Кино – өнердің бір саласы, киноматографиялық техниканың негізінде қалыптасқан көркем шығармашылықтың бір түрі.
Кинотеатрлардағы лық толы залдар, жаңа жанрдағы кинолардың прокатқа шығуы және көрермен сұранысының көптігі қазіргі қазақ киносының дамуына ықпал ететін тетіктердің бірі.
Кино саласының майталмандары көрермендерін тәнті етуге құмар. Байқасақ, соңғы уақытта отандық киноөнімдерге көрерменнің тұрақты көзқарасы қалыптасқанын аңғарамыз.
Қазіргі кейбір отандық кинолар прокатқа шықпай тұрып тизерімен-ақ көрерменін жинап үлгереді. Сұраныстың арқасында бірнеше отандық комедияның екінші бөлімі де түсірілімін аяқтап, көрерменімен қайта қауышып жатыр. Әлі күнге дейін кинотеатр экранына шыққан қалжыңы көп комедиялардың сейілмей, керісінше көбеюі сұраныстың артқанынан болар, бәлкім. Қазақстанда комедия жанрындағы кинолар әдетте ең көп касса жинайды. Ауқымды қаражат тапқан фильмдердің үштігінде комедия жанрындағы өнім көп. Бір жағынан комедия – прокатқа берілетін ең ұзақ жанр. Мазмұны жағынан ұқсас келсе де, көрерменге бір ойды тастағысы келетін киноөнімдер кинотеатрдағы сеанстардың қатарын ұлғайтып отыр. Мысалы, дәл қазіргі уақытта кинотеатр сеанстарының тізімінде тұрған үздіктер қатарында тұсауы енді ғана кесілген «Біз екеуміз» киносына билет алған көрермен жетерлік.
Үлкен экранға жол тартқанына бір аптадан енді ғана асса да сеанста адам қарасы қалың. Шындығында, кино әлем бойынша ең қиын саланың бірі. Сондықтан да болар кино түсіру көбінісе, ер адамдардың саласы болып есептелінеді. Танымал продюсер, режиссер бәрі - ер адамдар. Десе де Гүлнұр Мамасарипова қазақ кино саласында, біріншіден, мол тәжірибесі бар, ер адамдармен теңдей жобаларды іске асырып жүрген әйел продюсерлердің бірі. Осы ретте, біз танымал продюсермен кино әлемі жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Қазіргі фильмдердің беталысы қалай? Жалпы, отандық киноларда қандай бағыттағы картиналар басым деп ойлайсыз?
– Бүгінде кино саласы алуан түрлі жанрда дамып келеді. Соңғы кездері фильмдердің ішіне, әсіресе драмалар, комедиялар мен триллерлердің арасына аз-аздан хоррор жанрын қосып, жұмыс істеуге тырысып жүргендерді байқадық. Бұл тәжірибе біздің киноиндустрияның өсуі мен дамуы туралы пікір қалыптастырады. Бірақ өсу әдетте, жұмыс барысындағы ауыртпалықтармен қатар жүреді. Біздің көрермендер арасында ең танымал әрі табыс алып келетін ең пайдалы жанр комедия болғандықтан, олардың сұранысқа сай көптігін аңғарамыз.
«Біз екеуміз» фильмі алғаш үлкен экранға шыққанында аздап жүрексіндім. Себебі, мен осы уақытқа дейін тіпті, тұсаукесер жұма, сенбі күндеріне түссе де ағылып келетін көрерменге үйреніп қалыппын. Шыны керек, алғашқы 2-3 күн кассалық көрсеткіш төмендеу болғаны рас. Сөйтсем, жалпы сол кездерде киноға келетін халық саны азайып кетіпті. Енді, бір шеті еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі болып жатқан табиғи апарттардың да әсері болар. Қанша дегенмен, халықта алаңдаушылық басым болды емес пе? Дегенмен, одан кейінгі күндері жағдай тұрақталып, кино жақсы касса алып келіп жатқанына мені қуантты. Киномның көпшіліктің ықыласына ие болғанын билет алуға кезекке тұрған көрермендерден, минут сайын зал лық толы деп келіп жатқан есептерден-ақ көруге болады.
Маған осы фильмді түсіру идеясы келген кезде бірден режиссер Ернар Нұрғалиевқа айттым. Ол бірден қолдады. Осылайша, біз жобаны бастап кеттік.
– "Біз екеуміз" қанша уақытта түсірілді? Жалпы, түсірілім барысында орын алған қызықтар мен қиындықтармен бөліссеңіз.
– Бір айдан аса уақытта түсіріп бітірдік. Бұл жобаның тағдыры қызық болды. Әуелі жазда идея келді. Идеяның негізінде кинотеатр желілерімен келіссөз жүргіздік. Өйткені, менің осы уақытқа дейін қандай жобаны жасасам да сапаға мән беріп, бүкіл жан дүниемді салып жасайтынымды білетіндіктен келісімшарт та оңай жасалды. Ал, жалпы түсірілім қыстың нағыз қақаған суық күндеріне сәйкес келгенін жасырмаймын. Дегенмен, "Құдай бізге қарасты" дер едім, ешқандай форс-мажорсыз, барлық жұмыстың сәті келді.
– Су жаңа туындыңызды халық жанына жақын тұтты. Кейіпкерлері мен олардың кейбір сөздері ел аузынан түспейді. Тіпті, тик-ток желісінде үзінділері тарап кетті. Жалпы, продюсер ретінде бұл киноның ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
- Негізі «Біз екеуміз» жобасының мақсаты - қоғамдағы көптеген түйіткілді мәселелерді көрсету, ой салу. Бұл кинода шынайы өмір көрсетілді. Менің ойымша бұл туындының ерекшелігі шынайылығында. Бәрі өмірдегідей. Жалпы, кез келген адам кинодан өзін көргісі келеді ғой. Бәлкім, кейбір әйел өзі ашық түрде мойындағысы келмеуі мүмкін, дегенмен әрбір әйелдің ішінде бір Сандуғаш өмір сүріп жатыр дер едім.
Шынымды айтсам, мен ешқашан "жарнамаға жасап берші" деп ешқандай да блогердің көмегіне немесе қандай да бір маркетингтік құралдардың қызметіне жүгініп көрмеппін. Әйтпесе, пиардың түр-түрін білемін ғой қолданатын болсам. Бірақ, ондай нәрсе менің табиғатыма жат. Кино саласында 20 жылға жуық уақыт жүрмін ғой. Өзімнің аудиториям қалыптасты. Оның барлығы да, әрине қажырлы еңбек пен сенімнің арқасы. Қандай кино түсірсем де көрермен назарсыз қалдырған емес. Құдайға шүкір, мені үнемі қолдайтын адал оқырмандарым мен жақындарым баршылық. Әрине, әрбір жанашырыма алғысым шексіз!
Кино түсіру – тек ақша табу емес. Бас-аяғы бар, жұп-жұмыр картинаны өмірге әкелу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Өйткені, бұл қызығымен қатар қиындығы да қатар жүретін сала.. Әр туынды шыққан сайын, шабыттанасың, толассыз идея келеді. Себебі, кино - ең алдымен шығармашалық.
– Алдағы уақытқа қойған мақсаттарыңыз қандай? Жалпы, болашақта көпшілікті қандай киноларман қуантпақсыз?
– Әрине, адам болған соң арман, мақсат деген көп қой. Жоспарлар да баршылық. Соның бірі - балаларға арналған кино түсіру. Бұрынырақта бір кісі маған: "Егер ерексектерге арнап кино түсірсең бірді-екілі ғана көрермен келеді, ал егер балаларға арнап фильм түсіретін болсаң, бірден бір оқпен екі қоянды атасың" деген болатын. Ешкім баласын киноға жалғыз жібермейтіні белгілі. Мысалы, бір отбасында 5-6 адам болатын болса, онда сеансқа кемінде 3-4 көрермен бірден келеді деген сөз. Біздің қазақ отбасыларының көбісін көп балалы екенін ескеретін болсақ, бұл шешім ұтымды болмақ. Шыны керек, басында бұл сөзге аса қатты мән бермеген екенмін. Кейіннен ойланып қалдым. Жалпы, болашақта балаларға арналған кино түсіріп жатсам таң қалмаңыздар :)
P.S. Қазір кинотеатрдағы жағдай дәл осындай қарқынмен жалғасатын болса, әр айда екі-үш жаңа отандық картина жарыққа шығады екен. Қысқасы, көрермен сұранысын қанағаттандыратын, талғамға сай жасалған киноның көбірек шыққанын қолдайтындар көбейсін дейміз. Расымын де, жақында көрерменнің санасына жаңа деммен кіріп келген «Біз екеуміз» қазақ киносының жаңа қырын көрсетіп берді. Ендеше, отандық өнімді қолдауға асығайық, ағайын!
Сұқбаттасқан: Назира БУРХАНОВА
#ГүлнұрМамасариповапродюсер
#отандықкино
#ГүлнұрМамасарипова
#Бізекеумізфилімі
#Бізекеумізкиносы
#Бізекеуміз