Ақмола қаласында 1942 жылдың көктемінде жасақталған 106-шы атты әскер дивизиясы жөніндегі деректерді Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан табу тым қиынға түседі.
Өйткені, аталған дивизия соғыстың алғашқы жылдарындағы ұрыстардың бірінде неміс басқыншыларының қоршауына түсіп, ондағы құжаттарды қарсыластар иемденіп кеткен. Мұнда атты әскер дивизиясы туралы жарты бетке жетер — жетпес, ақпараттан басқа ештеңе кездеспеуі, міне, сондықтан.
106-шы Қазақ атты әскер дивизиясы
Ал атты әскер дивизиясы құрамдарына алынған жауынгерлер мен командирлер тағдырының беймәлім болу сырын да осыдан іздеген жөн сияқты. Олар Харьков түбіндегі жан алысып, жан беріскен ұрыс қимылдарында ерлікпен шайқасып, мәңгілікке көз жұмды.
106-шы атты әскер дивизиясы қатарында алынған, ақмолалықтар тағдыры әлі күнге белгісіз болып отыр. Олар хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналады.
Биыл еліміз Ұлы Отан соғысы жеңісінің 68 жылдығын кеңінен атап өтеді. Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқан қаһарман халқымыз ерлер есімін әсте жадынан шығармайды. Солардың қатарында кезінде, Ақмола облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланған Сағадат Құлмағанбетов те болды. Майданға өзінің еркімен аттанған ол, Ақмолада жасақталған № 106 атты әскер дивизиясының штаб командирі болып тағайындалды. Харьков түбінде неміс қоршауына түскен аталған дивизия 1942 жылдың маусым айында болған ұрыста жеңілістің ащы дәмін татты. Сұрапыл шайқаста, аға политрук С.Құлмағанбетов те мерт болды. 33 жасында бұл пәни дүниемен ерте қоштасқан жауынгердің артында ұрпақтары қалды. Мәселен, оның бел баласы Амангелдіден туған немересі Қанат бүгінде атасының қай жерде жерленгендігін анықтауды алдына мақсат етіп қойып отыр. Ол бауырластар зиратында жерленгендердің аты — жөнін анықтаумен айналысушылармен үзбей байланыс жасап келеді. Бәлкім, тынбай ізденіс өзінің бір жемісін беріп қалар?! Ия, бәріне уақыт — төреші емес пе?
Сағадат Құлмұхамбетов құжаттарының арасынан оған «Браунинг» револьверін тағып жүруге және сақтауға берілген рұқсатнамасын да көруге болады. Ал 1938 жылғы мамырдың 13 — інде тапсырылған № 324 пәтер ордерінде оның 1916 жылы туған әйелі Шәріпжамал Темірболатқызымен бірге тұратындығы, отбасында 1935 жылы туған Кеңес, 11 айлық Мұратбек атты ұлдары бар екендігі, әкесі Меңдіқожа, анасы Айшамен бірге, Ақмола қаласындағы Мирзоян көшесі, 92 — ші үйде тіркелгендігі айтылған. Олай болатын себебі, Сағадат Құлмағамбетов 1938 жылғы наурыздың 29 — ынан 1939 жылғы мамырдың 1 — іне дейін, Ақмола облыстық партия комитетінде жұмыс істейді.
Кейін 1940 жылдың 24 — қаңтарында өткен облыстық партия конференциясында коммунистер оған сенім көрсетіп, облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлайды.
106-шы атты әскер дивизиясының саяси жетекшісі С.Құлмағамбетовтың жарлық қағазы
Сағадат Құлмағамбетовтың бұдан кейінгі өмірі Ұлы Отан соғысының басталуымен тікелей қатысты болып келеді. Неміс — фашист басқыншылары Кеңестер Одағына соғыс ашқан тұста ол өз еркімен майданға сұранады.
Қанат Құлмағамбетовтың қалалық мұрағатқа ұсынған атасының соңғы хаты 1942 жылдың 11 мамырында жазылған екен. Ондағы мекен — жайда былай деп көрсетілген: Ұрыс армиясы, далалық пошта, 816 — станса, саяси бөлім. Жоғарыда айтқанымыздай, атты әскер дивизиясы құрамына алынғандардан мұндай хаттар тым сирек ұшырасады. Өйткені, олардың көбісі соғыстың алғашқы жылдарында Отан үшін құрбан болды, бірқатары хабар — ошарсыз кетті. Солардың бірі — біз әңгімелеп отырған саяси жетекші Сағадат Құлмұхамбетов.
Ақмола қаласында 1942 жылдың көктемінде жасақталған атты әскер дивизиясы жайлы біздің қолымыздағы деректер некен — саяқ. Жалпы алғанда, дивизия жауынгерлері хабар — ошарсыз кеткендер, тағдырлары белгісіз жандар қатарына жатады. Ел азаттығы жолында шейіт болған ерлер есімі халық зердесінде әрдайым жаттала беретін болады.
Мирас Құсайынов, Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының жоғары санатты мұрағатшысы.