#5years_story Тиімді мүмкіндік
Соңғы бес жыл ішінде маған интернет не берді деп ойланатын болсам, бүгінде интернетсіз жұмыста күн өткізе алмайтыным еске түседі. Есімде кейде жұмыста, немесе үйде интернет өшіп қалған кездері (ақшасы уақытында төленбей қалған кезде) жаңалықтардан жұрдай болып, елде не болып жатқанынан тек бірең-сараң телевизор жаңалықтары арқылы ғана білетін болдым. Ал мамандығымыз журналист болғандықтан, бүгінде бізге интернетсіз күн жоқ. Ақпарат ағымынан қалып қоймау үшін, жаһанда болып жатқан оқиғалар жөнінде хабардар болуымыз тиіс.

Мұны бір десеңіз, екіншіден қазіргі агент, в контакте сияқты әлеуметтік желілер арқылы ағайын-туыстармен, дос-жарандармен байланысу оңайдың оңайы болды. Әрі өте тиімді екенін де ескерген жөн. Телефон арқылы алыс-жақындағы, тіпті шетелдегі туған-туыстармен жүздесіп, сөйлесіп, тіпті олардың жіберген фото-видео ақпараттары арқылы алыстағы бауырымның өсіп қалғанын күн сайын компьютерімнен көріп отырамын. Алыс пен жақынды қауыштырған интернетті дұрыс пайдалана білген адамға пайдасы өте көп.

Жуырда мынандай жағдай болды. Жұмыс барысымен ағам, анам облыстан тыс аймақтарға шығып жүреді, ағам шетелге барып келеді. Сол жақтан өзіме әкелуді өтінген тауарлардың фотосуреттерін менің электрондық поштама жіберіп, сол жерде отырып-ақ өзіме ұнайтын затты тура дүкендегідей таңдап аламын. Ал қазіргі интернет-дүкендері қажетті тауарды ұзақ іздеп жүруге мен сияқты уақыты жоқ адамдар үшін өте қолайлы деп ойлаймын. Тек дұрыс таңдау жасай білу маңызды екенін ұмытпағайсыз.

Мұның бәрі, әрине, күнделікті қарапайым тіршіліктің қамы. Ал одан әлдеқайда жоғары, демек рухани жан азығына келер болсақ, мен үшін интернетте ең қызығы да осы. Өзім мұсылман болғандықтан, маған өзімнің дінім жөнінде көбірек ақпарат жинаған қызықты. Бұл ретте, мен интернеттегі теріс ағымдар емес, ал Ханафи мазхабы жөнінде білім іздеймін. Шынын айтсам, кітап оқығаннан гөрі маған интернет арқылы танымдық аудио материалдарды көшіріп, осылайша білімімді тереңдеткен ұнайды. Көбінесе, umma.ru, muslim.kz, islam.kz, assalam.kz сайттарынан ақпарат алғанды ұнатамын.
Кішкентай екі қызым да жастары 6 мен 5-те ғана болса да, интернетті кейде менен артық меңгеріп алған ба деп қаламын. Онлайн фильм немесе мультфильм қарағанды ұнатады. Бұған қоса, балалардың ойлау қабілетін дамытатын ойындар ойнайды. Анасы болған соң, мен балалардың интернетте не қарап, не көретінін үнемі бақылап отырамын. Жас ерекшелігіне сай келмейтін сайттарға кірмеуі үшін арнайы шектеу бағдарламасын орнатуды ойластырып жүрмін.

Қазірде маған интернеттің сондай қожетімді болғаны қызық. Алғашқыда интернет біздің облыста тек тоқсаныншы жылдардың соңында пайда болған. Сол кезде бүкіл қалада жалғыз интернет болатын. Бұл үшін nursatтың интернет кафесіне баратынбыз. Мен ол кезде 9-10 сынып оқимын. Сол кезде біздің қалада жұмыс істеп, немесе оқу оқып жүрген шетелдік азаматтарды ғана интернет пайдаланатынын көретінмін. Солардың жанында жүріп өзім де үйрендім. Енді интернет қолжетімді. Бағасы тиімді. Тіпті, ауылдағы ағайынның өзі қазір интернеттен бас алмайды. Ең бастысы, алынған ақпарат пайдалы, өткізілген уақыт өнімді болсыншы. Жақсысын алып, керсексізін сүзгіден өткізуді білейік!

