Ақмолалық жас каратэшілер ел біріншілігінен жүлделі оралды
Еліміздің барлық облыстарынан қатысқан бұл додада ақмолалықтар мерейі үстем болып, жалпы командалық есепте жүлделі екінші орыннан көрінді. Әсіресе, боз кілемде қарсылас шыдатпаған Дамира Жаубасар, Артем Буряк, Айнаш және Гүлбағыш Махамбетовалардың шеберліктері бапкерлердің көңілінен шықты.
Жеткіншектерді салауатты өмір салтына тәрбиелеп, осы шығыс спорты түрінің қыр-сырына үйретіп жүрген бас жаттықтырушы, спорттық каратэ федерациясының облыстық филиалының директоры Руслан Дүкембаев жас каратэшілерді дүбірлі додадағы жеңістерімен құттықтап, алдағы сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінулерін тіледі.
Жаттықтырушының айтуынша, бұл жолғы сайысқа еліміз бойынша 13 команда — 200 бала қатысып, бағы мен бабын сынаған.
«Жеңіске деген жігерлілігі мен қайсарлығының арқасында ақмолалықтар 10 алтын, 9 күміс және 3 қолаға қол жеткізіп, командалық есепте жамбылдықтардан кейін екінші орынға тұрақтады. Ендігі мақсат — алдағы жазда Ресейдің Чебоксары қаласында өтетін Еуропа чемпионатына қатысып, топ жару», — дейді Руслан Дүкембаев.

