ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ
«Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Ұлытау облысы филиалының төрайымы Нұргүл Талғатбекова бастаған бір топ белсенді үгіт-насихат науқанына білек сыбана кірісті. Бүгінде жастар «Сенің дауысың – маңызды», «Өз таңдауыңды жаса» атты акцияларына үн қосып, облыс жастарын алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдауға үндеуде.
«Жастар Рухы» жастар қанатына мүшелік ететін жүзден аса жезқазғандық жас барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жатқанын айтпай кетпес болмас. Қала көшелерінде ақпараттық жадынама орналастырып, тұрғындарға таратумен қатар әлеуметтік желілерді де оңтайлы пайдалануда. Олар «Инстаграм» мен «Фейсбук» желілерінде ұйымдастырған түрлі челлендждер мен акциялар жастардың қолдауын тауып, көп қаралымға ие болуда. Қазақстанды жарқын болашаққа бастап қана қоймай әділетті қоғам құруды мақсат еткен Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдап, бастамаларын өміршең етуге үлес қосуға шақырған кездесудің бірі Жезқазған көлік және бизнес колледжінде өтті.
Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Светлана Жумкина төрағалық еткен жиында қазақстандықтардың әл-ауқатын аттыруды көздейтін ҚР Президентігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырылып, жастарды қолдауға бағытталған шаралар тілге тиек етілді.
–Бүгіннің өзінде сайлауалды бағдарламада қаузалған қолдаулардың бірқатары жүзеге асып та жатыр. Биыл студенттердің шәкіртақысы магистранттар мен докторанттардың стипендиясын еселеп артып, жоғары білім алу үшін гранттар көптеп бөлінуде. «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» бағдарламалары жастарға екі қолға бір күрек табуға септессе, «Жас отбасы», «Нұрлы жол», «7-20-25» тұрғын-үй бағдарламалары төменгі пайызбен басыбайлы баспаналы болуға мүмкіндік беруде. Аталған қолдау шараларының аясын кеңіту – Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған басты міндеттерінің бірі. Жастары жайрандаған Әділетті Қазақстан ақиқатқа айналуы үшін қазақстандықтар алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлын таңдауы қажет, – деген Светлана Серікбайқызының пікіріне ой қосқан жастар Тоқаевпен бірге мықты мемлекеттің іргетасын қалап, тұтқасын ұстауға ниетті екендерін ашық айтты.
#Toqayev2022
