Энергия тиімділігін арттыратын құрал орнату арқылы кез келген тұрғын үй жылына 4,5 млн теңгеге дейін үнемдей алады. Ресейден келген компания өкілі «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» жанындағы Техникалық кеңесінің отырысында осылай деді.
Осымен үшінші рет өткізіліп отырған жиынға Ресей, Оңтүстік Корея елдерінен құрылыс саласында озық технологиясын ұсынып отырған 10 мекеме қатысты. Жалпы қор жанынан құрылған техникалық қызметтің мақсаты – құрылыс саласындағы инновациялық технологиялар жөнінде ұсыныстар әзірлеу және «Жылжымайтын мүлік қоры» қаржыландыратын объектілерді озық құрылыс материалдарымен жабдықтау.
Мархаббат Балғабай, Инновациялық даму мен қазақстандық өнім департаментінің директоры
-Техникалық кеңес көптеген шетелдік және жергілікті компаниялардың аталған жобада инновациялық технологияларды қолдану жөніндегі ұсыныстарын қарайды. Сондай-ақ осы кеңестің арқасында біз шетелден көптеген инвестицияны елімізге тартамыз. Тек жыл басынан бері 18 жобаны қарап, оның құрылысқа тиімділігін анықтадық. Қазір олар отандық құрылыста кеңінен қолданылып келеді.
