12 қараша күні Астанада халықаралық инновациялық форум өтеді
Қазақстан – жаңа жаһандық инновациялық хаб.
12 қараша күні Астанада осындай салмақты атау берілген халықаралық форум өтеді. Ол Алматыда бастау алатын инновация апталығының ең өзекті шарасы болмақ. Форумда 150 отандық және шетелдік өнертабыс көпшілік назарына ұсынылады.
Ұшқышсыз самғайтын «Сұңқар» аппараты – үлкен әуе кешенінің бір бөлігі. Ал оның авторлары – бірінші курс студенттері. Өнертапқыштар тым жас болғанымен, өнімдері күмән туғызбайды. Өйткені ол әскери жағдайда толыққанды сынақтан өткен.
Данил Дроздов, халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 1-курс студенті:
- Біз, төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары Алматы тауларының үстінде барлау жасаған кезде солардың құрамында болдық. Еліміздің шекарасынан Қырғызстанның заңсыз мигранттарын іздеу операциясына қатыстық. Мұндай тәжірибелер жобамызды дамытып, мүмкіндіктерін арттыруға көмектеседі.
Ұшқышсыз аппарат 5 шақырым биіктікке көтеріліп, 80 шақырымды бағындыра алады. Ішкі жүйесін де жас ғалымдар өздері орнатқан. Жылдамдығы да көңілге қонымды, сағатына – 150 шақырым. Студенттер енді инвестор табылса, құрылғыны өндіріске шығаруға дайынбыз деп отыр. Ал ол мүмкіндікті ТМД мен шалғай мемлекеттердің үздік жобалары қатысатын халықаралық инвестициялық форумда табуға болады.
Санжар Кеттебеков, «Инновациялық технологиялар паркі» Автономді кластерлік қорының бас директоры:
- Трансұлттық компаниялардың көпшілігі стартаптарға жол аша алар еді. Өнертапқыштар, мәселен, қаланың бірқатар проблемасын шешу жолдарын ұсынып отыр. Сондай-ақ олар «ЭКСПО-2017» көрмесіне де қояды.
Орталық Азиядағы ең ірі Инновациялық форумға 40 халықаралық сарапшы, 100 шетелдік венчурлік қор өкілдері мен инвесторлар бар, ұзын саны мыңнан аса қонақ келмек. Ең үздік стартап авторларын 25 мың доллар көлеміндегі қомақты жүлде күтіп тұр.
http://gbpp.org/kz/2015/11/10772
