Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

2015 жылғы ҰБТ қорытындысы

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. 2-8 маусым аралығында өткізілген ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 79,4 болды, бұл 2014 жылмен (76,9) салыстырғанда 2,5%-ға жоғары. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сондай-ақ осы жылы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар саны 2,4 %-ға өсті, олар 14 420 (17,4 %) болды, 2014 жылы - 13 137 (15%). 50 балдық шекті деңгейлік баллды жинаған түлектер саны 4,5%-ға көбейді, яғни 67 497 оқушы (81,4%), ал 2014 жылы олардың саны 67 357 (76,9%) болды.

Ең жоғарғы ұпай 125 баллды - 5 оқушы: Ердосова Гүлназ Жандосқызы (Тараз қаласының №45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі); Мұстафина Риана Еркінқызы (Астана қ. №59 мектеп-лицейі); Самат Сымбат Қуанышқызы (БҚО Теректі ауданың «Үміт» лингвистика гимназиясының түлегі) және Лаура Абдазимова (ОҚО Түлкібас ауданының үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі); Яковлева Анастасия Владимировна (Алматы қ. №90 лицейі) жинады (2014 жылы - 4 түлек).

Тестілеу нәтижесі ҰБТ өткізу пункттеріндегі тақтайшаларға ілінумен қатар Ұлттық тестілеу орталығы сайтына (www.testcenter.kz) енгізіледі.


 

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындылары бойынша орташа балл 79,65 болды, бұл сынақта «Алтын белгіге» үміткер болған мектеп бітірушілерінің жартысына жуығы өз білімдерін растады.

«Облыста ҰБТ 3-7 маусым күндері аралығында өткен. Биыл оған облыс бойынша жалпы алғанда 7 мың түлектің ішінен 5 мыңнан астамы қатысқан. Барлығы жақсы деңгейде, жақсы ұйымдастырумен өтіп, бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бірде-бір түлек дәрісханадан шығарылған жоқ, ешқайсының да нәтижелері жойылған емес. ҰБТ қорытындылары бойынша орташа балл 79,65 болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 балға көп», - деп хабарлады бүгін брифинг барысында облыстық білім басқармасының жетекшісі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, орташа балы бойынша Қарағанды облысы республикада алтыншы орында тұр.

«Алтын белгіге» келетін болсақ, өз білімдерін үміткерлердің 48 пайызы - 108 түлек растап шығарды. Биылғы жылы ҰБТ-да 750 оқушы тиісті балл ала алмады. Облыс бойынша ең төмен нәтиже - 27 балды Қарағандыдағы № 5 орта мектептің түлегі жинаған», - деп атап өтті білім басқармасының жетекшісі.

Облыста ең үздік көрсеткіш - 123 балды үш түлек: Никита Костливцев (Қарағанды қаласының № 2 лицейі), Меруерт Мұхташова (Жезқазған қаласының № 8 гимназиясы) және Аида Әлімбетова (Жезқазған қаласының № 22 орта мектебі) алды.

Дарынды балаларға арналған мектептердің арасында бірінші орынды «Дарын» мектебі алып тұр, мұндағы түлектер орташа алғанда 114,5 балл жинаған. Сондай-ақ 103 бал орташа көрсеткішке ие болған Қарағандының № 93 гимназиясы ерекшеленді.

«Жалпы алғанда ҰБТ қорытындыларына ризамыз», - деп атап өтті ведомствоның басшысы.


Қызылорда облысы

Ұлттық бірыңғай тесттен биыл қызылордалықтар жақсы көрсеткіш көрсетті. Алдын ала нәтиже бойынша 81,8 балды құрап отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы аппарат мәжілісінде мәлімдеді.

Өткен жылы орташа көрсеткіш 74,2 балл болған. Биыл 7,6 пайызға жоғарылады. Аудандар арасында ең жоғары нәтижеге 83,5 балмен жалағаштықтар қол жеткізді. Мектептер арасында Қазақ-түрік қыздар лицейінің еншісінде. Аталған мектеп оқушыларының орташа көрсеткіші 109,9 балл. Ең жоғары 123 балды №202 орта мектептің оқушысы жинады. Алтын белгіге 231 оқушы үмітті болған болса, соның 136-сы өз білімдерін  дәлелдеді. Өткен жылы екілік бағаны 280 оқушы алса, биыл 109 оқушыны құрады.

«Бұл нәтиженің барлығы алдын ала есеп бойынша. Нақты қорытынды бір-екі күнде белгілі болады. Салыстырмалы түрде барлық көрсеткіш бойынша өткен жылдармен салыстырғанда жақсарған», - деді облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев ҰБТ сәтті өтуіне атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта олар арнайы мадақтау қағазымен марапатталатынын жеткізді.


Атырау облысы

Атырау облысында 4 826 мектеп бітірушісінің ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3 527 адам қатысқан. ҰБТ-ның 50 балдық «табалдырығынан» түлектердің тек 49,7 пайызы аса алды.

«Тестілеуге қатысқандардың жинаған орташа балы - 61. «Алтын белгіге» үміткер болған 100 түлектің 25 ғана өз білімдерін дәлелдеп шығарды, ерекше аттестатқа үміткер болған 43 бітірушінің 8-і ғана алады. Өткен жылмен салыстырғанда, тестілеу ерекше бұзушылықтарсыз өтті. Ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін алты түлектің ҰБТ қорытындылары жойылған. Бұл оқиғалардың барлығы қалада орын алды. Аудандарда бірде-бір бұзушылық анықталған жоқ», - деп хабарлады облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Дүйсекенова.


Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысы бойынша ең жоғарғы балл 124 болды. Биылғы жылы өңірде Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру үш ағында өтті. 8 маусым күні кешке оның қорытындысы шығарылды. ҰБТ-2015 сынына облыстың 4000-нан астам түлегі қатысты.

Үш мектеп түлегі 124 баллдан алды, олар: Рахила Тулина (Хромтау ауданы №2 мектеп-гимназиясы), Назкен Үмбетова (Ақтөбе қ. Благодарное ауылдық округінің мектебі) және Айдана Тәңірберген (Алға ауданы Бестамақ мектебі).

«Нәтижелері күткендегідей болды. Жоғары балл алған оқушылар санының арта түскені, оның ішінде ауыл балаларының болғаны ерекше қуантады», - деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының басшысы Жанат Самұратова.

«Алтын белгіге» үміткер 340 түлектің 153-і өз білімдерін растады. Отыз түлекке «Алтын белгіні» алу үшін тек бір баллдан жетпей қалды. 
Шекті межені 741 түлек еңсере алмады, осы жылы түлектердің бірі көрсеткен ең төменгі нәтиже 18 баллды құрады.
Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа баллы 82,68 құрады. 2014 жылы орташа балл - 84 болған еді.


Жамбыл облысы

Жамбыл облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектердің жинаған орташа балы - 78,05, деп хабарлады облыстық білім басқармасынан.

2014-2015 ж.ж. оқу жылының 8 879 түлегінің 6 мыңы (67 пайыз) ҰБТ тапсырды. Өткен жылы тестілеуге 72 пайыз мектеп бітіруші қатысқан.

Биылғы жылы «Алтын белгіге» 235 мектеп бітіруші, ерекше аттестатқа - 68 түлек тілек білдіріп, 65 пайызға жуығы өз білімін дәлелдеп шықты. ҰБТ-ның бірінші күні 370 бітіруші 100 балдан көп алды. 

Тараздағы классикалық қазақ гимназиясының түлегі Гүлназ Ердосова бұл сынақта 125 балл жинады. 

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, ҰБТ-дан халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың қатысушылары ретінде 18 түлек босатылды, соның ішінде 14-і үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептің тәрбиеленушілері. 

Жамбылдық үш түлек ҰБТ-дан өту ережелерін бұзғаны үшін емтиханнан шығарылды. Бұл жағдай Жуалы және Шу аудандарындағы мектептерде орын алды.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

 
0
0
1909

Осы тақырып бойынша

2015 жылғы ҰБТ қорытындысы - Yvision.kz