Ақиқатын айтсақ ащы, Балалар дәрігері тапшы...
|
28.09.12.
![]() Он жылдың ішінде елімізде бала өлімі 14,9 пайызға төмендеген. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, 1000 грамға дейінгі, яки өте қауіпті салмақтағы шараналардың тірі қалып, өмір сүруі 1,6 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де, медицинаға енгізілген жаңа технологиялармен жұмыс істейтін білікті маман тапшы. Бұл жөнінде еліміздегі балалар дәрігерлерінің VII съезінде белгілі болды.
Биылғы балалар дәрігерлерлерінің VII съезі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жиынға еліміздің бас дәрігерлері ғана емес, арысы - Германия, Венгрия, берісі - Тәжікстан, Қырғызстан, Украина Ресейден білікті дәрігерлер қатысып, балалар денсаулығын жақсарту жолдары һәм дертті ерте анықтау мәселелерін ортаға салды. «Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру он есе ұлғайды. Соның арқасында метариалдық-техникалық база жақсарып, бірқатар жаңа технологиялар енгізілді» дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Сәуле Нұқышева. Елімізде балалар денсаулығын барынша жақсарту мәселелері жан-жақты қамтылып отыр. Мәжіліс депутаты Айткүл Самақованың айтуынша, елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар ұлт денсаулығын қалыптастырып, сақтауға барынша оң ықпал етіп отыр. Соңғы үш жылдың ішінде бала өлімі 11 пайызға қысқарса, туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. «Бүгінде елімізде бірқатар ірі денсаулық сақтау мекемелері көптеп ашылуда. Денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар енгізіліп, барынша жағдай жасалып жатыр. Дегенмен әлі күнге білікті мамандар тапшы. Бұрыннан еңбек етіп, білігі мен білімінің арқасында жетістікке жеткен аға буын дәрігерлерді құрметтеуіміз керек. Алдыңғы буын кейінгі толқынға өз дәрежесінде білім беріп, үлгі болуы тиіс. Қанша жерден ғылыми тұрғыда озық дәрежеге жеткен техника болғанымен, оны басқара алатын маман болмаса, бәрі бекер» дейді Айткүл Самақова. Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ |


