Ақмола облысы Калачи ауылының тағы 4 тұрғыны қалғып кетті

Есіл ауданындағы Калачи селосының тағы 4 тұрғыны қалғып кетті. Бұл туралы "ҚазАқпарат" тілшісіне аудандық аурухана басшылары мәлім етті.
Ағымдағы жылдың 20-21 желтоқсан күндері Есіл ауданындағы Калачи селосының 4 тұрғыны қалғып кетті. Бұл жолғы науқастардың 4-уі де ересектер. Олардың бәрі бірден аудандық ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер науқастарға «ұйқы ауруына» тән «этиологиясы беймәлім энцефалопатия» деген диагноз қойып отыр.
«Қазіргі кезде науқастардың барлығының жағдайы қалыпты, тиісті ем қабылдап жатыр», - дейді аудандық аурухана басшылары.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 10-шы желтоқсанында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Калачи селосында болған еді. Онда халықпен кездескен өңір басшысы қаражат табылып жатса, Калачи селосы мен Красногор кентінің тұрғындарының толығымен көшірілетіні жөнінде уәде берген еді.
Қосымша ақпаратты http://www.inform.kz сайтынан көріңіздер!
