Ақ отауға жалғасқан алғашқы махаббат
Бала кезгі алғашқы жақсы көру, ұнату сезімдері бойжеткен мен бозбала арасындағы махаббатқа ұласып, бір-біріне ғашық екі жас отбасын құрып жатса, ондай таңдауға ата-ана да риза. Өйткені, әдетте ондай шаңырақтар анау-мынау соққыларға бой алдырмайтын қамалдай берік келеді. Сондай сирек отбасылардың бірі Арман мен Аяулым Нугербековтер шаңырағы. Олар ерлі-зайыптылар ғана емес, олар он үш жыл таныс ескі достар. Мектептен кейінгі өмір толқынына бірге аттанып, бірге есейген, алғашқы жетістігі мен алғашқы жеңілісін бірге өткерген жаны жақын жандар.
Танысу
Арман Нугербеков: 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысқан жылы әкеміз қалаға көшетінімізді айтты. Ол кезде біз Ақмола облысы Қорғалжын ауданының ар жағындағы ауылда тұрып жатқанбыз. Астананың қала ретінде қалыптасуы менің көз алдымнан өтті. 2002 жылы 5 сыныптың екінші тоқсанында үйге жақын болу үшін Көкталдағы №40 мектепке ауыстым. Сыныптағы қыздардың ішінде Аяулымға бірден көзім түсті. Ол адамдармен тез тіл табысып кететін ақкөңіл қыз және сабаққа өте ұқыпты қарайтын. Бірақ көпке дейін оған өз сезімімді білдіруге батылым бармады.
Аяулым Елеуова: Иә, біз қыз бен жігіт ретінде 8 сыныптан бастап жүре бастадық. Арман оқуда, достарының арасында пысық болғанмен, қызға сөз айтуға, сезімін жеткізуге қысылатын. Сыныбымызда Айдар деген досымыз бар, ол үнемі екеумізді қосып жүретін. Бір күні Мен Арман, Айдар және Меруерт деген құрбым төртеуміз Жастар сарайына КВН көруге бардық. КВН-нен шыққан соң Айдар мені шақырып алды да: "Арман саған бір нәрсе айтады", - деді. Төртеуміз автобус аялдамасына қарай келе жатырмыз, келе жатырмыз. Арман әлі үндемейді. Автобусқа отырдық. Үй жаққа жақындай бергенде барып Арман өзінің ұнатанын айтып: «Менің қызым болшы. Давай дружить», - деді. Мен іштей келісіп тұрсам да, бірден келісе кетуге намысым жібермеді. "Ойланып көрейін, ертең жауабын айтармын", - дедім. Бірақ, екінші күні енді менде үн жоқ. Арман арасында қарап қояды: "Жауабы не болды?" дегендей. Сабақ бойы екеуміз де бір-бірімізбен тіпті амандасқан да жоқпыз. Сабақтан соң ол менің жаныма келді, мен үнсіз басымды изедім. Біздің достығымыз осылай басталған.
Махаббатсыз дүние бос
Аяулым: Қыз бен жігіт деген аты болмаса, ол кезде біз қол ұстасып жүруге де ұялатынбыз. Арман оң жағалаудағы Музыкалық академияның жанында тұрады. Мен Көкталдан келем, ол мені күтіп алады. Сосын күннің райына қарамай, екеуміз Астананың ана шетінен мына шетіне дейін жаяу сеурендеп жүре беретінбіз. Қыста күн суықта қиын болатын, №34 автобусты күтіп аялдамада тұратынбыз. Арманға қиындау болды. Оның киноға және таксиге ақшасы болу керек-тұғын.

Арман: Бірде, 6 шілде қала күнінде достарымызбен орталық саябаққа жиналамыз деп келістік. Жолда жаңбыр құйып кетті, такси тоқтатайық десек, үстіміз су-су ешкім тоқтағысы келмейді. Амал жоқ, жаяу баруға тура келді. Әбден жаңбырдың астына қалғанымызға қарамастан, мәз болып суретке түстік. Саябақта төрт жұп болып жиналған едік. Арамызда бір балада ғана машина болды. Сөйтіп, бір жұпты багажникке салып, бәріміз бір машинаға сыйып кеттік. Достарымызбен жиналған кезде, сондай оқиғаларды еске алып тұрамыз.

Арман: Мектептен кейін Аяулым Еузария ұлттық университетінің Радиотехника және байланыс бөліміне мемлекеттік грантты ұтып алды. Мен осы университеттің "Халықаралық қатынастар" мамандығының ақылай бөліміне түстім. Мектепте қазақ тілінің мұғалімі Рымбала Сағынқызы мен математика пәнінің мұғалімі Шынар Мәлікқызы біздің болашақта мамандық таңдауымызда көп көмегі тиді. Біздің ұстаздарымыз да ортақ. Ол кісілерге алғысымыз шексіз. Университетте синология (қытай тілі) бөлімінде оқыдым. Ол жерде ұлттық университет болғандықтан да шетелдік ұстаздардан жиі дәріс тыңдайтынбыз. Менің мамандығым бойынша Астанада оқудың тиімді жағы сол, бұл жерде Халықаралық масштабтағы жиындар жиі өтіп тұрады. Оған келген қонақтар көбіне біздің университетте дәріс оқуға келетін. Сондықтан да, Аяулым екеуміз осы жерде қалып оқуды жөн көрдік.

Аяулым: Арман мектепте жақсы оқыды. Оның жүрегі таза, артында қулығы жоқ. Бәлкім сол себепті де мен оған көңіл аударған шығармын. Қазір Арман Есіл ауданының әкімдігінде жұмыс істейді. Біз 2013 жылы қала күні қарсаңында үйленген болатынбыз. Ата-енемізбен (мама-папаммен) қала шетіндегі Ильинка деген ауылда тұрамыз. Бір ұлымыз бар. Есімі Дидар. Жақында мен де жұмысқа шықтым. Шыны керек, жұмысқа орналасу қиын болды. Бірақ баламыздың болашағы үшін екеуміз де еңбек етуіміз керек. Қазіргі өміріміздің мәні сол.

Біреуге салмақ салмай, адал қызмет етіп, өз болашақтарын жасауға тырмысып жатқан астаналық жас отбасылардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі осылай өрбіп жатыр.
Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова
