8 қараша елімізде статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді.
Статистика – тарихты санмен қалдыру
8 қараша елімізде статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Жалпы алғанда статистика мемлекеттің әлеумет¬тік-экономикалық даму стратегиясын бел-гілеуде бұл саланың рөлі зор. Аса мұқияттылықты әрі жоғарғы біліктілікті қажет ететін сала қызметкерлерінің жұмысына жебіс, отбасыларына амандық тілейміз!
Статистика — әрi ғылым, әрi қызмет саласы, әрi мамандық түрi. Бұл терминді естігенде кім кімнің болмасын көз алдына шегі жоқ сандар мен түрлі көрсеткіштер келері анық. Ауданымызда статистикалық орган 1939 жылы құрылған. Ол кезде “халық шаруашылығы есебі” (нархозучет) бөлімі деп аталған. Бұл бөлімге аудандағы статистикалық жұмыстарды ұйымдастыру, статистикалық зерттеу бағдарламалары мен жоспарларын бекіту, демографиялық және моральді статистикалар жүргізу, сонымен бірге денсаулық сақтау және тазалық, еңбек, өнеркәсіп пен халық шаруашылығы статистикасын жүргізу жұмыстары жүктелді.
Бір ғасырға жуық тарихы бар бұл мамандық заман талабына сай жан-жақты дамып, мемлекеттегі басты қызметтердің біріне айналды. Қоғам өмірінің сандық заңдылықтарын олардың сапалық мазмұнымен ажырамайтын байланыста сипаттайтын статистикалық ақпаратты жинап, өңдеуді, талдау мен жариялауды қамтитын қызмет саласы ретінде басты рөлге ие статистика мамандығы сан алуандығымен ерекшеленеді.
Ауданымыздағы статистика басқармасы да бүгінгі таңда жаңа технологиялардың легінде қызметін электрондық нұсқада халыққа ұсынып отыр. Елімізде 8 қараша статистика саласы мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтеді. Атаулы мереке тұсында аудан көрсеткішінің айнасына айналған аудандық статистика басқармасында 18 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Үміт Ізімбергенова туралы жазуды жөн санадым.
Ауданымыздың тумасы, жасынан есеп-қисапқа жүйрік болған Үміт Айтқожақызы мектепті бітіріп, Ақтөбе сауда техникумын «тауартану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ауданға келіп аудандық тұтыну кооперативінде алғаш еңбек жолын бастаған ол, 2002 жылдың тамыз айында аудандық статистика басқармасына жұмысқа орналасып, күні бүгінге дейін табан аудармастан қызмет етіп келеді.
Үміт Айтқожақызы өз мамандығының қыр-сыры жайында, «Статистика мамандығы – аса мұқияттылықты әрі жоғарғы біліктілікті қажет ететін сала. Ізденіссіз істің нәтижелі болуы мүмкін емес. Сондықтан да, біз өзімізге жүктелген жауапкершіліктің өте маңызды екендігін сезіне отырып, жаңа жүйелермен жұмыс жасауға тырысамыз. Жалпы алғанда, біздің мамандық – тұтас бір қоғамның ғасырлар бойғы тарихын санамалап, санмен қалдыру. Жұмысымыз ауданға тіркелген барлық статистикалық сандар бойынша ірі және орта кәсіпорындар есепті сандарын толық жинау болып табылады. Жаңа технологияның дамып, өркениеттілік сатысына көтерілген ХХІ ғасырда статистика саласында көптеген өзгерістер болды. Әсіресе, бізге тіркелген құжаттар, мемлекеттік мекемелердің есеп-қисабы электронды нұсқада, еліміздегі жағдайға байланысты онлайн режимде қабылданып, жұмыстың жүруі сәл де болса жеңілдеді. Ауданға қатысты әрбір деректердің, бекітілген жоспарларға сәйкес зерттеліп, зерделенуі, талап етілген құжаттардың уақытылы әрі сапалы орындалуы әрқашан басты назарымызда. Әрбір мекемемен, әрбір азаматпен қоянқолтық тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің нәтижесінде еңбегіміз жемісті болып келеді. Бұл – ортақ істегі тіл табыса білудің жемісі», – дейді бас маман Үміт Айтқожақызы.
Ия, негізгі міндеті – басқарманың салалық бөлімдерімен, ғылыми әдіснама және халықаралық стандарттар негізінде ақпарат жүйелерімен жұмыс жасау, оны жетілдіру, статистикалық көрсеткіштер тұтастығын, ақиқаттылығын нақты көрсету үлкен жауапкершілікті талап етері сөзсіз. Сондай-ақ өңірде болып жатқан экономикалық және әлеуметтік үдерістерді, олардың даму қарқынын зерделеу, жалпылау және мемлекеттік органдар, іскер қауымды, қоғамды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты статистикалық ақпаратпен қамту.
Жүз жылдық мерейтойларына толайым табыстармен жетіп отырған басқармада бүгінде санаулы ғана маман қызмет етеді. Соған қарамастан жүйелі жұмыс жасап, жемісін көріпте келеді. Алғашында аудан статистикасы саласына еңбегі сіңген қос Нұр-ағаны айрықша айтуға болады. Олар Нұрғали Шәудірбаев және Нұрмұхан Куанов және Қуантқан Исаев ағаларымыз статистика саласындағы қажырлы қызмет еткен болатын.
Қай салада өсу, кему көрсеткіштері мен себеп-салдарын құжатқа хаттап, санада сақтап жүрген санаулы ғана статист мамандарымыз өз істеріне берілген жандар. Аталған сала қызметкерлері біліктілігімен көзге түсіп, сан саланың деректері мен дәйектерін жатқа айта алатын маманға айналды. Сондықтан болар, оларды қалың көпшілік статистика саласының саңлақтары атап кеткен.
