ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІНЕ SCHOLASTIC ASSESSMENT TEST ЖӘНЕ ACT СЕКІЛДІ ДАМЫҒАН ӘДІСТЕМЕЛЕР ТҮРІ ЕНГІЗІЛМЕК
Тест тапсыру кезеңі аяқталып, оқуға түсу сынағына кезек келді. 2017 жылы білім беру саласында айтарлықтай өзгерістер болды. Бұл өзгерістер Ұлттық бірыңғай тестілеу және жоғары оқу орнына қабылдау жүйесін жетілдіруге бағытталған еді:
1. 2017 жылы мектеп бітіргендер үшін ҰБТ екіге бөлінген. Қорытынды аттестация (мектеп бітіру емтиханы) және ҰБТ (жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын емтихан);
2. Ұлттық бірыңғай тест пен кешенді тест қорытындысы бойынша сынақтан өте алмай қалған талапкерлер тестті қайта тапсыра алады.
Біз осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарды қою үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлзат Көбеноваға жолыққан едік.
Гүлзат Ізбасарқызының айтуынша, өткен жылдардағы ҰБТ сынағы қоғамның оған тек жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде ғана қарайтынын көрсеткен. Жыл сайын бұл тестке мектеп бітірушілердің 30 пайызы қатыспайтын. Нәтижесінде Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Қазақстандағы орта білім сапасын анықтау мүмкін емес болып келді.
Сондай-ақ, мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтихандарын біріктіру басқа да мәселелердің туындауына алып келді. Атап айтқанда:
- Ол тест тапсырмаларының мазмұны мен түрін бірдей сапалы етіп жетілдіруге мүмкіндік бермеді;
- ҰБТ оқуға түсу үшін тапсырылатын сынақ болғанына қарамастан, мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына қажет қандай да бір пәндеріне тиісті білімін саралау талаптары ескерілмеді.
Департаменттегілердің пікірінше, Ұлттық бірыңғай тестілеу енді тек жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылады. Бұл талапкерлерге психологиялық тұрғыда жеңіл болады.
- «Жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі талай рет ЖОО ректорлары, Қазақстан ЖОО қауымдастығы, білім беру басқармасы өкілдері, мектеп директорлары, жұмысшы топ мүшелері мен ата-аналар тарапынан көтерілді», — дейді Гүлзат Ізбасарқызы.
Біздің Ұлттық бірыңғай тестілеудің әлемдегі баламалары жайлы айта келе және оны америкалық SAT (Scholastic Assessment Test — Академиялық бағалау тесті) жүйесімен салыстыра келе, Гүлзат Ізбасарқызы ҚР білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы шаралары жоспарының аясында 2016-2019 жылдары оқу орнына қабылдау тәртібі өзгеретінін айтты. Ол бойынша ЖОО қабылдау тәртібіне SAT, ACT (American College Testing) және т.б әдістемелері енгізіледі.
Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі ҰБТ тест тапсырмаларының түрі, құрылымы және мазмұнын SAT әдістемесі бойынша өзгерту жұмыстарымен айналысып келеді. Жаңалықтар кезең-кезеңмен енгізіледі. Мысалы, биыл ҰБТ барысында тұңғыш рет фукнционалды сауаттылыққа бағытталған тест қолданылды. Атап айтқанда: одан әрі оқуға деген қабілетін анықтауға, логикалық ойлау деңгейіне арналған және т.б.
Тапсырмалардың алуан түрлілігі дұрыс жауапты болжалмен белгілеп, оқулықтан тек дұрыс жауаптарды жаттаудың алдын алады. Осының арқасында жоғары оқу орнына түсуді ниет етіп отырған оқушылардың нағыз білім деңгейін анықтау мүмкін болады.
Биыл «Алтын белгі» иегерлері жалпыға бірдей тәртіппен ҰБТ тапсырды. Олар енді грантқа міндетті түрде ие болу құқығынан айырылды. Бұл да көп дау туғызды. Осы жағдайды саралай келе, Гүлзат Ізбасарқызы 2017 жылы ҰБТ екі кезеңге бөлінгенін баса айтып өтті. Оның біріншісі қорытынды аттестация болса (мектеп бітіру емтиханы), екіншісі – ҰБТ (жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын емтихан), «Алтын белгі» иегерлері ҰБТ тапсыру-тапсырмауды өздері шешеді. Алайда, байқау барысында «Алтын белгі» иегерлерінің білім беру гранттарын иелену мүмкіндігі жоғары болады.
Сөз соңында алдағы уақытта жоғары оқу орындарына енгізілмек болып отырған басқа да маңызды өзгерістер туралы ескерткіміз келеді. Ол:
1. «Білім беру туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еркіндігі кеңейеді.
2. Мемлекеттік білім беру тапсырыстарының ұлғаюы: 2017-2018 оқу жылдары жоғары білім және жоғары білімнен кейінгі білім беруге деген мемлекеттік тапсырыстың 10 мыңға ұлғаюы.

