ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

2017 жылы 21 мыңнан астам жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған жас қазақстандық жұмысшы кәсіптерге тегін оқи алады

Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы туралы және жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жайлы» тақырыбында  өткен баспасөз мәслихатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

Біржан Нұрымбетов, сөз басында, жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында (әрі қарай – бағдарлама) келесі мәселелерге көңіл бөлінгенін жеткізді: сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлік қағидаттарына жаппай оқыту мен дағдыларды үйрету, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналасуға әрекеттесу мен еңбекке жұмылуды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту.

«Бағдарламаның бірінші бағыты аясында, 2,5 жылға дейінгі оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім алу ұйымдастырылып, мұнда бәрінен бұрын, мектепті аяқтағаннан кейін оқу орындарына түспеген жастарға назар аударылады. Биыл техникалық және кәсіби оқытуда 21 мыңнан астам жас қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. Осымен бірге, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары шеңберінде кәсіби оқытуға арналған қысқамерзімді курстар өткізілетін болады (1-6 ай аралығы). Бұл оқу түрінде 26 мың адамды қамту көзделуде», - деп мәлімдеді вице-министр.

Бағдарламаның екінші бағытында, ауылмен қатар, қалаларда да жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалады.

«Өтеу мерзімі 7 жыл несиенің жылдық мөлшерлемесі 6% деңгейде сақтала отырып, 18 миллион теңге мөлшерінде ұсынылады. Несиенің қолжетімділігін кеңейтуге арналған келесі бір тың шара, несиені кепілдендіру тетігі енгізіледі: бизнесін енді бастағандарға 85%-ға дейін және жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге 50%-ға дейін. Ауыл мен шағын қалалалардағы несиелеу, шағын қаржы ұйымдарын қосқанда, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жүргізіледі. Қалаларда шағын несиелеу, ауылдық жерлерге арналған шарттардағыдай, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асатын болады. Үстіміздегі жылы 10 мыңнан астам адамға шағын несие беру жоспарлануда», - деп байыптады Біржан Нұрымбетов.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, арнайы тренерлер мен табысты да тәжірибелі кәсіпкерлерді тартқан райда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы «Бастау-бизнес» жобасы арқылы қолға алынады. Ағымдағы жылы оқу сабақтарына 15 мың адам ілікпек.

Үшінші бағытта азаматтардың жекелеген санаттарының жұмысқа орналасуында атаулы көмекті күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды күшейту және еңбек нарығы инфрақұрылымын дамыту қарастырылған.

Анығырақ тоқталсақ, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстар сынды құралдар жастар мен әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында сұранысқа ие. Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 11,3 мың адамды орналастыру межеленсе, жастар тәжірибесінде 12,7 мың адам қамтылмақ.

Еңбек ресурстарының жұмылуын арттыруда, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жыл сайын, өңірлер мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына сұранысын ескерген райда, ішкі көші-қон квотасы белгіленеді. Аталған көшті ынталандыру тетігі ретінде, бастапқы бейімделу және жол мен жүк тасу шығынын өтеу құралдарынан тұратын, қазіргі таңдағы әлеуметтік пакетті қолдану жалғасын табатын болады. Осы жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу мақсат етілген.

Тағы бір маңызды мәселе, enbek.kz порталында Еңбек нарығының біртұтас ақпарат базасы (электрондық еңбек биржасы) жасалып, онда ғаламтор кеңістігіндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер жайлы барлық деректі біріктіру күтілуде.

2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 85 млрд теңге қарастырылған.