23 сәуір — Халықаралық кітап күні

Бүгінгі мерекеге орай «Екпін» журналы оқырмандарына: «қандай кітап оқып жүрсіз?» — деген сауалды қойған болатын. Жауаптары төмендегідей.

Мейрамхан Жәпек, журналист
«Әсет шығармалары»
Ең соңғы оқыған кітабым - 1999 жылы Қытайда жарық көрген Әсет Найманбаевтың шығармалар жинағы. Бұл кітап Қазақстанда 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан еді, бірақ осы жинақтағы шығармалар толық емес еді. Әсет Найманбаев өмірінің соңғы жылдарын Қытайда қуғыншылықта, жоқшылықта өткізді. Сол кезде жазған дүниелері қағазға түскен екен. Үрімжідегі «Ұлттар баспасының» қазақ редакциясынан Ермек Керімбайұлы деген азамат барлық шығармаларын жинақтап, «Әсет шығармалары» деген атпен кітап етіп шығарған. Бұл кітаптың Қытайда шыққан нұсқасы менің қолыма кездейсоқ түсті. Қарағандының облыстық газет редакторы Мағауия Сембай төте жазудан қазіргі қазақ қаріпіне түсіретін адам іздеп жүргенде біреулерден менің төте жазуды білетінімді естіп, осы шығармалар жинағын аударуға ұсыныс жасады. Мен бұл ұсынысты қабыл алып, аудара бастадым.
Кейін Әсет Найманбаевтың біз білмейтін шығармалары жетерлік екендігіне көзім жетті. 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан кітапқа оның көп еңбектері енбей қалған екен. Мәселен, біздегі Әсет шығармаларындағы «Мақпал» деген әннің екі-ақ нұсқасы берілген, ал Қытайдан шыққан кітапта төрт нұсқасы, «Қарагөз» деген әннің осы уақытқа дейін бір-ақ нұсқасын біліп келсек, ол кітапта 5-6 нұсқасы жинақталған. Кітаптың Қазақстанда шыққан нұсқасы 288 бет болып шыққан болса, Қытайдан шыққан кітаптың көлемі 1000 беттен асады. Яғни, Қытайдағы қазақ әріптестеріміз Әсет шығармаларына өте салиқалы, салмақты қараған. Бұл туынды ұлтымыздың мәдени, әдеби інжу-маржаны десе болады, біздің үлкен рухани құндылығымыз, мәдениетіміздің керемет нұсқасы.

Гаухар, студент
«How to Win Friends and Influence People». Дейл Карнеги.
«Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды», - деп айтып жатады, меніңше әрбір адам ай сайын бір кітап сатып алып, оқып тұруы керек. Соңғы оқыған кітабым - Дейл Карнегидің достарды тауып алуға және адамдарға ықпал етуді үйрететін кітап. Бұл кітапты оқуға әпкем кеңес берген болатын. «Егер осы кітапты оқысаң, өмірге деген көзқарасың өзгереді, айналаңа басқаша қарайтын боласың», - деп айтты. Шынымен де осы кітапты оқығанда өзіме көп пайдалы білім алдым. Адамдармен қалай тіл табысу керек, көпшілік алдында қалай сөйлеу керек, өзіңді адамдар арасында қалай ұстау керек, достарыңмен қалай қарым-қатынас жасау керек сынды психологиялық кеңестерге қанық болдым. Кітапта бір күндік өміріңді қалайша пайдалы өткізіп, уақытыңды үнемді пайдалану туралы да айтылады. Кейбіреулер: «күнделікті өмірдің тұрмыс-тіршілігі ғана жазылған» - деп ұнатпауы мүкін. Бірақ күнделікті әрекеттеріміз де көп ретте орынды жасалмай келетінін ұмытпайық.
Кітапта көптеген дана ойшылдардың қанатты сөздері жиі қолданылады. Бұл афоризмдер өміріме елеулі өзгерістер алып келді деп айта аламын. Өйткені олар өмірге деген құштарлықты, білім-ғылымға деген талпынысты күшейте түседі. Жеке тұлға, көзі ашық азамат болып қалыптасқысы келген әрбір адамға осы кітапты оқуға кеңес беремін.

Нұрмұхамед Ибраев, пиар маманы
«Финансист». Теодор Драйзер.
PR саласында істесем де, мамандығым - қаржыгер. Сол себептен Теодор Драйзердың «Финансист» деген кітабын оқуға кеңес беремін. Нарықтың басты заңдары мен принциптерін осы кітаптан ұқтым. Басты кейіпкер балалық шағынан бастап ақша табу тәсілдеріне үйренеді. Сабын сатудан бастаған ол бірнеше жылдан кейін бай және беделді адамға айналады. Әрине, байлыққа жету үшін талай қиыншылықтарды бастан кешеді, сынақтырдан өтеді, сатқындық пен әділетсіздікке ұшырайды.
Қаржыгер болмасаңыз да, бұл кітапты міндетті түрде оқыңыз, өйткені қарапайым тілмен жазылған туындыны оқу өте қызық. Оған қоса, «Финансист» романы әлем әдебиетінің классикасына жатқызылатын кітап.

Олжас Қасым, ақын
«Таңдамалы шығармалар». Александр Блок.
Соңғы оқыған кітабым - «Жазушы» баспасынан шыққан Блоктың шығармалар жинағы. Ақындарымыздың аудармасы бойынша қазақша нұсқасын оқыған едім. Алайда аударма деңгейі көңілімнен шыққан жоқ. Бұл кітапты шығармашылыққа, әдебиетке келіп жатқан жастарға оқуға болады. Жалпы Александр Блок орыс поэзиясында өзіндік орны бар ақын. Оның шығармашылығында түрлі тақырыптар қозғалады, алайда көп кездесетіні - өлім мен өмір тақырыбы.

Ербол Азанбеков, пиар маманы
«Пиардағы ақылдылар мен алаяқтар». Владимир Мединский.
«Этнографпен әңгіме». Қасымхан Бегіманов.
Оқушы, студент кездерімде көбіне әдеби кітаптар оқитынмын. Анам кітапханашы болғандықтан, кішкентай кезімнен кітапқа құмар болып өстім. Жалпы журналистикаға келуіме де кітап әсер етті деп айта аламын.
Мамандығым пиар болғандықтан, соңғы жылдары осы салаға байланысты кітаптарды көп оқимын. Оның үстіне жақында өзім де пиарға байланысты бір оқулық жазуды бастағанмын, бірақ өзімнің білімім әлі де жеткіліксіз екенін білемін. Сондықтан да соңғы бір жылдан бері пиарға байланысты кітаптарды көп оқып жүрмін.
Қазір оқып жатқан кітабым - Владимир Мединскийдың «Пиардағы ақылдылар мен алаяқтар» деген кітабы. Пиар ХХ ғасырдың соңына таман пайда болды деп айтып жатады ғой, бірақ олай емес, пиар адам баласы пайда болған кезден-ақ пайда болған нәрсе екен.
Мамандығымнан бөлек оқып жүргенім - Қасымхан Бегімановтың «Этнографпен әңгіме» деген кітабы. Бұл кітап Жағда Бабалықұлы этнограф ағамызбен жасалған сырсұхбат негізінде жазылған. Мұнда құнды нәрселер, біз әлі күнге дейін білмейтін тың мәліметтер берілген. Егер этнография саласына, қазақтың салт-дәстүріне қызығатын, сол жайында терең білгісі келетін адамдар болса, осы туындыны оқуға кеңес беремін.

Роза Әрен, журналист
«Соңғы парыз». Әбдіжәміл Нұрпейісов.
«Кітапжегіштердің» қатарынан емеспін. Бірақ, сондай оқырмандарға қатты қызығамын. Қазір оқып жатқан кітабым – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызы». Бұл мыңжылдықтар тоғысында жазылған өте қуатты шығарма. Негізі, Әбдіжәміл атамыздың саналы ғұмырында жазып шыққан шығармаларының көпшілігі өзінің туған өңірі Аралдың және сондағы бүкіл қасіреті мен қуанышын теңізбен байланыстырған балықшылардың тұрмыс-тіршілігін баяндайды. Бұдан бұрынғы «Қан мен тер» трилогиясының кезінде атағы жер жарып, бүкіл әлемді тамсантқанын білеміз. «Соңғы парыз» дилогиясы сол романның ізін жалғаған іспетті. Өйткені, «Қан мен терде» халықтың Қазан төңкерісіне дейінгі тұрмысы суреттелсе, мұнда кеңестік кезеңдегі көрген теперіші баяндалады.
Бір тұста автор «Мына дүниенің азабы мен тозағын бұл жалғанда Арал өңірінің халқынан артық кім көрген; егер күндердің күнінде халық шеккен қасіретке ескерткіш қойылар болса, келешек ұрпақ тек аралдықтарға ғана қояр-ау!» - дейді. Романдағы құрғаған теңіз, күйген даланың суреттеулері, бас кейіпкер Жәдігердің екі бірдей баласының кемтар болуы, автордың «Аралда гүл өспейтінін» қынжыла баяндайтын тұстары тіпті аянышты. Кеңестік эксперименттерге тіс қайрайтын балықшылардың лажсыз, қауқарсыз тірлігі, Жәдігердің ішкі күңіренісі, бәрі-бәрі оқырманды ойдың терең шыңырауына тастап жібереді. Бір сөзбен айтқанда, ауыр шығарма.
«Соңғы парызға» деген үлкен қызығушылығымды өзімнің де сол Арал өңірінің қызы болғандығыммен байланыстырсам жөн шығар. Соңғы кездері туған өлкем жайында жазылған шығармаларға көбірек ден қойып жүрмін. Ғабит Мүсіреповтің Арал балықшыларына Лениннің көмек сұрап хат жолдайтындығын баяндаған «Жиырма төрт сағатта» әңгімесін де жақында оқыдым. Бұйырса, «Соңғы парызды» аяқтағасын Бауыржан Омаровтың сиясы кеуіп үлгермеген жаңа кітабы - «Қаратерең вальсін» оқуға көшемін. Бұл теңіз қолтығындағы шағын ауылдың құтты тіршілігін баяндаған туынды.
__________________________________________________________________________
Достар, бұл сұраққа сіздер де жауап беріп отырсаңыздар, пікірлеріңізді күтеміз.
