2016 жылдың 10 айында Қызылорда облысы көлемінде 776 алаяқтық қылмысы тіркелген
Ағымдағы жылдың 29 қарашасында Орталық коммуникациялар қызметінде «Тұрғын үй, жер алу және өзге де мәселелер бойынша алаяқтықпен қозғалған қылмыстық істер және алаяқтықтың алдын алу» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифингке Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті Криминалды полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Тұрсекеев Ғани Асанұлы қатысып, өңірімізде тіркелген алаяқтық қылмыстарын талдап берді.

2016 жылдың 10 айында Қызылорда облысы көлемінде 776 алаяқтық қылмыстары тіркеліп, 2015 жылмен салыстырғанда 37,9 пайызға азайған. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде аталған қылмыстың 64,4 пайызы немесе 479 ашылып, қылмыскерлерге қатысты тиісті шаралар қолданылды.
Тіркелген алаяқтық қылмыстарын талдасақ, қарызға ақша алып қайтармағандар - 34, несие алуға көмектесемін дегендер - 127, кезексіз жер алып беремін дегендер - 131, кезектен тыс үй алуға көмектесемін дегендер - 124, интернет желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есеп-шотына ақша салдырғандар саны – 71-ді құрап отыр.
Бұл қылмыстардың орын алуына жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, кезектен тыс жер, пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр.
Мәселен, 2016 жылы қыркүйек айында Байқоңыр қаласында белгісіз азаматтар «Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында мұнай саласына жұмысқа қабылдаймыз» деген хабарлама таратып, бірнеше азаматтан ақша алып, алдап кеткені жөнінде арыз келіп түскен.
Аталған арыз негізінде күдікті азаматтың жеке басы анықталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Алайда, тергеу кезінде күдікті азаматтың жәбірленушілерге ақшаларын қайтарып беруіне байланысты, қазіргі таңда арызданушылар күдікті азаматты жауапкершіліктен босатуды сұрап, өтініш білдіруде.
Ағымдағы жылдың 10 айында алаяқтық жасағаны үшін 237 адам ұсталып, 117-не қатысты қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданса, 120-на қатысты екі жақтың ымыраласуына байланысты қылмыстық іс қысқартылған.
Осы қылмыстарды жасаған күдіктілердің 150-і әйел, 87-і ер азаматтар (2015 жылдың 10 айында алаяқтықпен ұсталған 257 күдіктінің 150-і әйел, 107-і ер азаматтар).
Бұл - әйелдердің сенімге кіру мүмкіндігі жоғары екендігін және жұрттың ерлерге қарағанда әйелдерге көбірек сенетіндігін көрсетеді. Сондай-ақ, қылмысқа баратын әйелдер де әшкере бола қалған жағдайда өздеріне ауыр жаза тағайындалмайтынын біледі.
Бүгінгі күнге алаяқтық қылмыстарының алдын алу бағытында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандырылып, брифингтер өткізіліп, әлеуметтік желідегі арнайы сайттарға бірнеше ақпараттар жарияланды.
Осы тақырыпта халық көп шоғырланатын орындар мен базарларда, сауда орталықтарында плакаттар жапсырылып, жадынамалар таратылды.
«Алаяқтардан сақтаныңыз» деген айдармен бейнероликтер әзірленіп, Қызылорда қаласында орналасқан «LED» экран арқылы және жергілікті телеарналар арқылы көрсетілді.
Сондай-ақ, алаяқтықтың түрлері мен одан сақтану жолдары жайлы ақпараттандырылатын SMS-хабарламаны барлық ұялы байланыс қолданушыларға жіберіп отыру мәселесін шешу үшін қаражат қарастырылуда.
Алдағы уақытта, қылмыстың бұл түрінің алдын алу мақсатында алаяқтықтың түрлері, одан сақтану жолдары жайлы халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, болған қылмыстарды ашуға бағытталған іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырыла бермек.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
