ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
-1

Ақпараттық қауіпсіздік

Ақпарат—бүгінгі қоғамның дамуындағы басты ресурс. Ақпараттық қауіпсіздік — мемкелеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделері қорғалуының күйі. Ол экономиканы ғылымға негізделген ресурс үнемдегіш технологияларға қарай ыңғайластырып қана қоймай, әрбір жеке адамның дамуына, өмірде өзінің орнын тауып, өзін-өзі жүзеге асыруына кең мүмкіндік туғызуда.

Қазіргі таң дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі ірі өзгерістерден, жаһандастыру үрдістерінен ешбір елдің саяси өмірі, басқа салалары БАҚ-тан тыс тұра алмайтын күрделі кезеңмен бетпе-бет кездесті. Адам баласымен бірдей жасап келе жатқан ақпарат – әлем дамып, дүние жаңарған сайын түрленіп, өзгеріп отырады. Ақпаратқа деген сұранысрейтингі жоғарыламаса төмедеген емес. Қазіргі XXI ғасырда ақпарат алудың негізгі тетігін әр елдегі бұқаралық ақпарат құралдары атқарады.

Бұқаралық ақпарат құралдары – ХХ және ХХІ ғасырларда демократия аясында көп зерттелген саланың бірі. БАҚ-тың тәуелсіздігі, міндеттері мен мақсаттары, сондай-ақ қоғам мен мемлекет дамуындағы орны туралы баяндалған халықаралық құжаттар да, ғылыми-сараптамалық тұжырымдар да жеткілікті. Солардың бәрінде ең әуелі белгілі ақпарат көзі арқылы жалпыға таратылатын ойдың еркіндігіне айырықша мән береді.Еліміз тәуелсіз ел атанып, даму жылдарының ұзына бойында бұқаралық ақпарат құралдар көбейіп, өзара бәсекелестік пайда болды. Қоғамдар алмасып, нарықтық экономикалық қатынастар орныға бастаған тұстан бергі уақытты БАҚ саласындағы өзгерістерді ескере отырып, ақпарат көздерінің даму сатыларын үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – жалғыз идеологияның пәрменінде болып келген біртұтас ақпарат жүйесінің ыдырауы және қаржылық, идеялық тоқырауға ұшырауы. Екінші кезең – ақпарат әлемінің мемлекеттік және жекеменшік түрінде қайтадан қалып­тасуы, кәсіпкерлік баспасөздің құрылуы. Үшінші кезең – еліміздегі экономикалық-әлеуметтік, мәдени реформалардың тереңдеуіне сәйкес әлемдік ақпараттың республиканың эфирлік кеңістігіне енуі және Қазақстанның жаһандық ақпарат айдынына талпынысымен сипатталады.

Бүгінгі таңда ақпарат қоғамның материалды, энергетикалық, адамдық ресурстары секілді маңызды деңгейге көтерілді. Бұған Гарвард университетінің проспектісіндегі: «Материалсыз ешнарсе пайда болмайды, энергиясыз ештеңе жүзеге аспайды. Ал, ақпаратсыз ешнәрсенің мәні жоқ» деген сөздері дәлел бола алады [3].

Ақпараттық қоғамның негізгі сипаттары:

- экономиканың тауар өндіруден қызмет көрсетуге қайта бейімделуі;

- интеллектуалдық технологияның өндірістік және технологиялық салаға теңесуі;

- материалдық меншіктің құндылықтар жүйесіндегі маңызының кемуі;

- материалдық өндірістегі ақпараттық және ғылыми қызметтіңі бәсекелестік басымдылығының артуы;

- қоғамның технологиялық және саяси-әлеуметтік құрылымы негізіндегі білім, ғылым маңызының артуы;

- кез-келген саланың ғылыми және білім берушілік қызметіне ерекше мән беруі;

- әлеуметтік ұйымдар құрылымындағы өзара бірлесу яғни мәдени саладағы өзгерістер;

- қоғамдық фактордың реттеушісі ретінде «университетте» білім беру, ғылым ұғымының ерекше басымдыққа ие болуы.

Әлемдік жүйенің әр бөлігі басқа бөліктерге ықпал етеді және өзі де солардың ықпалына түседі. Бұл кез келген салаға – саясат, экономика, қауіпсіздік, ғылыми-техникалық, ақпараттық және басқа да салаға қатысты. Ақпараттық және басқа технологиялардың осы заманғы дамуы, шектеусіз әлемдік рынокқа шығу, бүкіл дүниежүзімен сауда жасау мүмкіндігі, әлемдік білім мен ақпараттың негізгі ортасына кез келген өңірден қосылу мүмкіндігі, бүкіл әлеммен тікелей байланысқа түсу, басқа елдерден үйрену, өзге халықтардың мәдениетін білу арқылы рухани баю – мұның бәрі қазіргі дүниенің бізге беретін нәрсесінің бір бөлігі ғана. Жаһандануды әркетке келтіретін көптеген себептер бар. Жаһандану процесінің құрамдастары – ғылыми-техникалық прогресті, жаңа ақпараттық, коммуникациялық, әлемдік экономиканың даму деңгейін, оның субъектілерін және басқа да көптеген нәрсені көрмеу мүмкін емес.

1993 жылы БАҚ қаламгерлеріне арнаған сөзінде республика Президенті өтпелі шақтағы қиындықтарға тоқтала келіп: «Республикада қалыптасып отырған жаңа экономикалық, әлеуметтік ахуалда мұндай сыннан өтудің сөзсіздігін түсіндіруде журналистер сөзінің жауапкершілігі зор. Нарықтық қатынастар мен қоғамды одан әрі демократияландыруға бұдан басқа парасатты балама жоқ екенін баршаның түсінуі керек» – деген еді [1]. БАҚ ұжымдары мен еліміздегі көрнекті баспасөз өкілдері Президентті қолдады. Ақпарат тасқынында тәуелсіздік рухымен суарылған, келешекке сендірген жаңа лептегі мазмұнды мақалалар басым болды.

Әлемде озық технологиялардың дүниеге келуімен ақпарат кеңістігі де айтарлықтай ұлғая түсті. Ұлы державалар да өздерінің техникалық  және өзге де жетістіктерін пайдаланып, өз ықпалдарын, пәрменділігін жүргізуге ұмтылуда. Әрине, әлемдегі болып жатқан мұндай өзгерістерден табиғи және адами байлығы мол Қазақстан шет қалуы мүмкін емес. Жаһандану процесі жүріп жатқан кезеңде ашық қоғам құруға ұмтылып отырған мемлекетпіз. Коммуникация саласындағы тың үрдістерді саралай келе қазіргі қоғам өмірінде ақпараттың мәні ерекше екенін түсінеміз. Кейбір зерттеушілердің болжамы бойынша, ақпараттың адам санасына, әлеуметтік стратификациясы мен жинақылығына, өмір сүру салтына және тұрмыс саласына әсер етуі ойлау қабілеті басқаша дамып жетілген адамның жаңа типінің пайда болуына әкеп соққан тәрізді. Еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі модернизация үрдісінің ерекшелігі, ол адамдардың мәдени-тарихи ерекшелігіне, ұлттық менталитетіне, мемлекетке қалыптасқан этномәдени және тілдік жағдайға негізделген. Кеңес Одағынан кейінгі кезеңде еліміздің ақпараттық кеңістігі бірнеше эволюциялық жаңғыру, жаңару кезеңдерін басынан кешірді. Ақпараттық кеңістікте бұрын болмаған: жеке партиялық, діни, жарнамалық, интернеттік, тағы басқа да сегменттер пайда бола бастады.

Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мынадай негізгі міндеттерді жатқызуға болады:

1. мемлекеттің және қоғамның басты мақсаты адамның өркендеуіне ақпараттық саланы бағдарлау;

2. ақпараттық қауіпсіздік туралы мемлекеттік доктрина яғни ғылыми концепция әзірлеу;

3. Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде біріңғай мемлекеттік саясатының жүзеге асыру механизімін және негізі бағыттарын анықтау [2].

Ақпараттық үрдістермен байланысты мәселелерді зерттеу, әлемдік саясаттануда, әлеуметтануда, әлеуметтік философияда XX ғасырдың екінші жартысында белсенді түрде бастау алып, «Ақпараттық қоғам», «Өркениеттің үшінші толқыны», «БАҚ төртінші билік ретінде» сияқты концепциялар пайда болды. Ақпараттық жүйенің ролі социумда болып жатқан «индустриядан кейінгі қоғам», «ақпараттық өркениет», «электронды дәуір» сияқты өзгерістердің деңгейінде бағаланады. Сол сияқты бүгінгі заманымыздың көп қолданылатын теңеулерінің бірі «ақпараттық қоғам» болып табылады. Ақпараттың адам өміріндегі ықпалының артуы, электронды-компьютерлік технологиялардың күннен күнге жанданып дамуы, олардың адами іс-әрекеттің барлық саласына (білім, ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, тұтыну, байланыс, бизнес, мәдениет т.с.с.) ықпалының артуы ақпараттық қоғам ұғымының ғылыми айналысқа енуіне негіз болып отыр [4]. Тәуелсіздік алғалы  Елбасының қамқорлығымен жыл сайын БАҚ өкілдерімен бас қосып, осы саладағы күрмеуі көп мәселені талқылау үрдіске айналды. Мемлекет пен БАҚ-тың арасындағы жаңа қарым-қатынастың ерекшеліктері, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы ақпарат құралдарының рөлі секілді келелі мәселелермен бірге, сыртқы идеологиялық насихаттың ықпалы да БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде назардан тыс қалған емес. «...Жас тәуелсіз мемлекеттер көбінесе сырттан таңылатын пікірлердің қатал қысымына ұшырайды. Осының салдарынан өз қисыны бар аса күрделі ішкі үдерістер сырт көзқараспен бағаланып, көбінесе үстірт, ал кейде біржақты түсіндіріледі. Бұл көптеген мемлекеттер үшін шынайы тәуелсіздікті нығайту жолында өзіндік кедергіге айналады. Алайда, сыртқы ақпарат көздерін жабу өзімізді өзіміз оқшаулау болар еді» – деді Нұрсұлтан Назарбаев [5].

Бүгінгі таңдағы БАҚ дамуының негізгі тенденцияларының бірі – жаһандану. Бүгінгі күні ақпарттық қарым-қатынас деңгейін шартты түрде: жергілікті, ұлттық және жаһандық деп үшке бөлеміз:

-                     Бірте-бірте жергілікті және ұлттық деңгейдегі ақпараттық қарым-қатынас салмағының жаһандыққа ауысуы.

-                     Коммуникацияның жергілікті деңгейден ұлттық және жаһандыққа өтуі, жеңіл әрі қарапайым түрде жүзеге асуы.

-                     Ұлттық шекара және ақпараттық кеңістіктің тұйықтығы әсер етпейтін ірі трансұлттық коммуникациялық корпорациялардың мәні мен салмағының өсуі.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаһандану соңғы жылдары белсенді түрде дамуда. Қазіргі уақытта оның бірнеше бағытын көруге болады:

  1. Көптеген БАҚ-тың ақпараттық әсерін әлемнің бірнеше  елдеріне тарату.
  2. БАҚ-тың трансұлттық корпорацияларда жинақталуы, әртүрлі коммуникациялық жүйелердің біртектес желіге қосылуы [6].

Ақпарат құралдары және коммуникацияның әлемдік өркениет тарихындағы негізгі даму кезеңдері ақпарат таратудың қағаздық емес құралдарынан басталып, одан әрі қолжазба дәуірге көшіп, тарихқа тұңғыш баспа станогын әкелді. Журналистика қоғамдық институт ретінде қалыптасып, электронды БАҚ-тың негізі қаланып, бүгінгі күні ақпараттану жаһандану үрдістерімен, біркелкі әлемдік ақпарат кеңістігімен сипатталады.

Ғылыми әдебиеттерде ақпараттық қоғам деңгейіне жеткен елдерде жер халқының 1 млрд. жуығы өмір сүреді, сондықтан оларды «алтын миллиард» деп атау бастапқыда әдетке айналып, бұл елдерге Батыс Европа елдері, АҚШ, Канада, Австралия мен Жаңа Зеландия, Жапония, Малайзия, Сингапур т.с.с. жатқызылады [7]. Алайда XXI ғасырдың басында индустриялық сатыдағы, тіптен дамушы елдердің өзінде де ақпараттық технологиялардың қоғам өміріндегі орны мен рөлі әлденеше рет артып кетті. Оған «алтын миллиард» елдеріне кірмейтін Қытай, Үндістан, Шығыс Европа, Африкалық және араб әлемінің, ТМД елдеріндегі ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен инновациялық технологиялардың түр-түрін тұтынудың күрт өсуі нақты дәлел бола алады. Қазіргі таңда ақпараттандыру процесі жедел қарқынмен жүруде, ғаламдану процесі сияқты бұл құбылыс та бүгінгі болмысымыздың ажырамас белгісіне айналды. Адамзат қауымы ғаламдық ақпараттық қоғам сатысына өтудің табалдырығында тұр. Бүгінде энергия ресурстары мен минералды шикізат емес, ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мемлекеттің дамуы мен гүлденуін айқындаушы басты факторларға айналуда. Ақпарат пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану әлемдік прогрестің көрсеткішіне, ғаламдық үрдіске айналды.  Ал американдық қоғамтанушы Д.Беллдің көрсетуінше, постиндустриалды қоғамды ерекшелейтін белгі – онда адамның іс-әркетінің басты нысаны ақпарат, ақпаратты алу, өңдеу, беру, тарату, ақпараттар ағынын басқару болып табылады [8].

Қазақстан Республикасы – демократиялық даму жолын таңдап, әлемдік аренада өзіне лайықты орын алған дербес мемлкет. Әлемдік қауымдастыққа бет алған еліміздің дүние жүзілік саясатта алар орын ерекше.  Тәуелсіз ел саяси бағытты айқындап, дамыған елдердің қатарына қосылуға талпынуда. Қазақстан ақпарат нарығында қызмет етіп келе жатқан БАҚ-тың саны да, сапасы да жоғары. Бұған 1991 жылы Президенттің журналистикаға жекеменшік секторды енгізу жөнінде шығарған жарлығы сеп болуда. Әлемдік үрдіске байланысты елімізде көптеген салалар жаңа қырынан көрініп, көш ілгері жылжып барады. Баспасөз нарығы да кеңестік кезеңдегідей емес, рыноктық талаптарға сәйкес мемлекеттік және жекеменшік болып екіге бөлініп, бәсекелестік негізде дамуда. Қалтасы қалың кез-келген азамат өз бетінше ақпарат құралын ашып, қожайын бола алады немесе біреудің мүддесіне жұмыс істейді. Журналистердің мүддесі күллі қоғамның қажеттерімен, талаптарымен астасып жатады. Үкіметтік басылымдардың, радио мен телеарналардың қызметкерлері мемлекетке қалтқысыз қызмет етіп, қоғамдық пікірдің тамырын тап басуға тырысып бағуда. Бұл арада қоғам өміріндегі саяси көзқарастар мен үрдістердің қалыптасуындағы өз міндетін жете түсінуінің маңызы аз болып отырған жоқ. Алайда, мұның екінші жағы бар. Биліктің көңілінен шығамыз деп болмашы шындықтың бояуын асырып жіберетін cәт те кездесіп қалады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректері бойынша, бүгінде елімізде 7551 БАҚ тіркелген, оның 78 пайызы жеке меншік иелігінде. Статистикаға сүйенсек, еліміздің ақпараттық нарығында 13 тілде ақпарат тарататын БАҚ бар. Еліміздегі БАҚ-тың 469-ы қазақ тілінде, 856-сы орыс тілінде, 879-ы орыс және қазақ тілдерінде хабар таратып, жарық көреді. Қазақстанда этникалық топтардың тілдерінде 28 басылым шығады [9]. Әрқайсысының өзіндік бет бедері, ұстанған позициялары, ақпараттық саясаттары өзара ұқсас болғанымен, айырмашылықтары да жоқ емес.

Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі – экономикалық, әскери де саяси қауіпсіздігі секілді маңызды мәселе. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің ақпарат кеңістігі мәжбүрлі түрде көрші елдердің ақпараттық шабуылын бастан өткеріп келеді. Бұл, әсіресе, оңтүстік пен солтүстіктегі Өзбекстан және Ресей секілді елдермен шегаралас аймақтарға қатысты құбылыс. Қазір Оңтүстік Қазақстанның көптеген аудандары Өзбекстан БАҚ-тарының өнімдерін пайдалануға мәжбүр.Себебі ол аймақтың тұрғындары қазақстандық телеарналарға қол жеткізе алмай отыр. Мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздік жөнінде сөз қозғау орынсыз. Оның идеологиялық танымға әсерін былай қойғанда, тілдік ерекшеліктерге тигізген ықпалының өзі қауіпті. Көз ашқалы қара жәшіктен өзбектерді көріп өскен бүлдіршіндер көрші елдің жаңалығы мен ұлттық болмысын жанына жақын тұтары сөзсіз. Ресей ақпарат құралдарының шабуылы – өз алдына бөлек әңгіме. Шекаралас жатқан аймақтарды былай қойғанда жалпы республикалық деңгейдегі медия-нарықтың қожайыны өзіміз екендігіне күмәнмен қарауға болады. Себебі, Қазақстандағы тұрғындардың 36-% «Еуразия» телеарнасын тұрақты түрде көреді. Яғни аталған арна көрермендерінің саны жағынан ең жоғары көрсеткішті иеленіп отыр. Ал, мемлекеттік деңгейде күш салынып отырған «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналарының көрермендері бар болғаны 16-% құрайды екен. Таза қазақ тілінде сөйлейді деп өзіміз қолпаштап жүрген «Еларна» көрермендердің бар болғаны 10 пайызын ғана қызықтырады [10].

Елімізге шетелден келіп тарайтын басылымдардың да басым көпшілігі Ресейлік БАҚ-тардың өнімдері екендігі белгілі. Идеология саласына келгенде осылай жомарттық танытатын мінезіміздің салдарынан рухани кеңістігіміз сан түрлі қоқысқа толып қалды. Мың сан таралыммен кіріп жатқан басылымдардан бөлек, көршілес елдердің «адасқан» толқындарын техникалық жолмен шектеуге болатындығын мамандар айтып жүр. Ол үшін Сыртқы істер министрлігі өзге елден келіп жатқан сигналдарға байланысты сол мемлекетің өзіндегілерге хат жазуы тиісті. Бұл туралы тіпті бірнеше рет депутаттық сауал да жолданғанынан. «Шалғай жатқан аймақтарға толқын тарату үшін мұнара жетіспейді» деген пікір жиі айтылады. Алайда еліміздегі мұнаралардың 50 пайызы әскери мақсатта пайдаланылатын болса 30 пайызы елдегі байланыс жүйесін қамтамасыз ету үшін берілген. Әрине, әскери қауіпсіздік те ел мүддесін қорғау үшін аса қажетті сала. Алайда, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы одан кем соқпайды.

Қазақстан болашағы бекем, елдік үміттері ақталмай қалмас жас мемлекет. Қазіргі жаңару жаңғыру дәуірінің жарқын мұраттарының бірі азат реңді, өршіл рухты қазақ халқының әлемдік дидарын қалыптастыру, жаһандану заманынан алар өз орнын, енші үлесін айқындау болып отырғаны шындық. Әрине, бұл елдік мәселенің оң шешім таппағы, дұрыс бағыттан ауытқымауы ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігіне де тікелей байланысты. Бүгінгі күннің талассыз ақиқаты осы. Дәл қазір біз мемлекетімізді қалыптастыру процесін бастан кешіріп жатырмыз. Қоғамда демократия толығымен орнап қойды деп айту ертерек, біз соған бара жатқан елміз. Батыстағы бірқатар елдер бұл жолдан баяғыдан өтіп қойған. Саяси реформалар аяқталып үлгерген, әлеуметтік мәселелер де жетекші мәнге ие емес. Сондықтан екі тараптың бұқаралық ақпарат құралдарына азық болар тақырып та басқа болмағы заңдылық. Оларда шоу бизнес, спорт, табиғи апаттар, атыс шабыс сарынындағы ақпараттар сұранысқа ие болса, бізді бірінші кезекте елдік мәселелер толғандырып тұрмағы тиіс. Қоғамдық пікірді тарату аз, оны қалыптастыра білуіміз де қажет. Әсіресе, тәуелсіздік терісін жамылған басылымдарға қатысты, әрине, кез келген газеттің ұстанған бағыт бағдары болады, өзіндік ерекшеліктеріне қарай өз аудиториясын табады. Бірақ, теріс сенсация қуып арзан ақпаратқа, тапсырыстағы дүниелерге мазмұны мәнсіз мақалаларға жол бермегені абзал. Мұндай басылымдар күн санап қаптап барады. Алған ақпаратты бүге-шүгесіне дейін анықтап, нақты түсіндіру газеттің міндеті болып табылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі артықшылықтарын анықтау ақпараттық ортаға жататын қатерлерді әшкерелеуде, оларды жеңу жолдарын табуда, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету механизмдерін жетілдіруде көрініс табады. Ақпараттық салада саяси ұстанымдарды бақылай алатын және түзете алатын дамыған азаматтық қоғам ақпараттық қауіпсіздіктің приоритетін іске асыруда мемлекеттің тұрақты және тартыссыз дамуына негіз болады. Қазақ қоғамының ақпараттық қауіпсіздігіне төніп тұрған әлеуетті қатерлерді зерттеген дұрыс болар.

Біріншіден, Қазақстан көпұлтты және көп конфессиялы мемлекет, мұнда ондаған ғасырлардан бері түрлі діни сенімдегі 100-дан астам ұлт өкілдері  тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінде Қазақстанда 40-тан астам діни конфессиялардың 4 мыңнан астам бірлестіктері жұмыс істеуде. Сөз жоқ ұлтаралық, конфессияаралық төзімділікті нығайту ұдайы көңіл бөліп отыруды қажет ететін мәселе. Ішкі тұрақтылық пен қауіпсіздік сияқты мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды факторларды бақылау мемлекеттің құзырында. Мұндай саяси этникалық ортаны ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін талап неғұрлым күшейеді, өйткені кейбір жалған ақпараттар жеке этникалық топтардың жағдаятын шиеленістіре отырып, әлеуметтік ортаға деген қауіпті жандандары түседі.

Екіншіден, көп жағдайда БАҚ мемлекеттің бақылауында болады, не болмаса, әртүрлі қаржылық-өнеркәсіптік және саяси элиталық топтардың күрес құралына айналады, яғни бұқаралық ақпарат құралдары экономикалық еріксіздікке бағынады және Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде айтарлықтай үстемдік етіп отырған шетел не ресейлік ақпараттың езгісінде қалған БАҚ өз мемлекет билігінің жоспары мен мақсаттары туралы қажетті әрі шынайы ақпаратты тиісті көлемде жеткізе алмайды.

Үшіншіден, мұндай жағдайлар қазақ елінің рухани құндылығын жоя отырып өзге мемлекет тарапынан мәдениет аясына деген өктемдік саясатын жүргізіп, Қазақстанның ақпарат нарығына қауіп төндіреді. Ақпараттық қауіпсіздік мәдени құндылықтарды, рухани мұраны, тарихи салттарды, қоғам өмірінің нормаларын қамтамасыз етеді. Электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамдардың арсыз әрекеттері мен озбырлығын насихаттайтын бағдарламаларды көрсетуге тыйым салса, ұлттық қауіпсіздіктің қорғалуына жәрдем жасайды.

Төртіншіден, ақпараттану индустриясында да қауіптер бар, оған сеп болған отандық электронды өнеркәсіптің жоқтығы және оны қалыптастыруда мемлекеттің эффективсіз қызмет атқаруында. Мемлекетті ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде кедергі болатын себептер келесі тізімде:ҚР Ата заңында азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиялары, құпиялы хат алмасуы туралы азаматтық құқытық қол сұқпаушылығы нақты құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етпеген соң жүзеге аспайды.Үкімет пен жергілікті басқару органдарының тарапынан, азаматтар мен заң тұлғаларының құқығын тиісті қорғай алмаушылық ақпараттық қоғам субьектілерін қанағаттандырмайды.Алайда, төніп тұрған қатердің адамға әсер ететін шексіз мүмкіншілігі біздің қоғамымыздың санасына толық жеткен жоқ. Жаңаша ақпараттық технологияның қандай да бір адамның жұмысын бақылауға, коммерциялық операциялардын ізіне түсуге, сатып алу, т.с.с жеке адам өмірінде болып жатқан құбылыстарға,кез-келген ақпараттық құралы не болмаса ақпараттарды жеткізу құралдары арқылы, әлеуметтік қызмет процессіне белсенді қатысып отырғандардың барлығын «қоса алатын» не «ажырата алатын» мүмкіншілігі бар. Әрине бұл гипотезалық тұжырым емес, шынайы ақиқат. Потенциалды қатерге қарсы тұру мемлекет тарапынан комплексті түрде өту керек. Бір жағынан, отандық замануи ақпараттық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, қандай да бір оқиғалар туралы толық және нақты ақпаратты азаматтарға бұлжытпай жеткізу, еліміздегі ашық және ашылғалы тұрған ақпараттық технологиялар қызметін белсендіру керек. Екінші жағынан, еліміздің ақпараттық инфрақұрылымы мен ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамды келеңсіз ақпараттық-психологиялық теріс әсерлерден сақтандыру тиіс.Қазақстан Республикасының ақпараттану саласында мемлекет саясатының негізгі стратегиялық бағытының бірі - тұлғалық жекешелікке оралу, оның қажеттіліктері мен қызығушылығын, қадір-қасиеті мен мұратын, берекелігі мен рухани жағдайын қамтамасыз ету болып саналады.

Елімізде келесідей нақты міндеттер ерекше мағынаға ие:

-                     көпшілік билік (публичная власть) институттарын келеңсіз ақпарат ықпалынан сақтау;

-                     конституциялық құрылымның беріктігіне бағытталған мемлекеттің

егемендігін және территориалдық тұтастығын қамтамасыз етуде

-   ақпараттық ағымдарды қалыптастыру;

-                     қоғам санасын  манупуляциядан шектеу;

-                     көпшілік билік институттарының қызметі туралы халықтың хабардар

болуын қамтамасыз ету;

-                     ақпаратты алуда және пайдалануда азаматтардың үйлесімді дамуын

қамтамасыз ететін қолайлы жағдай жасау [11].

Қоғамды ұлттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мақсатында жеке, қоғамдық және мемлекеттік, қаражаттық, әлеуметтік және рухани қызығушылықтарымен қиыстыру қажет. Бұл жағдайда халыққа жалпыұлттық қызығушылықтарды дұрыс қалыптастыру және түсіндіру ақпараттық міндеттің маңыздылығын арттыру керек. Оны шешу жолдарын таппағанша халықтың ақпараттану мәселесін сәтті шешуге қол жеткізу мүмкін емес. Ақпараттану мәселесіндегі басты қиындық халыққа билік органдарының қызметі туралы жететін ақпарат мемлекетке қарсы бағытталған жалған ақпаратты уақытпен тексерілген тактика бойынша таратады. Адамдарды иландыру келесі ереже бойынша орындалады: көңіл аудару, қызығушылығын ояту, оқиғаларды ынталандыру және идея өзіңдікі сияқты қабылданбағанша

қайталау.

Ақпараттануды проблема ретінде қарастыру үшін қауіпсіз ақпараттану қандай болу керектігін жақсы ұғынып алу керек. Егер халық билік органдарының қызметі туралы қажетті ақпарат алмаса, онда теріс ақпаратты айқындау мүмкіндігі болмайды және оның қоғамға деген қауіпін де тану қиынға соғады. Тек қана ақпараттарды салыстыру арқылы мәселені шешуге болады. Яғни халық алдында таңдау әрқашанда бар.

Халықтың билік органдарының қызметі туралы хабардар болуы бірнеше талаптарға жауап беру керек:

1. Халыққа жеткен ақпараттың ақиқатқа барабар болуы, олай болмағанда, аталмыш ақпараттың  жалған болғандығын көрсетеді.
2. Ақпарат толық болу керек. Халықтың өзі жеке билік көзі, сол себепті билік басындағы іс әрекеттер туралы нақты толық ақпаратпен қамтамасыз болуға халық құқылы. Тек толық ақпараттандырудың арқасында ғана халық белгілі бір келісім, шешім қабылдауына кепілдік бере алады. Тиісті әрекеттерді қамтып, қажетті жағдайларды ескертетін толық ақпарат ешқашан зиян келтіре алмайды. Егер ондай ақпаратқа қажеттілік тумаса, онда ол толыққанды ақпарат болып есептелмейді.

Қоғамның хабардарлығының деңгейі, ақпаратқа қол жеткізу дәрежесі  демократияланудың түйінді мәселесі. «Ақпарат – демократияның басты валютасы» деп америкалық заңгер Ралф Нейдер айтпақшы, ақпарат көбейген сайын демократия арта береді, ақпарат көбейген сайын сенім арта береді[12].Халықтың ақпараттануы мемлекет үшін қауіпті болмайды, керісінше егер уақытылы  және толыққанды болса пайдалы, игілікті болады. Ақпараттану ақпараттан хабардар болу дегенді білдірсе, онда материалды және рухани өмірге  өз әсерін тигізетін  бұл саладағы мағлұматтар билік қызметінің мәліметтерін де қамту керек. Солардың бірі:

1. Ақпарат аясында да мемлекет тарапынан азаматтарды  еркіндік және конституциялық құқықпен қамтамасыз ету;

2. Қазақстанның қамқорлығы үшін қоғамның ынтымақтастығын қолдау және консолидацияны қамтамасыз ету;

3. Билік органдары мемлекеттің егемендігін, территориалдық тұтастығын, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын, заңдылығы мен құқық тәртібін қамтамасыз ету керек.

Қазақстан үшін ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық доктринасын өндіру негізгі талаптардың бірі болу керек, ақпараттық еркіндік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шарттар мен шекараларды қарастыратын құнды тұжырымдамалық құжаттардың біріне айналып, жаңа Қазақстан қоғамының ақпараттық аясындағы теріс тенденцияларды меңгеруі қажет. Жаһандануға жауап ретінде  ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық доктринасын дамыту орынды. Мұндай құнды құжатты қалыптастыруда Қазақстан Республикасының қауіпсіздік Кеңесіне ақпараттық технологиялар саласындағы білгір мамандарды және алдыңғы қатарлы саясаттанушы, әлеуметтанушымен жұмыс істеген дұрыс. Бұл құжат ақпараттық салада мемлекеттер арасындағы саяси серіктестік және әділетті ынтымақтастықты реттеуде үлкен қадам жасайды. Бұл доктрина мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің доктринасымен үйлесуі керек, өйткені ақпараттық қауіпсіздік Қазақстанның ұлттық және саяси қауіпсіздігінің жасаушысы.

Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтуда ең басты шара мемлекеттің ақпараттық саясатын тиімді іске асыру. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың концептуалды мәні ақпараттық әрекеттесудің қатысушыларының құқықтық теңдігі саяси, әлуметтік, экономикалық мәртебесіне тәуелсіз  болуы шарт. Ондай құқықтық теңдік азаматтардың ақпаратты заңды тәсілмен еркін іздеуіне, алуына, беруіне және таратуына негіз болады.

Жалпы, ақпараттық саладағы проблемалардың зерттелуі мен ғылыми формасы және ақпараттық қауіпсіздіктің жүйесін дамыту мен құруында мемлекеттің өзіне ғылыми талаптарды қалыптастыру қажет. Бұл жағдайда мемлекеттің алдында қоғамның даму бағдарламаларын жүзеге асыру, бұқаралық санада мемлекетті позитивті жағынан көрсетуде белсенді ақпараттық саясат жүргізген жөн болар. Соның ішінде Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл күйлерді орнықтыратын материалдар басты рөл атқарады. Сондықтан, ақпараттық салада мемлекет қабылдайтын шаралардың қисыны да аталмыш мәселелерден өмірдің өзінен туындап отырғанын ерекше атап айту ләзім.

Еліміздегі тарихы тереңнен бой алатын «Ана тілі» газетінде осыдан 2-3 жыл бұрын «Ресейдің ақпараттық диверсиясына шұғыл түрде тосқауыл қою қажет» деген көкейтесті тақырып көтерілді кезінде. Ал, іргелес Ресейден Қазақстанға тарайтын 5248 газет-журналдың 2728-і ғана министрліктің арнайы тіркеуінен өткен көрінеді [13]. Шеттен келетін бұл газеттердің кейбірінде скинхедтік фашизмді мадақтайтын материалдар ашық насихатталған. Басылым ең сорақысы елімізде ұлттық идеологияның жоқтығынан жастар тәрбиесінен мүлдем бетімен жібердік. Басылымда тағы да шетелдік газеттерді таратумен айналысатын дүкендердің көбісі ресейлік баспалардың тапсырысымен жұмыс істеп отыр деген көкейтесті мәселені қозғаған. Аталмыш мақалада шұғыл арада тіл позициясын құрып, бетімен кеткен қауіпті ағымға тезірек тосқауыл қою керектігі айтылды.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы медиа кеңістікке елдегі халықтың көпшілігін құрайтын қазақ жұртшылығы шешуші түрде әсер етіп отыр деу қиын. Бұл заңдық тұрғыдан тәуелсіз мемлекет болып есептелсек те, ақпараттық тұрғыдан тап сондай егеменді ел ретінде қалыптасқан жоқпыз. Өйткені біздегі билік пен бизнес тарапынан бірінші кезекте назар аударатын БАҚ – орыс тілді БАҚ. Демократиялық мемлекеттік құрылым қағидасы бойынша, елде ұйымдасқан негіздегі үш сектор болуы тиіс: біріншісі – билік, екіншісі – бизнес, үшіншісі – қоғамдық немесе үкіметтік емес ұйымдар мен құрылымдар [14]. Біз де демократиялық қоғам мен мемлекет құру жолына түсіп келеміз. Бізде де осы үш сектордың үшеуі де бар. Оның шешуші маңызы бар алғашқы екеуі – билік пен бизнес қазақ тіліндегіі ақпаратты қажет етпейді. Билік өзіне қажетті бүкіл мәлімет пен құжаттарды алдымен орыс тілдік негізде алады және дайындайды. Қазақ тілінде – тек аударма ғана.

Ал, үшінші секторға – қоғамдық немесе үкіметтік емес ұйымдар мен құрылымдарға келсек, бұл сектор өз бетімен жалпы күн көре  алмайды. Ол өз қызметін жүргізу үшін билік пен бизнестің қаржылық көмегін сұрауға мәжбүр. Көптеген елдер сақтанып жүрген «Тіл агрессиясы»  мен «Мәдени агрессия» ұғымдары Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Қазақ тілін дамытуға соңғы жылдары көңіл бөліне бастағанымен орыс тілінің өктемдігі күшінде тұр. Демек көп векторлы саясат жүргізіп, ұлттар мен ұлыстардың бірлігін сақтап отырған елімізде журналистер қоғамдағы өткір мәселелерге қалам сілтер алдында саясаттың ара салмағын саралап барып, мемлекет мүддесін ескеруі қажет-ақ. Сонда ғана ақпараттық экспансияға қарсы тұруға қауқарымыз жетпек.

Бүгінде медиа нарықты өзге елдердің БАҚ-тары жаулап алды деп даурыққанша, мысалы неге оларға қарсы отандық баспасөздің қауқарын күшейтпеске? Бұған еліміздің қабілеті толықтай жетеді. Кезінде «Караван» басылымы бүкіл Ресейге тараған. Ал қазіргі кезде еліміздің арнасы мен баспасөздерін жаулап алғаны - өзіміздің әлсіздігімізден. Біздегі толып жатқан тәуелсіз арналар басыбайлы «өнімі» болмаған соң, Ресейдің дайын бағдарламаларын сатып алуға тәуелді. Демек, өзіміздің өнімімізді шығаратын кез жетті.

Ақпараттың мәңгілік сақталатын құндылық, оны қорғаудың қажеттілігінің өміршеңдігіне қарамастан, қауіпсіздігі жайындағы тақырып таяудан бері ғана қозғалған тың көрініс. Ақпараттық қоғамның талабы бойынша Ресейден келетін ақпарат легі сол секілді Ресейге де тегіс таратылуы қажет еді. Өкінішке орай, бізде ақпараттық кеңістікті айтарлықтай ұлттық белгілермен толықтыруға қаржылық, технологиялық және творчестволық мүмкіндік әлі де толықтай жетіспейді. Сондықтан бұл фактілердің барлығы да екі ел арасындағы ақпарат кеңістігіндегі теңсіздікті қалыптастыруда. Дегенмен, қазір қоғамды ұлттық мемлекеттік үлгіде дамытудың түрлі жолдары қарастырылған.

Жаһандану ақпаратты тікелей өндіргіш күшке, ықпал етудің құралы мен сонымен қатар постиндустриялды қоғамның діңгегі мен барынша әлсіз буынына айналдырғаны адамзатты ақпараттық дәуірге әкелді.

Қазақстан үшін ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы өзекті мәселе. Ресей мен Қытайдың арасындағы орасан зор территорияны иеленіп жатқанын және халық санының аздығын ескерсек, мәселенің өзектілігіне көз жеткізуге болады. Дамудың жаңа парадигмасына барлық ел бірдей ілесе алмауының салдарынан, қазіргі кезде әлем екі жікке бөлінді («digital», «divide» деп аталатын), себебі алдыңғы қатарлы елдер өздерінде жаңа салаларды қарқынды дамытудың есебінен басқалардан ілгері озып шықты. Бұлайша бөлінудің салдары «екінші топтағы» елдер үшін апатты жағдай [15].

Ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қауіптің түрлерінің тізіміне – отандық ақпараттық агенттіктерді, бұқаралық ақпарат құралдарын ішкі ақпараттық нарықтан ығыстырып шығару және Қазақстанның қоғамдық өмірінің рухани, экономикалық және саяси аясының шетелдік ақпараттық құрылымдарға тәуелділігін күшейту; ақпарат жағынан ықпал ету (жалған хабар тарату, ақпаратты қысқарту немесе бұрмалау) жатады. Сонымен бірге қауіпсіздікке төнетін қауіптің қайнар көздеріне – ақпарат аясында ҚР-ның мүдделеріне қарсы бағытталған шетелдік саяси, экономикалық, әскери, барлау және ақпараттық кеңістікте бірқатар елдердің үстемдікке ұмтылуы және Қазақстанның мүдделерін кемсіту, оны сыртқы және ішкі ақпараттық нарықтан ығыстырып шығару, әлемнің жетекші елдерінің техникалық дамуының артуы және олардың қазақтың бәсекеге қабілетті ақпараттық технологиясын құруға қарсы әрекет ету мүмкіндігін өсіруі жатады.

Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады? Ол үшін ең алдымен саяси элитаның, азамат пен мемлекеттің мүддесіне сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру мен дамытуды қамтамасыз ететін қоғам мен саяси-элитаның ақпараттық ортасының қорғалу жағдайы ескерілуі қажет. Ақпараттық ортаның ауқымы кеңейіп келеді.

Ақпараттық тәуелсіздік болмай – ұлттық мүдде қорғалмасы анық. Әр елдің өзінің ұлттық, мемлекеттік мүддесі бар. Ол басқа елдің мүддесімен мүлдем үлеспейді. Сондықтан, ақпараттық қауіпсіздік уақыттың, заманның талабы. Оны түсінбеген ел тәуелсіздіктен ажырауы мүмкін. Әлемнің өркениетті елдерінің барлығы да осы қағиданы берік ұстап келеді. Ел аумағында тарайтын шетелдік БАҚ-ты мемлекет тұрғысынан бақылап, оның үлес салмағын 20 пайыздан асырмайды. Мәселен, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерде және Еуропаның барлық елдерінде БАҚ саласын бақылаудағы заңнамасы Қазақстандағы заңнамалардан да қатаң жұмыс істейтіндігі шындық. Бүгінде ақпарат айдынында еліміздің тіл туралы заңын аттап өтпеген саусақпен санап аларлық БАҚ өкілдері жұмыс істеп отыр. Ал Еуропалық Одақта қалай? Бұл елдердің заңнамасы бойынша, кез келген электронды БАҚ-тың бүкіл көрсетілім кестесіндегі уақытының 50 пайызы тек еуропалық өнімдерге берілуі тиіс. Яғни, Еуропа елдері осы арқылы өздерінің мәдениетін, ақпараттық қауіпсіздігін сақтап отыр.

Шетелден ағылған ақпараттық экспансияға төтеп беру үшін отандық журналистиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында қарастырған жөн.

Әлемдік елдерде БАҚ арқылы ұлттық мүддеге жұмыс істеу әрқашан бірінші орында тұр. Ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін көптеген модельдер бар. Барлық БАҚ-тың дамуы үшін елдің ішінде бәсекеге қабілетті ортаны құруға мемлекет тарапынан қолдау көрсету нұсқасының болашағы бар, себебі мұнда тек жекелеген медиа құрылымды ғана емес, еліміздің барлық ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту көзделген. Көп жағдайда БАҚ мемлекеттің бақылауында болады, не болмаса, әртүрлі қаржылық-өнеркәсіптік және саяси элиталық топтардың күрес құралына айналады. Соңғылары көбінесе қоғамдық пікірге жүгінеді, бірақ ол мемлекеттік билікті шынайы етіп немесе өз бастамасын қоғамның жалған түрде қолданғанын көрсету үшін жасалады.

Ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде еш жерде ештеме айтылмайды. Бәсекеге қабілетті БАҚ-тың болмауы Қазақстанды ақпараттық периферияға душар етеді, онда біз өзге ақпарат пен өзге идеологияның тұтынушыларына айналамыз, дәл қазір де трансұлттық медиаимперияның басшылығы жағдайындағы халіміз солай болып отыр.Мамандар былай дейді: «Егер мемлекет әлемдік ақпараттық-телекоммуникациялық жүйеге ойыншы ретінде кіре алмаса, онда ондай мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігіне қауіп төнеді» [16].

«Ақпараттық соғыс»– қазiргi кезде халықаралық аядағы нақтылы өмiрлiк ахуалды айғақтайтын ұғым. Өйткенi, дүниежүзi бойынша ақпараттық соғыстың жүрiп жатқанына бiраз болды. «Ақпараттық соғыс», «Ақпараттық экспансия» терминi ХХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап Америкада қолданыла бастады. Әрине, АҚШ мұндай терминдi ақпараттық соғыстан зардап шеккен ел болған соң ойлап тапқан жоқ, керiсiнше, әлемдiк өктемдiкке қол жеткiзу үшiн ақпараттық соғысқа ең алдымен көңiл бөлген ел болды. «Экспансия» сөзінің мағынасына келсек,  латынның «expansio»  сөзінен шыққан, яғни «тарату», «әсер етіп, ықпал жасау», «басқыншылық жасау» деген мағынаны білдіреді.  Қазіргі кезде әлемде экспансиялаудың жолдары әр салаға байланысты түрленуде. Бұл ұғымға байланысты әр сөздіктерде түрлі анықтама берілген. Тағы бір сөздікте «экспансионизм» - бір мемлекетің басқа мемлекетке, халықтарға, аймақтарға билігін орнату үшін жүргізілетін саясаты делінген [17].

Бүгінде «мылтықсыз майданға» телініп жүрген ақпараттық соғыс ұғымының пайда болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ақпараттық соғыс жүргізудің стратегиясы осыдан жүз жыл бұрынғы «Сион даналығы хаттамаларының жинағы» деген құжатта құрастырылып, қазіргі державалардың ақпараттық саясатында сол өсиет басты бағдарға айналған. Ақпараттық майдан жүргізуде сол хаттамадағы қағиданы ескерген ел өзгенің басқару жүйесі, халықты ақпараттандыру, терроризм, экономикалық соғыс, қаржы бағдарламасы, жалпыхалықтық дауыс беру, т.б. сияқты мемлекеттің басты салаларын тұтастай бақылауға алады екен.

Кеңес Одағы тұсында «Служба А» - «белсенді шаралар қызметі» жасырын «ақпараттық экспансиямен» тікелей байланысты. Жасырын ақпараттық экспансияның кадрлары Брежневтің кезінде арнайы дайындалып, халыққа құпия кремлинология саласына зор маңыз берілгенін қазір екінің бірі біле бермес. КСРО кезіндегі ақпараттық соғыстың мәні үш бағытқа жұмылдырылып келген. Біріншісі – америкалық саясаттың барлық аспектілерін жоққа шығаруға арналған материалдар жариялау, екіншісі – АҚШ пен НАТО-ға кіретін елдерді арандатуға арналған материалдарды дайындау. Ал үшіншісі – бейбітшілікті жақтайтын батыстық елдерге қолдау көрсету. Бұл аталғандар бүгінгі күнде де Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан жоқ па деген күдік жоқ емес. Кезінде АҚШ-тың ақпарат агенттігі – ЮСИА қырғиқабақ соғыстың тұсында 1953 жылы президент Дуайт Эйзенхауэрдің бастамасымен құрылған. Ақ Үйдің «оң қолы» саналатын агенттік әлемнің 142 елінде, 2,5 мың теле-радио, газет-журнал қосындылары 13 мыңнан астам тілшісі ақпараттық соғыста АҚШ-тың үстемдігін қамтамасыз етеді [18].

Бұл сияқты бағдарламалық доктрина қазiр АҚШ-тағы сыртқы саясаттың құрамдас бөлiгiне айналған. Вашингтонда 1996 жылы ақпараттық соғыс бойынша Ү ғылыми конференция өттi [19]. Конференциядағы баяндамалар басылған кiтаптың көлемi мың беттен астам. Ондағы ой-тұжырымдардың өзегiнде ақпараттық қарудың экономикалық жағынан мейлiнше тиiмдi және экологиялық таза екенi әспеттелген. Бұхар жыраудың «Бауыздамай iшер қаныңды, өлтiрмей алар жаныңды» дегенiндей, конференцияда ақпараттық соғыстың ең жаңа және ең «гуманный» соғыс екенi жан-жақты мадақталған.

Көршілес Ресей секілді елден ағылып келіп жатқан баспасөздің, оның қазақ аудиториясына тигізер ықпалын таразылап көреді. Осыған байланысты журналист «Ресейдiң Қазақстанға қатысты ақпараттық соғыс саясатын жытқырлықпен қолдануына қатысты қандай айғақ-дәлелiңiз бар?» деген сауалына Ақселеу Сейдімбеков былай деп жауап берген: «Айғақ-дәлелдiң көптiгi соншалық, оған газетiңнiң бiр нөмiрiн арнасаң да аздық етер едi. Дегенмен, кейбiр бедерлi мысалдарды жинақтап келтiруге болады. Қазақстан аумағына тарайтын 4115 газет-журнал мен 237 телерадионың 90 пайызы орыс тiлiнде, 5 пайызы өзге шет ел тiлiнде. Қазақстанда шығатын газет-журналдың жалпы саны 2320 шамасында. Бұл басылымдардың 453-i ғана мемлекеттiк тiлде. Сол 453 басылымның тиражы Қазақстанда шығатын жалпы газет-журналдар тиражының 4-5 пайызын ғана құрайды. Ал, Қазақстан азаматтарының 60 пайыздан астамы қазақтар екенi белгiлi» [20].

Келесі дерек, Қазақстанға Ресей Федерациясының 5248 газет-журналы тарайды екен. Сол газет-журналдардың 2728-i ғана Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде тiркелген [21]. Ең сұмдығы ресейлiк басылымдардың басым көпшiлiгi Қазақстанда басылып, Қазақстандағы қаптаған акционерлiк қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер арқылы тарайды. Одан да өткен сорақылығы, Ресейдiң «Известия», «Труд», «Комсомольская правда», «Московские новости», «Новая газета», «АиФ», «Соседи» сияқты басылымдары және сонымен бірге «Русская газета» жанынан әр түрлі сала бойынша «Общество», «Российская газета», «Российский бизнес», «Российская газета неделя» секілді қазақстандық қосымша шығарып, сол арқылы қазақстандықтардың ой-санасына орысшылдықтың дәнін сеуiп жатқанын, сөйтiп ел iшiне тұрақсыздықтың iргетасын қалап жатқаны жанға батады.

Ал, телешабуылдың зиян-зардабын айтып тауысу мүмкiн емес. Қазiргi қаптаған кабельдi телеарналарды былай қойғанда, «Еуразия», «Рахат», «Русское радио», «Еуропа плюс» сияқты қуатты телерадио арналар тiкелей де, қазақстандық арналар арқылы да елiмiздiң ақпарат кеңiстiгiне өктемдiгiн жүргiзiп келеді. «31-арна» акциясының 20 пайызы СТС медияның қолына тигелi бұл арна негiзiнен Ресейдiң сойылын соғып шыға келдi. Қазiр Қазақстанда теледидар жүйесi негiзiнен «АлмаТВ», «Секател», «Универсальный», «Стандарт» сияқты кабельдi телетоптамалар пакетi арқылы көрсетiлетiнi белгiлi. Ол пакеттердiң әрқайсысы 50-60-тан астам небiр жат пиғылдағы телеарнаны қамтиды. Осы пакеттердi кiмдердiң жасақтайтынын, қандай ұстанымдарды басшылыққа алып жасақтайтынын, яғни, Қазақстан телекөрермендерiнiң рухани-психологиялық тағдыры кiмдердiң қолында екенiн жұртшылық бiлмейдi.

Өзбекстан оңтүстіктің ақпараттық кеңістігін толықтай жаулап алған десек те болады. Олардың бағдарламаларының біздің отандық өнімдерден әлдеқайда тартымды әрі сапалы екенін мойындауымыз керек. Қазіргі таңда бұл өңірде Өзбекстанның «УзТВ-1», «УзТВ-2», «Марказ ТВ», «Яшлар», «Спорт Узбекистон», «Тошкент ТВ» сынды арналары емін-еркін көрсетіледі.

Қазақ көрермендерiнiң «жүрегiн жаулауға» қытай телеарналары да бiлек сыбана кiрiскендей. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекараға таяу аймақтарында қытай телеарналары хабар тарата бастаған. Алматының өзiнде кабельдi арна арқылы Қытай мемлекеттiк телеарнасы қазақ және қытай тiлдерiнде хабар таратып жатыр. Одан өзге Жамбыл облысымен шекаралас жатқан Қырғыз Республикасының да телеарналары осы облыстың Қордай, Меркі және Шу секілді аудандарына хабар таратады. «КТР», «НБТ», «ЭлТВ» арналары осы елдімекеннің тұрғындарына қырғыз тілінде хабар таратып, көрермендер санын көбейтіп отыр. Отандық арналардың көрсетуіне кедергі жасап, сигналдарға да қарамай «Ел арнаның» үстінен басып тұрып «КТР»  арнасы қазақ көрермендері көргісі келемесе де, трансляцияланады.

Қазақстандағы ақпараттық кеңiстiктiң негiзiнен цифрлық деректері бар, осы цифрға көнбейтiн мазмұндық астар да бар екенін ұмытпаған жөн.Бұл ретте аудиториясының кеңдiгi жөнiнен телеарналардың алар орыны ерекше. Сол қаптаған телеарна материалдарының мазмұнына ден қойсаң,  жан түршiгедi. Тәулiк бойы тек қана христиан және яхуди дiнiн насихаттайтын «Спасс», тек қана афро-америкалық бейәдеп клип беретiн «Тш-2», «Ру-Муз», тек қана шектеу-тәртiбi жоқ төбелестi көрсететiн «Боец», төсек қатынасын ашық әйгiлейтiн «РенТВ», небiр киноларды толассыз жалғастыратын «AXN scifi», «ТV-1000», «Много-ТV», тек қана совет заманының болмысын сағынышпен насихаттайтын «Ностальгия», тек қана ақымақ, жынды адамдардың тiрлiгiн бейнелеп, бейпiл анегдоттар айтатын «НСТ», т.б. арналар Қазақстаннан өз көрерменiн, өз аудиториясын, өз әлеуметтiк топтарын тауып, оларды өзiнше арбауда, өзiнше мәңгүрттендiруде.

Шетелдiк телеарналар iшiнде «History», «Animal planet», «Discouery», «Discouery Sc», «Europe WS», «National geographic», «Euro sport», «Mezzo», «Культура», «Рыбалка» сияқты танымдық-тәрбиелiк мәнi зор телеарналар да бар. Алайда, мұның бәрi де орыс тiлiнде. Яғни, жат тiлде болғандықтан мұндай арналардың хабарлары неғұрлым тартымды болған сайын, солғұрлым зиянды. Өйткенi, тартымды да өрелi хабарды жат тiлде көрген адам өзiнiң ұлттық құндылықтарын жатсынып, өз болмысынан жерiнетiн болады. Бұл – телесоциологияның әлем мойындаған ащы шындығы. Өкiнiштiсi, жоғарыдағы жiбi түзу арналарды қазақ тiлiнде сөйлету Қазақстан үкiметiнiң өңi түгiлi түсiне де кiрер емес. Осылайша, постсоветтiк кеңiстiкте Ресейдiң ақпараттық тұзағына шырмалған, дәлiрек айтқанда Ресейдiң ақпараттық экспансиясын бастан кешiп, басы қатқан бiрден-бiр ел Қазақстан ғана болып қалып отыр. Республикамыздағы телеарналардың жетiстiгiнен гөрi кемшiлiгi басым екенiн жалған емес. Оның бергi жағында, жетiстiгiмiз ешқайда қашпас, кемшiлiктi айтып одан нәтиже шығарған пайдалырақ. Бұл ретте, таза мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарнасы жоқ тәуелсiз мемлекет дүниежүзiнде жалғыз Қазақстан екенi өкінішті. Қазақстанда қазақтардың 60 пайыздан астам екенiне қарамастан қазақ тiлiнде дербес телеарнаның болмауы, ең алдымен, Қазақстан үкiметiнiң халық мүддесiне және демократия мен адам құқығына салғырт қарайтындығын шетелдік сарапшылар ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін кезде бірнеше рет атап өтті.

Ақпараттық экспансияны қалай тоқтатамыз? Осы сұрақ әрбір Қазақстан азаматының көкейіндегі сауал. Одан құтылудың жолы бар ма, бар болса қандай жол. Тілінің бізімен қоғамның көп дертін көзіне шұқып көрсететін, жаңалықтың жаршысы - журналистер болмаса, мына қоғам құлағы керең, тілі мылқау, көзі соқыр жанның күйін кешері анық. Десек те, қалам ұстаған қауымның бағы мен бабы келісіп тұр деуге ертерек. Ауызға құлып, аяққа тұсау салатын мәселелер жетіп артылады. Телеарна мен газет қолынан келгендерге нан тауып жеудің көзі, ал құрығы ұзындарға нағыз саяси құрал мен бизнестің өзіне айналған жайы бар. Өйткені, шын мәнінде БАҚ - қарсыластарын алып та, шалып та жығуға мүмкіндік беретін таптырмас құрал.

Қазақ журналистикасының бағын байлап отырған мәселелерге келсек, біріншіден, Қазақстанда қазақ журналистикасының рыногы әлі жеткілікті дамымағаны. Демек, мұндай жағдайда өзара бәсекелестіктің әлсіз болары хақ. Оның үстіне, кеңестік идеологияның құрсауынан құтылғанына әлденеше жыл өтсе де, қазақ журналистерінде жалтақтық, жасқаншақтық басым екендігін жасырын емес. Кейбіреуінің тәжірибесі де аз. Жекелеген редакторлар мен олардың қожайындары журналистерді «сарай ақыны» ретінде ұстағысы келеді. Еркіндіктен жиі жапа шеккен журналистің еркін ойлауы да өте қиын шаруа. Осындай басты кемшіліктерден құтылса қазақ журналистикасының бағы жанары ақиқат. Еліміздің ақпарат айдынының қақпасы шетелдік БАҚ өнімдерінің алдында айқара ашық жатыр. Ақпараттық кеңістігімізді сыртқы нарықтың өнімдері жаулап алды. Арысы алыс шетелдерден, берісі көршілес Ресейден ағылған газет-журналдар елімізден шығатын басылымдардың бағын байлап тұр. Біздің ұлттық медиа-магнаттарымыз жоқтың қасы. Өзін медиа-магнатпын деп жүргендердің көздегені қара басының қамы. Ұлт мүддесі оларды толғандыра қоймайды. Партия құруға, түрлі жарнамалық шаралар ұйымдастыруға ақша аямайтын байшыкештер ана тілінде сауатты газет ашуға аса құмбыл емес. Оның орнына шетелдің құлпырған түрлі-түсті газет-журналдарын төбелеріне көтеріп әспеттейді. Баспасөз атаулы сананы жаулап алар аса қауіпті қару, идеология құралы екендігін есте ұстаған ләзім. Кезінде алпауыт АҚШ көршісі Канаданың ақпарат кеңістігін жаулауға кіріскен болатын. Уақыт өте келе жергілікті газет-журналдардың жолын жауып, жаппай үстемдік жүргізе бастаған. Шетелдік басылымдарға салықты шектен тыс көбейтті. Ақыры, қып-қызыл шығынға батқан америкалықтар көздеген мақсатына жете алмай, Канаданың ақпарат айдынын тастай қашты. Міне, тарихтағы болған үлкен мысал [22]. Сол сияқты, кезінде Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов еліне ағылған бүкіл баспасөз біткенге қарсылық танытып, шекарасын қымтап алғаны белгілі. Кей-кейде ұлттық мүдде жолында Канада мен Түркіменстан секілді батыл қадамдар жасаған жөн-ақ.

Республикамыздағы телеарналар материалының мазмұны жайын айтар болсақ, телеарналар өздерiнiң төл материалдарын дайындауды мейлiнше сиретiп алған. Көбiнесе дайын кассеталарды еш талғамсыз көрсету әдетке айналған. Тiптен, өз тараптарынан мүлде материал даярламастан, тәулiк бойы тек қана дайын тәнін ашық көрсететін клиптер беретiн «Х-ТВ» сияқты телеарналар бар. Яғни, халық не болмаса ол болсын, неғұрлым аз шығын шығарып, көп пайда тапсам болғаны деген принцип.

Республика телеарналарының iшiнде «НТК», «Рахат», «Эра-ТВ», «31», «КТК» сияқты телеарналардың хабарлары түнгi сағат 1 мен 7 арасында негiзiнен қазақша берiлуi айнымас әдетке айналдырған еді бір кездері. Ондай хабарларда әлдеқашан жазылып алынған концерттердiң, айтыстардың, сұхбаттардың апта сайын, кейде күн сайын қайталап берiлуi үйреншiктi жәйт еді. Соны сынға алғаннан кейін өз қателіктерін түзеуге кіріскен секілді, қазір бұл дерттерінен айығып келеді. Себебі, «КТК» телеарнасы жаңа маусымды «Жүрекжарды», «Кейіпкер», «Мәссаған», «Қыз қылығы мен былығы», «Таң тамаша» секілді мәдени, ойын-сауықтық бағдарламалармен ашты. Дегенмен, ресейлік өнімдермен де экранды толтыра білген. Сонымен бірге «Эра-ТВ» арнасы өз форматын өзгертіп «7» арнамен бірлесіп жұмыс атқаруда. «31» арнадан берілетін «Папины дочки» қазір танымал болып келеді, соның ішінде қазақ көрермендері арасында. Аталмыш телеарна мемлекеттiк тiлдегi 50 пайыздық норманы өзiнше осылай орындап жатыр. Бұл, тура мағынасында, мемлекеттiк талғам-талапқа қарамау және қазақ халқының ар-намысын аяққа таптау деген сөз.

Республика телеарналары үшiн қан мен қасiретке малшынған фильмдердi көрсету, ашық эротиканы еш қымсынбастан насихаттау, түнгi клубтар мен мейрамханалардағы музыканттарының өнерсымағын талғамсыз экранға шығару, әсiресе шетелдiк клиптерге елiктеп-солықтаған жастардың эстрадасын жарнамалау, ондаған-жүздеген сериялы шетелдiк сериалды тасқындату, шет елдердiң тарихы мен мәдениетiне қатысты деректi фильмдердi көрсетудi әуезе көру, оның есесiне қазақтың төл мәдениетiне мүлде көңiл бөлмеу телеарналардың үйреншiктi әдетiне айналып келе жатыр. Қазақта «Ауруын жасырған өледi» деген мәтел сөз бар. Тiптен, айтуға ауыз бармаса да, кейбiр сорақылықтарды көргенде үндемей қалу мүмкiн емес. «НТК», «Рахат», «КТК», «31» сияқты телеарналардың тiкелей эфир «Төсек қатынасы туралы ашық әңгiме» орыс тiлiнде, «Ақсүйектер өмiрi. Ойнас.» орыс тiлiнде, «Альфонс. Шақыру бойынша жұмыс» еркек гей туралы, орыс тiлiнде сияқты небiр азғындықты сөз ететiн телехабарлар сағаттар бойы жүргiзiлiп жатқанда өмiрдiң еш қызығы мен құны да қалмайды. Ең сұмдығы осының бәрi озық өмiр-салт пен мәдениеттiлiктiң үлгiсi ретiнде, А.Даллес айтқандай айырықша икемдiлiкпен насихатталатынын қайтеміз [23].

Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiндегi сорақылық, дәлiрек айтқанда, қылмысты тiзбелесе, адам жаны ауырады. Аузы аңқиып отырған жас ұрпақтың бейкүнә болмысы қалай уланып жатқанын ойлағанда жаныңды қоярға жер табылмайды. Бұл күй грек мифологиясындағы көрiпкел Кассандраның күйi сияқты – бұл бетiнде болашағымыздың қандай қасiретке тап болатынын бiлесiң, бiрақ оған ешкiмдi де нандыра алмайсың. Бұл жерде, ақпараттық кеңiстiк деген ұғымды бiрыңғай БАҚ-қа қатысты ғана түсiнбей, кеңдеу қарастыру қажет. Қазiр кез келген елдiң өндiрiс ошақтарында, энергетика және көлiк жүйелерiнде, қорғаныс және басқару салаларында технократтық және техносфералық үрдiс бел алып, олар ең алдымен ақпараттық қызметке арқа сүйеген. Яғни, Қазақстанда ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды дамыту, ұлттық аумақтық ақпараттық-телекоммуникация, және де сондай жүйе құру, отандық ақпараттық технологияның негiзiн қалыптастыру, сөйтiп аймақтық ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе қалыптастыру ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiздiктiң ең өзектi проблемасы екенiне күмән болмауы тиiс. Бұл проблеманың оң шешiм табуы арнаулы ақпараттық орталық-генераторын дамыту, ғылыми-техникалық, құқықтық және экономикалық, басқа ақпараттар жүйесiн қалыптастыру, электронды кітапханаларды, мұрағаттарды, дерек қорын жасақтау, оларды компьютерлiк оптикалық дискiлiк жадымен жарақтау мәселелерiмен тiкелей ұштасып жатыр. Қысқасы, елдiң ақпараттық қауiпсiздiгi деген мәселе бүгiнгi таңда стратегиялық мән-маңызға ие болса, соның аясында БАҚ саясаты бiрiншi кезекте тұр. Өйткенi, БАҚ-тың обьектiсi - адамдардың жан-жүрегi.

Қорытынды

Қазақстан күн сайын қарыштап дамып келе жатқан мемлекет. Еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары жүйелі түрде даму жолына түсу үшін тілдік нормаларды орындап, жұмыс істейтін уақыт жетті. Ақпараттық кеңістігімізде мемлекеттік идеологияның мерейі үстем болу үшін батыл әрекетке баратын кез жетті. Мемлекеттің нақты үлесі ретінде жалпы аймақтық телеарна ашуға болады. Ол үшін барлық ұйымдастырушылық, қаржылық мүмкіндіктер жетерлік. Мысал ретінде айтар болсақ, осыдан он жыл бұрын кішкентай ғана Катар мемлекеті жалпы арабтық «Әл-Жазира» атты ғарыштық телеарнаның тұсауын кесті. Бүгінде осы телеарна Батыстың ең белді деген CNN немесе BBC арналарынан асып кеткені былай тұрсын, араб қауымдастығының бірігуінің, тұтастығының маңызды факторына айналып отыр. Қазіргі кезде жарты әлемге тарайтын «Caspіonet» деген ғарыштық телеарнамызбар. Алайда оның атының өзінде қазаққа қатысы жоқ екенін көреміз. Көрерменге ұсынып жатқан бағдарламаларының сапасы төмен, талғамдық жағы көңіл көншітпейтін түсірілімдер, көбіне қайталана беретін «Хабар» агентігінің жобалары. Ағылшын тілінің сапасы сын көтермейді. Егер осы арнаны керегінше кәсіби мамандар мен техникалық мүмкіндігі жағынан жасақтасақ, Қазақстанмен қатар бүкіл аймаққа игі қызмет атқарады. Екіншіден, біздің аймақты күллі әлемге танытудың мықты тетігіне айналып, Ресей БАҚ-тарының жетегінде жүрмей, өз нарығымыздағы БАҚ-тардың сапалы да бәсекелестікке қабілетті ақпараттық кеңістікті құруға септігін тигізері анық.

Ақпараттық қауіпсіздікті нығайту үшін ең алдымен ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттік және ұлттық мүдденің қорғалуын қамтамасыз ету және оған сырттан келетін залалдардың алдын алу керек. Сонымен қатар, азаматтардың Конституциялық құқығын қорғай отырып, кез-келген ақпаратты алып, оны өз кәдесіне жарата білу де – үлкен қажыр-қайратты қажет ететіні белгілі. Қоғамның рухани, мәдени, ғылыми құндылықтарының, патриоттық дәстүрлерін бұзбай, ел бірлігі мен мемлекет тұтастығының сақталуын қамтамасыз ету ұлттық БАҚ-тың міндеті. Қазіргі шетелдік экспансияны былай қойғанда, қоғам қалпының бұзылуына іштен төнетін қауіп те аз емес. Сөз бостандығын желеу етіп, мемлекеттік қауіпсіздікке зиянын тигізетін мәліметтер мен пікірлерді жанталаса жариялап жатқан неше түрлі сайттар бар. Оның сыртында кейбір журналистердің сауатсыздығы салдарынан өңі теріс айналып кеткен ақпараттар да тарап кетіп жататын кездер аз емес. Ақпарат құралдарының еліміздің, ұлтымыздың даму жолындағы қосар үлесі зор. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету үшін ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Әсіресе, ұлттық жадымызды жаңғыртып, іргелі ел болудағы басты рөл – талассыз ақпарат құралдарында.

Қазір біздің елімізде қазақ баспасөзінің кәсіби дамуына басты кедергі - орыстілді жарнамаға монополиялық құқықтың берілуі. Қазақстанның барлық облыстары мен ірі қалаларында жарық көретін жарнамалық газет атаулының бәрі орысша. Негізі жарнаманы реттейтін, оны БАҚ-тарға тең бөліп және үйлестіріп беретін ұлттық агенттік болуға тиіс. Елімізде мұндай механизм әлі жоқ және бұл «Жарнама туралы» заңда да мүлдем қарастырылмаған. Қазақстан мен Ресей «мәңгілік достық» декларациясына қол қойып, ол елдің баспасөзінің, телебағдарламалары мен радиохабарларының емін-еркін таралуына шексіз мүмкіндік туғызды. Қазір олар біздің ақпарат әлемімізді түгел жаулап алды, турасын айтқанда қожайын болды. Елімізде тауарларға, инвестицияға есікті ашып қоюға болады. Бірақ жат идеологияны тықпыштаудан сақтануы керек. Мемлекеттік қауіпсіздік - аса құнды мәселе. Қазақ тілі ақпарат құралына айналмайынша, саясаттың құралы бола қоймас.  Кез келген ел өзінің ішкі, сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге   ұмтылады. Ашық жерді жа жыртық жерді бүтіндейді. Ең тату-тәтті деген көршімен де екі ортада шарбақ болады. Қазақстан мен Ресей арасындағы кеңістікте бірде-бір шарбақ жоқ. Ит кірмейтін жерге интернет кіріп тұрған мына заманда ақпараттық тұмшалану мүмкін емес. Бірақ біздің ел үшін бірінші кезекте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы заң керек. БАҚ туралы заңымыз Ресей басылымдарының нөмірлерін емін-еркін тіркеуге, таратуға кең жол ашып отыр. Ресей басылымдары бір күнде егемендікке көз алартса ше? Сондықтан «Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қорғау туралы» арнайы заң жобасы жасалуы: онда телерадио жиіліктерін пайдалану, шетелдік БАҚ-ты тіркеу және олардың жұмыс істеу тәртібі түгелдей заңмен белгіленуі тиіс. Әңгіме тек Ресей басылымдарына ғана тіреліп тұрған жоқ. Жоғарыда аты аталған арнайы заңды қабылдау арқылы ғана бізбен көршілес елдердің ғана емес, бүкіләлемдік ақпараттық үстемдікке тосқауыл қоя аламыз.

Ақпараттық қоғамның маңызы күннен күнге артып келеді. Ең бастысы ақпарат осы ғасырда тауарға айналып, барлық салада үлкен сұнранысқа ие. Ақпараттың зиянды жағы да бар екенін ұмытпау қажет. Бірақ, оны қоғамдағы адамдарға зиянсыз ету үшін ақпарат тепе-теңдігін ұстау қерек. Сонымен қатар отандық кадрларды нарыққа, экономикаға байлансыты бейімдеу басты жұмыстың бірі. Жаһандану кезеңінде бүгінгі тәуелсіз еліміздің аяққа нық тұруына ақпараттың қолжетімділігі де үлес қосары анық. Бірақ, ұлттық идея мен құндылықты аяқ асты етуге болмас. Ол үшін отандық және шетелдік БАҚ-тарға ана тілімізді дамытуды жүктеу қажет. Сонымен бірге цензура қою да қазіргі таңда мемлекетімізге артық болмас. Себебі, әр елдің өзіндік ұстанған дара жолы, ұлттық ұстанымы бөлек. Ол сонысымен де өзге елдерден ерекшеленіп тұратыны хақ.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Назарбаев Н. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде // Егемен Қазақстан. - 1993. - 25 мамыр.

2. Елубай С. Ақпараттық соғыс немесе ұлтшылдық пен ұлтсыздық хақында  // Жас алаш. – 2008. – 21 қазан.

3.Марқабаева Г. Жаһандану және мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік. // Ақиқат. – 2007. -  №2

4. Досова Л. Ақпарат кеңістігі: заңдылығы мен ақиқаты // Нұр-Астана. – 2009. – 25 маусым. 23-25 б.

6. Матвеева Л.В., Аникеева Т.Я. Психология телевизионной коммуникации. – Москва: РИП-холдинг, 2002. – 316 б.

7. Өтеулиев С.Қ. Электронды үкімет ақпараттық қоғамның қажеттілігі ретінде // Саясат-policy. – 2009. - №6-7.

8. www.internetworldstates.com. – 15.03.2006

9.Мәуленбек Д. БАҚ туралы заңға базына // Үш қиян. – 2009. – 10 маусым

10.Шаханұлы М. Ақпараттық диверсияны қалай тоқтатамыз? // Жалын. – 2007. - №4.

11.Шамахайұлы Қ. // Ақпараттық қоғамдағы медиа және жаңа технология. // ҚазҰУ хабаршысы. // Журналистика сериясы. – 2007.- №5.

12.www.abai.kz. – 23.01.2010.

13.Смайыл А.  Ұлттық идея ұстыны // Егемен Қазақстан. – 2006. – 25 қаңтар.

14.Гаипов З.С. Қысқаша саяси сөздік оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2003 жыл. – 112 бет.

15. Төленқызы Р. Ақпараттың тұзағына шырмалған сана (этнограф, ғалым А.Сейдімбекпен сұхбат) // Алматы ақшамы. – 2009. – 12 ақпан.

16.Бұлұтай Мұртаза. Азаматығымызды ардақтайық // Президент және халық – 2009. – 11 желтоқсан.

17.Мамай Жанболат. Қазақстанда Қазақстан туралы бір ауыз сөз жазбайтын басылымдар жарық көріп жатыр //  Жас алаш. – 2010. – 2 ақпан

18.www.gazeta.kz. - 12.06.2008

19.Қуатайұлы Еренғайып. Бостандық пен бетпақтық // Жас қазақ. – 2008. - 20 маусым.

20.Омарова  Г. Орысша «сайрап», өзбекше «гәпірген» Ақпараттық кеңiстiгiмiздiң жетiм баладан несi артық?! // Түркістан. – 2010. – 12 наурыз.

21.Расторгуев С.П. Информационная война. –Москва: Олимп, 1998. стр 31.

22.Мамырбеков Н. Орыстілді басылымдар ұлт проблемаларын көтермейді деген пікірмен келісесіз бе? // Алаш айнасы. – 2010. – 29 қаңтар.

23. Жақсыбайұлы Р. Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қорғау жолдары  // Қазақстан-ZAMAN. – 2006. – 18 наурыз.

Медина Реброва