Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

17-вагон. 17 сағат. 17 сабақ.

Европаның жүрдек пойызына отыра бергенде, қазақтың кең даласын асықпай аралатып, мекеніңе жеткізетін өзіміздің пойызды сағынғанымды түсіндім. Ешқайда асығудың қажеті жоқ, ешкім уақытқа тәуелді емес. Ал бұл пойызда бәріміздің қолымызда смартфон немесе Kindle, үнсіздік жариялағандай тыныштықта отырмыз. Ең бірінші қолымызға алатын іс - Қазақстандағыдай көршілеріңмен танысып, сәлемдесу емес, Wi-Fi-ді қосу. Сапарым басталды, терең ойға батудан басқа ешбір ермек көрмедім бұл жым-жыртта. Көз алдыма "қазақша" пойыздағы көңілді сәттерім жүрдек пойыздың жылдамдығымен жарыса жүгіре жөнелді.

Мен пойызға билет алар сәттен бастап жанымда бір апа (әже) болса деп тілеймін. Айым ылғи да оңынан туғаны ма, соңғы жылдары әжелер жолсерігім болып келеді. Менің Астанаға дейінгі 17 сағатым 17 түрлі оқиға, әңгіме және өмір сабақтарына толы өтеді. Апалардың әңгімесі, бірінші немересі немесе балаларынан басталады. Жолсерігі қыз бала болса, бірден "алтын" немерелері туралы сөз қозғалып, әжелер маркетингті қолға алады :)).

Сөйлегеннен гөрі тыңдағанды ұнататындықтан болар, әжелердің сан қилы әңгімелерінен жалыққан емеспін. Қыз балаға ақыл қосып, өмір өнегесінен көрсін деген ниет болар, бәлкім, әжелер келіндері туралы сөз қозғауды ұмытпайды, байқағаным. Жаманын жасырып, жақсысын асырып, келіндерін мақтағаннан басқа естігенім жоқ. Апалар өмірлік тәжірбиесімен бөлісіп, бүткіл дәуренін баяндағанын тыңдап отырып, сол 17 сағаттың қалай өткенін де білмей қаласың.

Соңғы сапарымдағы жолсерік әжем әңгімені жаңбырдай себелетті жол бойы.Таңғы 8:00, көршілерім ұйықтап жатыр, апаның оянғанын күтіп жаттым. Апа ояна сала, жуынып, бояна жөнелді, мен де бояна бастадым )). Екеуміз таңғы асымызды ішуге кеттік "вагон-асханаға". Әженің әңгімені жіптей ағытқаны соншалықты, әңгіменің қызығына еніп, ақшамызды төлемей кетіп қалыппыз. Бір қызығы, ешкім артымыздан жүгіріп келмеді. 11-вагонға келгенде есімізге түсті: менің емес, апаның :).

Осылай менің жылына 1-2 рет қайталанатын 17 сағаттық өмірім әжелердің әңгімесімен өтіп келеді. Мұхтар Мағауин: "Әлемдегі ең сұлу әйел - қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым",- деп айтқандай, бұл апа - біреуге жар, біреуге ана, ал сізге - керемет жолсерік. Сондықтан, егер әжемен көршілес болып қалсаңыз, қуаныңыз, сізді сапарыңызда сұлу әженің сұлу сабақ-әңгімелері күтіп тұр.

4
0
681

Осы тақырып бойынша