келген адамның танысуына мүмкіндік болды.
ДӘСТҮР ЖӘНЕ “КЕШКІ УРГАНТ”
Мамандар авторлардың тұжырымдамасын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, оқулықққа қатысты ең негізгі шағымдарға қатысты түсініктеме берді. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Журавлева Евгения Александровна “Астана күні” материалында алғашқы дереккөздің стилі әдейі сақталғанын айтты. Материал балалардың “заметка” жанрындағы материалдарда кездесетін сөз тіркестерін меңгеруіне көмектеседі. Оның үстіне, Tengrinews порталынан алынған шағын жаңалықтың танымдық тұсы да бар, онда біздің дәстүрлеріміз туралы айтылады.
Орыс халқының дәстүріне қатысты тағы бір материал дау-дамайдың өзегі болып отыр. Жетінші сынып оқушылары YouTube арнасынан ресейлік “Кешкі Ургант” телебағдарламасын тамашалап, Масленица мейрамы туралы білуі керек. Евгения Александровна оқушыларды дәл осындай жолмен қызықтыра білу керек деп есептейді. Егер құрғақ энциклопедиялық мақала берілетін болса, оны балалар соңына дейін әзер оқып шығуы мүмкін. Ал Иван Урганттың бағдарламасында Масленица мейрамы туралы кішкентай балалар әңгімелейді. Бұл өзгеше ойланыстырылған ерекше тәсіл деп есептейді ғалым.
“И-ПЫЗЯВА” ЕРТЕГІСІНІҢ ПАЙДАСЫ НЕДЕ?
Оқулықтағы түрлі пікірге арқау болған материалдардың көпшілігі балалардың қиялын ұштауға, оларды шабыттандыруға және өзгеше ойлай білуге баулуға бағытталған. Мәселен, жетінші сынып оқушылары Юрий Антоновтың “Туған өлке” әнін тыңдап қана қоймай, өздерінің сезімін де жеткізуі керек, әнді тыңдаған уақытта көз алдына қандай көрініс келгенін әңгімелеп беруі тиіс. Тапсырма баланың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталғаны анық.
Людмила Петрушевскаяның мәтіндері де балалардың қиялын ұштауға көмектеседі. Ал Людмила Стефановна Ресейдегі мойындалған әдебиетшілердің қатарында, оның жазғандары бұған дейін де оқулықтарға енген. “И-пызява” ертегісі баланың қиялдау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Оның үстіне, сарапшылар Петрушевская жазған мәтін стилистикалық тұрғыда да мінсіз деп есептейді.
БАСҚАЛАРДЫҢ ҚАТЕЛІГІНЕН САБАҚ АЛУДЫ ҮЙРЕТУ
Әлеуметтік желідегі жазбаға арқау болған мәтінге келсек, кітаптағы мақала “Егер мен құдіретті болсам…” деп аталады. Профессор Журавлева аналитикалық ойлаудың дамуына ықпал ететіндіктен, мұндай мәтін әдейі кіргізілді деп түсіндірді. Ал бұл соңғы уақытта көп айтылып жүрген іргелі сауаттылықпен тікелей байланысты.
Жаңа оқулықтың электронды қосымшасы бар екенін, онда барлық сілтеме көрсетілгенін атап айтқан жөн. Бұл оқулық мазмұнының түсінікті болуына әрі оны пайдаланудың қолайлы болуына ықпал етеді. Сарапшылардың пікірінше, заманауи оқулық осындай болуы керек.
