Жырлайды жүрек
Күйместен құр өмірдің күйігіне
Айналдың қара өлеңнің биігіне
Сен барда тойланбаған туған күнің,
Сен жоқта тойланады жиі міне.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай «Алдаспан» ақындар клубы Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Жырлайды жүрек» атты поэзиялық кешін өткізді. Кешті ақынды еске алып, 1 минуттық үнсіздікпен бастады. Арнайы дайындалған видеосюжет ақынның өміріне арналды.

Ақындар өздерінің арнауларын арнап, өлеңдерін оқыды. Әдеби- сазды кешті Мереке Амантай мен Хәкім Бәкіжан ақынның «Ғашықпын» өленің оқығандары жыр сүйер қауымға ерекше әсер қалдырды. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сенің көзің» әнің Бейбіт Ерасыл орындады. Абзал Қабдраш пен Алтынбек Мақсатхан суырып салма өнерлерін көрсетті.

Екібастұз қаласынан «Аманат» жас ақындар клубының мүшелері кеш меймандары болып, өздерінің жырларын оқыды. Алдаспандықтар «Есіңе мені алғайсың» әнімен кеш шымылдығын жапты.
