ЖАСТАР – БОЛАШАҚТЫҢ ТІРЕГІ.«NUR OTAN»-ДЫҚТАР ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
ЖАСТАР – БОЛАШАҚТЫҢ ТІРЕГІ.
«NUR OTAN»-ДЫҚТАР ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
«Nur Otan» партиясы Мақтаарал аудандық сайлауалды штабының жүйелік кестесіне сәйкес бүгін аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер Тұрғанай Кунбаева мен Ақмарал Телходжаева, Жомарт Датқаев, аудандық сайлауалды штаб төрағасы Досым Асабаев пен штаб мүшесі Меруерт Даубаева Бірлік ауылдық округінің жастарымен кездесті.
Кандидаттар жастармен өткен жүздесу барысында партия бекіткен басымдықтар негізінде жасалған «Nur Otan» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының өңірлік сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Бастамашыл, жаңашыл, білім мен ғылымға қаныққан ойы жүйрік, отаншыл азаматтармен қатарын толықтырып отыратын партия тарапынан жастарды қолдауға жасалып жатқан қамқорлықтар мен мемлекеттік бағдарламаларға тоқталған кандидаттар алдағы науқанда белсенділік танытып, «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.
Сонымен қатар, кездесу барысында жастар тарапынан қолжетімді баспана, көпбалалы аналарға әлеуметтік жәрдемақы, кәсіпкерлік бастамаларға негізделген төмен пайызды несие алу жолдары жайлы сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Кездесуде көтерілген мәселелер мен қойылған сұрақтарға қатысты жауаптар беріліп, құқықтық кеңестер көрсетілді.
