Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

2016 жылы мүгедектерге күтім көрсетіп отырғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері артады

Келеcі жылы мүмкіндігі шектеулі жандар күтімі бойынша бөлінетінт жәрдемақы мөлшері арттырылатын болыпты. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Надежда Петухова хабарлады.

Халық қалаулысы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрибелеп отырған отбасыларды әлеуметтік, медициналық қамтамасыз ету және бейімдеу мәселелері жөніндегі диалог алаңы аясында аталған жайт туралы сөз қозғаған екен.

Аталған шара аясында Елордада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мемлекеттік органдар өкілдерінің мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналардың бастамашыл тобымен кездескен. Шараны ұйымдастыруды «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы қолға алған.

Аналардан құрылған бастамашыл топтың көтерген негізгі мәселелері мүгедек балалардың күтімі бойынша жәрдемақыны ұлғайту, қажетті сауықтыру техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, кешенді медициналық және реабилитациялық күтім алу бойынша мүмкіндіктерді кеңейту мәселесі болды.

«Біз Мүгедектер құқығы туралы конвенцияны ратификацияладық. Ендігі міндетіміз мүгедектерге ізгі қарым-қатынас болуы үшін оларды қоғамға бейімдеу. Олар өздерін өз мемлекетіне қажет адамдар екенін сезінуі тиіс. Ата-аналар қойған мәселелердің бәріне бірден қол жеткізу әрине, мүмкін емес. Бұл қомақты қаржыны қажет етеді. Дегенмен, Мәжілісте жатқан заңда мүгедектердің өмірін жеңілдететін жайттардың бір бөлігі көзделген», - деді Н.Петухова.

Ол мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінің өсірілетініне толығырақ тоқталды.

«Аналарды толғандырып отырған жәрдемақының өсуі туралы мәселелер қарастырылады. 2016 жылы тұтынушы себетін қайта қараймыз. Ол артады, сәйкесінше жәрдемақы да өседі. Зейнетақымен қамту мәселесіне тоқталар болсақ, біз Үкіметке әлеуметтік сақтандыру қорының 10%-ын зейнетақы қорына өткізу туралы ұсыныс білдіреміз. Бұл мүгедек балаларды күтіп отырған аналардың аз да болса жинағы болуы үшін қажет», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Кездесу барысында мүгедек балаларына күтім жасап отырған аналарды әлеуметтік қызметкерлерге теңестіру мәселесі де көтерілді.

«Бұл мәселе де Үкіметтің қарауына жіберіледі. Ол осыған дейін де көтерілген. Оны шешу үшін қаражат керек, сондықтан бұл түйінді тарқату бюджеттің толығуына байланысты болады», - деп түйді Н.Петухова.

Inform.kz

0
0
749

Осы тақырып бойынша

2016 жылы мүгедектерге күтім көрсетіп отырғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері артады - Yvision.kz