ЖЕҢІС КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл. Айтулы мерекені кең көлемде атап өтуге эпидемиологиялық ахуал тұсау салды. Дегенмен казталовтық майдангерлердің ұрпақтары мен туыстары қастерлі мерекені санитарлық талаптарды сақтай отырып, шағын көлемде атап өтуді жөн көрді.
9 мамыр күні Ұлы Отан соғысының майдангерлері мен тыл ардагерлері аудан орталығындағы «Белгісіз жауынгер», «Жеңіс» саябақтарында отан үшін от кешкен жауынгерлерге тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. Мерекеге орай «Белгісіз жауынгер» және «Жеңіс» саябағы аралығында вело және көлік шеруі ұйымдастырылды. Шараға бірқатар мемлекеттік қызметкерлер мен майдангерлердің ұрпақтары, туыстары, тыл ардагерлері қатысты. Солардың бірі тыл ардагері, майдангер Исламғали Жұмалиевтің қызы Бақытжамал Жұмағалиева. Ол әкесі майданға аттанған уақытта небәрі 8 жаста болған.
-Менің әкем 1942 жылы 2 мамыр күні соғысқа атанып, қайтып оралмады. 1943 жылы қара қағаз келді. Мен ол кезде 8 жаста едім. Тылда бұзау бағып майданға үлесімізді қостық. Жыл сайын Ұлы Жеңіс күнінде, отбасылық мереке күндері де әкемізге тағзым етіп, «Белгісіз жауынгер» ескерткішіне гүл шоқтарын қоямыз. Отан үшін от кешкен әкеміз бен өзге де жауынгерлердің ерлігі мәңгі жадымызда, - дейді батырдың ұрпағы.
Батыр ана, тыл ардагері Бақытжамал Жұмағалиева секілді өзге де батырлардың ұрпақтары мен туыстары естеліктерімен бөлісті. Шара барысында майдангерлерді үнсіздікпен еске алып, суық қарудың суық үні естілді. Салтанатты шараны С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары соғыс туралы әндерімен әрледі.



