35 жасқа дейін баспана алып қалуға әрекеттеніңіз
Биыл жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасына бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінді. Осылайша, елімізде жеңілдетілген ипотекалық несие беру бойынша жастар бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады.

2024 жылы бұл жобаны Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында іске қосу жоспарланған.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын «Отбасы банкі» АҚ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен облыс және қала әкімдіктерімен бірлесе жүзеге асырады.
«Бағдарламаларға 35 жасқа дейінгі әлеуметтік сала, БАҚ, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері қатыса алады. Әр аймақтағы кәсіптер тізбесін бағдарлама басталар алдында әкімдік жинақтайды», — делінген аталған министрліктің ресми сайтында.
Бағдарламаларға қатысатын азаматтарға қойылатын негізгі талаптар мыналар:
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы.
2. Бағдарламаға қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады.
3. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің (ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен ортақ үлестік меншік) болмауы
4. Өтініш берген кезде қатысушы таңдаған саладағы ресми жұмыс өтілі кемінде бір жылдық зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен растауды талап етеді
Несие шарттары:
Несие бойынша сыйақы мөлшері – жылдығы 5% -дан бастап
Несие мерзімі – 19 жылға дейін
Бастапқы жарна – 10%
