Жастар дресс-коды жайында...
Қазіргі кезде әртүрлі брендтер, стильдер, тенденциялар, дизайндар өте көп. Ал жастар сәнді заттарды қатты бағалайды. Мысалға студенттерді алсақ, ұнатып қалған киіміне 3-4 айлап шәкіртақысын жинап, «соңғы үлгідегі» көйлек үшін ішкен асын жерге қоюы да әбден мүмкін. Алайда, аз ғана қаражатқа ыңғайлы әрі жарасымды киінетіндер де аз емес.
Әр іс-шараның, мекеменің, мерекенің өз дресс-коды болады. Мәселен, оқу орындарында студенттер классикалық үлгіде киінсе, мерекеде әдемі көйлек пен түрлі әшекей тағады. Меніңше, бұл бәріне түсінікті ереже. Дресс-кодты сақтау – мәдениетті сақтаумен тең.
Дегенмен, кей жерлерде ережені сақтанбайтындарды да көре аламыз. Қысқа белдемше, кіндік ашулы күртелер киетін қыздар көшені қаптап кетті. Бұрында шашын тек жесірлер жайса, қазірде жас қыздардың жартысынан көбі жаяды. Ер балалар құлаққа сырға тағып, шаштарын түрлі түске бояйды. Иә, заман да, адам да өзгерді. Батысқа еліктеу трендке айналғандай.
Жастар киімді даралықты білдіретін құрал ретінде қолданады. Дресс-кодты сақтанбаған адам ақылды емес дегенді білдірмейді. Орыс халқында «Встречают по одежке, а провожают по уму» деген мағыналы мақал бар. Расымен, назар, ең алдымен, адамның үстіндегі киіміне түседі. Ұнауы да, ұнамауы да мүмкін. Алайда, адаммен сөйлескеннен кейін ол туралы ойымыз түбегейлі өзгеруі мүмкін. Сол себепті, киіміне қарап, бірден шешім шығаруға болмайды.
Ең әуелі, адам өз ыңғайын ойлауы тиіс. Денсаулығына, жүріс-тұрысына, физикалық және психологиялық тұрғыдан барынша ыңғайлы киім кигені абзал. «Киімім қалай тұр екен?», «Адамдар маған неге тесіліп қарайды?», «Киімім денеме батып жатыр, алайда мен шыдауым керек, себебі көйлегім – әдемі» деп бәріміз де өмірде кем дегенде бір рет ойладық. Қоршаған ортаның әсемділігінен әсер алудың орнына, өз әдемілігімізді көбірек ойлаймыз. Бұл – қате емес, әдему болу – қылмыс емес. Бірақ, әр нәрсенің өз шегі болады. Соны ұмытпаған жөн.
Ал дресс-кодты сақтау – бұл мәдениеттің белгісі. Өзіне ұнаған киім мен мекемеге сай киімді ұштастыра алған адам нағыз құрметке лайық. Себебі, ол өз қамын ғана ойлап қоймай, өзгенің де талабын жерге тастамады. Ал бұл – үлкен жауапкершіліктің көрінісі.
