ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАУ БІЛІМ САЛАСЫНА ЖАҢА БЕТБҰРЫС
ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАУ БІЛІМ САЛАСЫНА ЖАҢА БЕТБҰРЫС Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламент палаталарының біріккен отырысында Қазақстан Халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында еліміздің стратегиялық бағыты, оның маңызды салаларына жан-жақты тоқталды. Әлемді жайлаған пандемия республикамыздың барлық саласына елеулі әсерін тигізгенін айта келіп, «Біз азаматтарымыздан ештеңені жасырған жоқпыз, індеттен қайтыс болғандардың көрсеткіштері туралы ақпараттарды ашық жарияладық, ащы да болса шындықты айттық. Босаңсу да әлі ерте. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы болжамдары бойынша пандемияны жеңу үшін екі жыл қажет», - деп ашық айтты. Мұның өзі індеттің әлі елімізде жойыла қоймағаны, онымен күресу жалғасын тауып жатқанын көрсетеді. Жолдауда білім беру саласын дамытудың нақты шарасы мен тұжырымдамасын тілге тиек етті. «Мектеп оқушылары мен студенттерді «Білім күнімен» құттықтаймын! Бүгін жаңа оқу жылы басталды. Сіздерге өз күш-жігерлеріңізге, талпыныстарыңызға, еңбектеріңізге сүйене отырып, болашақтағы жетістіктеріңіздің ірге тасын қалау міндеті тұр. Жаңа әлемдегі ең құнды дүние саналатын білімге жол ашатын ұстаздарға табыс тілеймін. Пандемия мектептер мен жоғарғы оқу орындарындағы оқу жылының басталуына кері әсерін тигізді. Бірақ бұл уақытша құбылыс», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Президент Жолдауында білім саласындағы мәселелерді айта келіп, балалар мен жастардың арасында қауіпті індеттің алдын алуға санитарлық нормаларды сақтау керектігін, білім беруді қалыптасқан дәстүрлі қалпына келтіру, оның тәртібін әзірлеу туралы Үкіметке тапсырма берді. Осы орайда «Кеген ауданының білім бөлімі» біршама жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Пандемия жағдайына байланысты жаңа оқу жылында барлық ұстаздар қауымы қашықтықтан оқытудың арнайы курстарынан өтіп, тиімді әдістерін меңгеруде. Мәселен, «Онлайн мектеп» платформасы контенттері де мол. «Онлаин-мектеп» ресурстарында мұғалімге және оқушыға қажетті 800 мыңға жуық оқу материалдары бар. Аудандағы мыңға жуық ұстаздардың оқушылармен онлаин арқылы жүздесіп, білім берулеріне жағдай жасалды. Жолдауда оқу сапасының төмендігі айтылды. «Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету - тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқушылардың әлеуметтік жағдайын жаңартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан, мен тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», - деді Президент. Алда тұрған мақсат ұстаздар қауымы өз білімдерін үнемі көтеріп, білім беруде жауапкершіліктерін арттыра түсетін болады. Жолдауда аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауға, Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын жасауды тапсырды. Осы мәселе жайлы жергілікті әкімдерге түрлі үйірмелер ұйымдастыру, спорт және жазғы лагерьлерге баруға мүмкіндіктер жасау керектігін ескертті. Бұл мәселе жөнінде де ауданымызда біршама жұмыстар жүзеге асырылды. Аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы аналардың балаларын түрлі спорттық үйірмелер мен демалыс лагерьлеріне жіберуді ұйымдастыру дұрыс жолға қойылған. Осы мәселелер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ұстаздар қауымының алдында Жолдауда атап көрсетілген мәселелерді жүзеге асырудағы жаңа міндеттерді айқындап берді. Айқын мақсаттарды жүзеге асыру әр ұстаздың абыройлы міндеті болмақ. Жолдаудан туындайтын бағдарламалар мен тұжырымдарды басшылыққа ала отырып «Кеген ауданының білім бөлімі» мен барлық ұстаздар қауымы творчестволық ізденіп, жемісті еңбек ететін болады. Рысалды Таударбекова, «Кеген ауданының Білім бөлімі» ММ-нің басшысы
