Жауапты таңдау білімнен басталады
Қауіпсіз қарым-қатынасты қалай қалыптастырып, өз құқықтарын қалай қорғауға болады? Осы және басқа да өзекті мәселелер 18–20 қараша күндері Атырау облысы, Құлсары қаласындағы Темірхан Байсырымов атындағы гуманитарлық-техникалық колледж студенттеріне арналған «Денсаулық және қауіпсіздік» атты кешенді тренинг барысында талқыланды.
Оқытуға колледждің 30 белсенді студенті қатысты. Тренинг Қазақстанның жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығы (ҚЖРДҚ) жүзеге асыратын, «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылған «Жауапты шешімдер мектебі» әлеуметтік жобасы аясында өткізілді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру және өз бетінше саналы әрі дұрыс шешім қабылдауға қажетті өмірлік дағдыларын дамыту. Тренингбарысында физикалық, психологиялық және әлеуметтік саулық, аурулардың алдын алу, жеке қауіпсіздік және қоршаған ортамен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнату мәселелеріне басымдық берілді.
Сабақ барысында студенттер денсаулықты сақтау мен нығайтудың негізгі қағидаларымен танысып, темекі шегудің, алкогольдік ішімдіктердің, есірткілік және уытты заттардың адам ағзасына тигізетін кері әсерін, сондай-ақ тәуелділіктің әртүрлі түрлерінің қалыптасу ерекшеліктерін талқылады.
Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанудың және денсаулыққа қауіп төндіретін факторлардың алдын алудың маңыздылығы жеке қарастырылды.
Бағдарламаның едәуір бөлігі жыныстық және репродуктивтік денсаулық мәселелеріне арналды. Қатысушылар жасөспірімдік кезеңдегі жыныстық жетілу ерекшеліктері мен жеке гигиена талаптарын зерделеді. Репродуктивтік құқықтар, контрацепцияның заманауи әдістері, отбасын жоспарлау, сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, соның ішінде АИТВ инфекциясының алдын алу және олардың адам денсаулығына тигізетін ықтимал зардаптары туралы ақпарат алды.
Оқыту бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты әлеуметтік қарым-қатынас пен қауіпсіздік мәселелерін қамтыды. Студенттер гендерлік рөлдер мен теңдік, отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, ерте некенің салдары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар отбасындағы және білім беру ұйымдарындағы зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше назар аударылды. Оның негізгі түрлері, салдары, зорлық-зомбылық белгілерін анықтау жолдары және оған қарсы әрекет ету мүмкіндіктері талқыланды.
Тренинг интерактивті форматта ұйымдастырылды. Топтық жұмыстар, пікірталастар, рөлдік ойындар мен практикалық жаттығулар қатысушыларға өмірлік жағдаяттарды талдауға, өз көзқарасын дәлелді түрде жеткізуге, жеке шекараны құрметтеуге және мәселелерді сындарлы жолмен шешуге үйренуге мүмкіндік берді. Мұндай тәсіл теориялық білімді меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті өмірде тиімді қолдануға ықпал етеді.
«Бүгінгі таңда жасөспірімдер үшін білімді меңгеру ғана емес, оны өмірде дұрыс қолдана білу де аса маңызды. Тренинг барысында жастар талқылауларға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, түрлі өмірлік жағдаяттардың шешімін іздеді. Мұндай оқыту форматы олардың өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға көмектеседі», – деп атап өтті акушер-гинеколог дәрігер, ҚЖРДҚ вице-президенті, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, ЮНФПА ұлттық тренері Мира Сауранбаева.
Студенттер тренинг барысында алған білімдерін күнделікті өмірде және болашақ кәсіби қызметінде пайдалана алады. Сонымен қатар сенімді әрі ғылыми негізделген ақпаратты құрдастарына жеткізіп, жастар арасында дұрыс ақпараттың таралуына өз үлестерін қоса алады.
«Жауапты шешімдер мектебі» жобасы жасөспірімдер мен жастардың өмірлік дағдыларын дамытуға, физикалық және психологиялық денсаулығын нығайтуға, репродуктивтік денсаулығын сақтауға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Осындай білім беру бастамалары жастардың өзін-өзі жақсырақ тануына, өз әрекеттерінің салдарын түсінуіне және бүгінгі мен болашақ өміріне әсер ететін жауапты шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.